El іshі

Людмила Барашкова: «Қазақ келіні атанып, ұрпағын өсірген тағдырыма ризамын»

 

Өзін «аудандық орталық емхананың тазалықшысы Людмила Барашковамын» деп таныстырған Людмила көршілес Түркістан облысы, Бәйдібек ауданының тумасы болып шықты. Жастық шағы сондағы қазақ-орысы аралас Глинково (қазіргі Ақбастау) ауылында өтіпті. Әкесі Евгений мен шешесі Лида қарапайым еңбек адамдары болған. Отбасында Людмиламен тетелес сіңілісі Лариса екеуі тәрбиеленген.

Өткен ғасырдың 70-80-жылдары қазақ өнері мен мәдениеті кеңге құлаш сермегені белгілі. Оңтүстікте айтыс өнері жанданып, жұрттың рухани азығына айналған халық әндері мен термелер теледидардан, радиодан тынбай беріліп жатты. Бұл жергілікті жерлердегі қазақтармен ауылы аралас, қойы қоралас қонған орыс ұлтының өкілдеріне де ықпалын тигізбей қоймады.

Осы тұста оңтүстіктің келіні, орыс қызы Надежда Лушникова мен Сыр бойынан шыққан ақын Манап Көкеновтің айтысы, қазақ келіндері үш Татьянаның шырқаған қазақ әндері, «вальс королі» атанған Шәмші Қалдаяқовтың әндері ел арасына кеңінен тарап кеткен. Мұның бәрі жастайынан қазақы ортада өсіп, көшедегі қазақ қыз-балалармен құлын-тайдай тебісіп өскен Людмилаға да әсер етпей қоймады. Жүрегіне жақын әуендерді құлағына құя берген ол бертін келе орыстың халық әндерімен қатар, қазақтың халық әндерін де жаттап, ауызекі айтатын дәрежеге жетті. Шеберлігін шыңдай келе, халық әндері «Әридаш-ау», «Қарағым-ай» және басқаларды, Шәмшінің әндерін сүйіп орындайтын болды.

Мектеп бітіргеннен кейін кеңшарда құрылған комсомол жастар бригадасында сауыншы болып жұмыс істей жүріп, көркемөнерпаздар үйірмесіне қатысып, ән шырқап, ауылдың жұмысшы жастарының кешінің көңілді өтуіне үлес қосты. Осындай кештердің бірінде Людмила көршілес, әке-шешесі өндірісте бірге жұмыс істейтін Сапар есімді қазақ жігітімен көңіл жарастырып, қазақ отбасына келін болып түседі.

Сапар сол аудандағы Михайловка (қазіргі Ақтас) ауылында туып-өскен, әке-шешесі жұмыс бабымен Глинковоға қоныс аударған еді. Отбасында үйелмелі-сүйелмелі сегіз ұл-қыз бар-ды. Бұрыннан көңілі жақын екі отбасының сыйластығы арта түседі. Людмила атасы Сатыбек пен енесі Күлбардың сүйкімді келініне айналды. Әсіресе, енесі Күлбардан көп нәрсе үйренді. Қазақы салт-дәстүрлер, соның ішінде қонақ күту, ата-енені, күйеуінің бауырларын сыйлау және тағы басқаларды жадына тоқи берді.

1987 жылы сыйластығы жарасқан жас отбасы Жуалы ауданына қоныс аударады. Отағасы Сапар «Межколхозстрой» мекемесіне тас қалаушы, ал Людмила Шыңғазы Үлеков атындағы жүн иіру фабрикасында жүн иіруші болып жұмысқа орналасады. Мұнда келген соң да ол қоғамдық жұмыстарын тастамайды. Цехтың комсомол, кейіннен партия ұйымының белсенді мүшесі болып, қоғамдық жұмыстардың бел ортасынан табылып жүрді. Алайда, Кеңес Одағының ыдырағаннан кейін жүн иіру фабрикасының жұмысы тоқырауға ұшырап, көп ұзамай қызметін тоқтатты.

Сапар мен Людмила осы тұста аудандық орталық ауруханаға бірі сантехник, бірі тазалықшы болып жұмысқа орналасады. Людмила содан бері ұзақ жылдар осы мекемеде табан аудармастан жұмыс істеп келеді. Ал Сапар біраз жылдан бері Нұрлыкент ауылындағы «Нұрлы солар» күн электр станциясында күзетші болып жұмыс істейді.

Людмила Барашкова қазақ тілін жетік білетінінің арқасында 2000-шы жылдардың басында өзге ұлт өкілдері арасында өтетін «Мемлекеттік тіл – менің тілім», көркемсөз оқу шеберлерінің аудандық байқауларына қатысып, жүлделі орындарды иеленіп жүрді. Сіңлісі Лариса да Оңтүстік Қазақстан облыстық тіл байқауларында бас жүлдені жеңіп алып, республикалық кезеңге жолдаманы иеленді.

Сыйластығы мен береке-бірлігі жарасқан Сапар мен Людмиланың шаңырағында Нұрлан есімді бір ұл, Анара, Гүлнар есімді екі қыз дүниеге келіп, өсіп-жетілді. Өкінішке орай, Гүлнардың өмірі қысқа болып, тұрмыс құрып, екі балалы болғанда дүниеден озды.

Шуақты шаңырақ иелері қазір ұл-қыздарынан тоғыз немере сүйіп отыр. Бауыржан Момышұлы ауылында ұлы Нұрлан мен келіні Ажармен бірге тұрады. Ұл-қыздары мен немерелерінің бәрі қазақы тәлім-тәрбие мен білім алған.

Людмила Евгенийқызы бізбен қоштасарда қазақ келіні атанып, ұрпағын өсірген тағдырына шексіз риза екенін айтты. «Біздің жас кезімізде аралас неке құрған отбасылардың балалары орыс тілінде оқып, сол тілде тәрбие алып, қазаққа жатбауыр болып кетеді» деген түсінік бар еді. Ал, мен ұл-қыздарымның тіл білуіне ешқандай кедергі жасаған жоқпын. Керісінше, өзім жетік білетін болғандықтан, олардың да өз ұлтының тілін, дәстүрін білуіне қолдан келген көмегімді аяғам жоқ» дейді Людмила ағынан жарылып.

Біз де осындай қазақ тілі мен салт-дәстүрді барынша сақтап жүрген отбасылардың көбірек болуына тілектеспіз.

Абылайхан сәрсен,

 «Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close