El іshі
Отбасы құндылықтары үйлесім тапқан
Көпбалалы отбасы – қоғам байлығы. Ондағы өзара сыйластық пен бірлік әрбір отбасының бақытты ғұмыр кешуінің кепілі. Билікөл ауылдық округі Қарабастау ауылында тұратын Шабалиевтер отбасы да осындай адами жоғары құндылықтарды бағалайтын жандар.
Бұл отбасының отағасы Нариман Шабалиев қарапайым, әрі елгезек жан. Оның ауыл тұрғындарына деген жанашырлығы, туған жерге деген сүйіспеншілігі туралы газетіміздің аға тілшісі, журналист Абылайхан Сәрсен «Шалғай ауылды орталықпен жалғаған…» атты мақаласында жан-жақты жазған болатын. Сондықтан бүгінгі мақалада Шабалиевтер жанұясының отбасылық құндылықтары, өмірлік ұстанымдары жөнінде қалам тартпақпыз.
Ауылдық округке жасаған іссапар барысында біз бұл отбасының отанасы Маржан Лұқмановамен әңгімелестік. Біз барған кезде Нариман ата ұлының жанында жеке кәсіпкерлігіне бас-көз болып жүр екен. Балалары ауылдың тыныс-тіршілігіне бейімделіп, күнделікті тіршіліктің қамымен еңбек етуде.
Әйел үшін ең бірінші ер азаматы қашанда биік тұрады емес пе?! Мұндай қасиетті отанасы Маржан апаның бойынан бірден аңғардық. Себебі, ол өз сөзінде отағасының ерекше қасиеттерін айтып, қарапайымдылығын алға тартты. Отағасының қоғамның, елдің азаматы екенін мақтанышпен жеткізді.
-Біздің отағасы жайында өткен жылы қыркүйек айында аудандық газеттің журналисі кең көлемді мақала жазған болатын. Биыл да біздің отбасының ерекшелігін ескеріп, ұсынған ауыл әкімшілігіне алғысымыз шексіз. Отағасының жасы 70-тен асса да әлі темір тұлпарын тізгіндеп, аудан мен ауыл ортасында тұрғындарды тасымалдаумен жүреді. Ол өзінің бұл ісін сауапты деп санап, сүйікті жұмысын тастағысы келмейді. Қайта ел арасында жүрсе, өзін жақсы сезінеді.
Өзім саналы ғұмырымды бала тәрбиесіне арнап, шәкірттерге білім берген ардагер ұстазбын. Осындағы Қарымбай Қошмамбетов атындағы орта мектепте ұзақ жылдар орыс тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі болып еңбек еттім. Бүгінде зейнет демалысындамын.
Нариман екеуміз 1977 жылы отау көтергенбіз. Нариман екеуміздің ата-бабаларымыз бір жерден осында жер аударылып келген. Соны ескеріп, ауылдағы тума-туыс, әулеттің үлкендері екеумізді табыстырып қосты. Үлкен кісілердің ақылын тыңдап, отау құрдық. Міне, ақ батаның арқасында өсіп-өніп отырған жайымыз бар.
Бұл әулетке келін болып түскенімде енем 58 жаста болатын. Жолдасым жеті ағайынды, оның ішіндегі жалғыз ұл. Енеммен бірге бір шаңырақтың астында тату-тәтті тұрып, ол кісінің жақсы тәрбиесін алдым. Көненің көзі деп отбасы құндылықтарын, қазақтың салт-дәстүрлерін үйрендім. Анамыз ортамызда әрдайым ақылшымыз болып отыратын. Сауатты, білімді, мақал-мәтелдерді көп білетін жан еді. Мақалдап, көркемдеп сөйлегенді ұнататын. Сондай қасиетімен ауылға және отбасына сыйлы адам болды. Қаншама жыл ер азаматтармен бірге иық тіресіп, құрылыста еңбек етті. Менің аталарым да үздік құрылысшылар болған, – дейді Маржан апа.
