El іshі

Ең үздік оқырман анықталды

Аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің «Білім» орталығында кітапты жанына серік еткен жан-жақты, білімді жастар жиналып, «Ең үздік оқырман» байқауында бақ сынасты. Байқауды аудандық орталық кітапхананың кітапханашылары Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы аясында ұйымдастырды.

Байқаудың мақсаты – оқырмандарды елімізде гуманитарлық білімнің барлық бағыттары бойынша әлемдегі ең үздік деген университет оқулықтары қазақ тіліне аударылып, заман талабына сай білім алуына септігі тиетінін ұғындыру, бәсекеге қабілетті етіп тәрбиелеу. Аталған жобаны ауыл тұрғындары арасында насихаттау, кітап пен кітап оқудың имиджін арттыру, қазіргі жастар бойында кітап оқуға деген қызығушылықты ояту, үздік оқырманды анықтап, жастарды ынталандыру.
Сонымен қатар, байқауды ұйымдастырушылар жастардың оқуына тиіс «100 жаңа оқулық» жобасының қазақ тіліне аударылған 88 кітапты насихаттау мен таратуды көздеді.
Шара барысында қатысушылардың тыңғылықты дайындығынан ұйымдастырушылар бұл мақсаттарына да жетті десек те болады. Өйткені, байқауға тек оқушылар ғана емес, студенттер де қатысты.
Үш кезеңнен тұратын байқауға 12 үміткер қатысты. Сайыстың «Әр оқырман – бір әлем» атты бірінші кезеңінде қатысушылар өздерін бейнебаян арқылы таныстырды. Бұл кезеңде әр қатысушы ерекшеленіп, ізденімпаздылығын, жан-жақтылығын танытты. Оның ішінде Теріс және Бақалы ауылдық кітапханасының оқырмандары Аружан Иланбай және Нұрай Жазықбекова мағыналы бейнеролигімен және бірнеше тілде өзін таныстырумен дараланды.
Сонымен бірге, аудандық орталық кітапхананың және Нұрлыкент ауылдық кітапханасының оқырмандары Айгерім Сатыбалды мен Айдана Төртқұлбаева ана тілге деген жанашырлығын көрсетті. Ақтөбе ауылдық кітапханасының оқырманы Бифатима Лесбек жастардың кітап оқуға деген қызығушылығының төмендігін алға тартты.
Ал, «100 жаңа оқулық» атты екінші кезеңде үміткерлер бейнеролик әзірлеп, жоба аясында қазақ тіліне аударылған оқулықтарды таныстырды. Бұл бөлімде оқырмандар тек кітаптарды таныстырып қана қоймай, өзіндік пікірлерін, көзқарастарын ортаға салды.
Байқаудың үшінші «Әлем маржандары қазақ тілінде» кезеңінде оқырмандар жоба аясында аударылған екі оқулыққа талдау жасап, сол оқулықтардың авторларына, оқулықтардың маңыздылығына тоқталып, негізгі мазмұны жайлы әңгімелеп берді. Оқырманға өз қалауындағы кез келген оқулыққа талдау жасауға ерік берілді. Аталған кезеңде оқырмандар шетел әдебиетіндегі оқытушылар мен студенттерге керекті түрлі саладағы аударылған кітаптарға шолу жасады. Әрқайсысы оқыған кітаптарының адамға берері, пайдасы жайында кеңінен әңгімеледі. Кейбірі бейнеролик жасау арқылы да оқулықтарды көрерменге таныстырды. Бұл кезеңде көпшілікті өзіне қаратып, сөйлеу мәнерімен, сөз саптауымен көзге түскен қатысушылар да болды.
Нәтижесінде Бас жүлдені аудандық орталық кітапхананың оқырманы Айгерім Сатыбалды жеңіп алса, І орын Теріс ауылдық кітапханасының оқырманы Аружан Иланбайға бұйырды. Ал, ІІ орынды Кәріқорған ауылдық кітапханасының оқырманы Албина Пернебек иеленді. Жүлделі ІІІ орынды Ақтөбе ауылдық кітапханасының оқырманы Бифатима Лесбек пен Нұрлыкент ауылдық кітапханасының оқырманы Айдана Төртқұлбаева өзара бөлісті. Сонымен бірге, байқауға қатысқан үміткерлер Алғысхатпен марапатталды.
Күрделі әрі маңызды тақырыпта ұйымдастырылған байқауға білімді, сөз саптауы мен сөйлеу мәнерін қалыптастырған жастар жиналды. Жастардың көзқарасы, ой-пікірлері де өзгеше. Тілге деген құрметі жоғары. Кітапқа деген қызығушылығы олардың кітапты талдауынан, оның маңыздылығын көпшілікке жеткізе алуынан көрініп тұрды. Сондай-ақ, олар бейнеролик әзірлеуде де өздерінің қиялы ұшқыр, іденімпаз жастар екенін танытты. Бұл байқаудан әр қатысушы әр көрермен өзіне рухани азық алды деп сенемін. Себебі, 12 қатысушының пікірі, көзқарасы, білімі ортаға салынды. Олардың таныстырған оқулықтарын сол жерде отырған жан осы кітапты оқу керек екен деген ой да болды. Тек қазақ әдебиетімен шектелмей, өзіңді дамыту үшін әлем әдебиеттеріне көз салып, оқу қажеттігін түсінді. Міне, осындай тағылымды шарада жастардың білімділігін, еңбегін көріп, болашақ білімді жастардың қолында екендігіне көзіміз жеткендей болды.

Айгүл ҚАЛЫМХАНҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close