Көпті көрген, өсіп-өнген Шабалиевтер жанұясында тоғыз қыз, бір ұл дүниеге келген. Қазіргі таңда ұл-қыздары бір-бір шаңырақтың тұтқасын берік ұстап, мамандық иесі атанып отыр. Ұлдары Темірхан ұлттық қолөнерді меңгерген. Оның қолынан қазақтың тұрмыстық бұйымдары, яғни астау, ожау тағы да басқа заттар жасау келеді. Бос уақытында осы қызығушылығымен талай жақсы дүние жасаған. Ал, соңғы кездері отбасының қамын ойлап, жеке кәсіпкерлікке бет бұрған. Қазіргі таңда ол ауылдан көлік жөндеу орталығын ашып, тұрғындарға қызмет көрсетуде.
«Қыз – өрісің, қыз – қонақ» деп қазақ халқы қызға төрден орын беріп, сыйластық танытады. Нариман ата мен Маржан апаның да өрісін тоғыз қызы кеңейтіп, шаттық пен қуанышқа бөлеуде. Үлкен қыздары Гүлнар Алматыда косметолог, Ғания Таразда №48 орта мектепте сызу пәнінің мұғалімі, Ұлжан жеке кәсіпкер, Назым Жамбыл политехникалық колледжінде дене шынықтыру пәнінің мұғалімі, кикбоксер. Ал, Айсұлу Тараз қаласында кондитерлік цехта аспаз болса, Айгерім Нұр-Сұлтан қаласында программист, Еңлік пен Ақжайық педагог, сүт кенжелері Ақжан студент, дизайнерлік мамандықта оқуда. Бүгінде ауылға сыйлы ардагерлер ұл-қыздарынан 26 немере, бір шөбере сүйіп отырған жайы бар.
-Отбасы құндылықтырына, ұлттық тәрбиеге, салт-санаға өте қатты мән беремін. Әсіресе, қасиетті қара шаңырақтың құдіреттілігіне, оның киесіне бей-жай қарамаймын. Жолдасым атадан жалғыз ұл болған соң, біз де қара шаңырағымыздың түтінін түзу ұшырып, түтетіп отырмыз. Енді біздің шаңырағымызды ұлымыз бен келініміз өшірмей, қайта өсіп-өнуін тілейміз.
Өз балаларымды, шәкірттерімді мейірімді, қайырымды, түзу ниетті, көпшіл болуға үйреттім. Мектептегі оқушыларыма бірінші кезекте адам, екінші жеке тұлға ретінде қарадым. Олардың бойында адамгершілік қасиеті жоғары болса, соны бағаладым. Содан кейін барып, оқушы ретінде ілім-білімді үйреттім. Егер адам болса, адами қасиеттерге бойы тұнық болса, онда ұстаз ретінде сыйластық таныттым.
Жүрегінде иманы бар адам ешқашан жаман болмайды. Балаларымызға ең бірінші имандылық қасиеттерін үйретіп, еңбекқорлыққа баулыдық. Жалған сөйлемеуге, біреудің ала жібін аттамауға, тура жолда жүруді насихаттаған болатынбыз. Ұлттық салт-дәстүрімізбен, ұлттық тәрбиемен сусындатып, жақсы адам болуға талпындырдық. Туған жерін сүюге, ата-ананы қастерлеуге баулыдық. Шүкір, үмітіміз ақталып, ұл-қыздарымыздың қызығын көріп отырмыз. Ата-ана үшін бұдан асқан бақыт бар ма бұл дүниеде, – деді өз сөзінде Маржан апа.
Бір-бірімен үйлесім тапқан Нариман ата мен Маржан апаның ең басты ұстанымы отбасы құндылықтары мен имандылық. Отағасы қариялығын, адамгершілігін көрсетіп, ауылға жанашыр азаматтың бірі болса, отанасы білімді әрі тарихқа аса мән беретін батыр ана. Міне, осындай ерлі-зайыптылардың өзара сыйластығы жарасым тапқан әулетте бақыттың лебі есіп, бірлік пен ынтымақтың жарқын көрінісі анық көрінеді.
Айгүл Қалымханқызы, «Жаңа өмір»