El іshі

Білім беру – жауапкершілігі мол міндет

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев “Халық бірлігі және жүйелі реформалар – елдің өркендеуінің берік негізі” атты Қазақстан халқына Жолдауында отандық білім мен ғылымның алдында ауқымды міндеттер тұрғанын атап өтті. Құзырлы мемлекеттік органдарға сапалы білім беруді қамтамасыз ету бойынша бірқатар жүйелі шараларды белгілеп берді.

Президент Жолдауы – уақыт талабына сай жауап беретін маңызды құжат. Сондықтан оның әр бөліміндегі көтерілген мәселелер мен тапсырмалар ұлт ертеңі үшін атқарылатын нақты жол. Сондықтан Мемлекет басшысының Жолдауындағы сапалы білім беру қағидаты әр уақытта маңыздан түспейтін жауапкершілігі мол міндет.
Басты құжаттан туындаған міндеттер мен мақсаттарды орындауға ауданымыздағы №2 Мыңбұлақ орта мектебінің ұжымы күш салуда. Қасиетті қара шаңырақ саналатын білім ошағын бүгінде білікті маман Нарбек Қожагелдин басқарып келеді. Мұнда 66 мұғалім ауыл балаларын білім нәрімен сусындатуда. Педагогтардың барлығы дерлік жоғары білімді. Олардың ішінде төрт бірінші санатты, үш сарапшы, бір екінші санатты, жеті модератор, 23 зерттеуші, үш жоғары санатты, бес педагог шебер мұғалім бар. 20 ұстаздың әзірше санаты жоқ. Ардагер ұстаздардың ізін бес жас маман жалғастыруда. 45 кіші қызметкер білім ошағында жұмыс істеуде.
Орта мектептен 394 оқушы білім алуда. Одан бөлек, 32 бала мектепалды даярлық тобында оқиды. Тоғыз мүмкіндігі шектеулі бала үйден оқытылуда. Биылғы оқу жылында мектепті 26 оқушы бітіргелі тұр. Өткен жылы мектептің білім сапасы 70 проценті құраған.
Мемлекет басшысының “Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі” атты Жолдауында мұғалімдердің жалақысын 25 пайызға көтеру туралы тапсырма берілді. Басты құжаттан туындаған міндеттер негізінде білім ошағындағы ұстаздардың айлығы үстіміздегі жылдың 1 қаңтарынан бастап 25 пайызға көтерілген. Әр мұғалім аттестациядан өтіп, санатына байланысты 30-70 пайыз аралығында үстемақы алуда. Ал, мектеп директоры да мекеме басшысы ретінде тестілеуден өтіп, 100 пайыз үстемақыға ие болуда. Сонымен қатар, жас мамандарға тәлімгерлер бекітіліп, бір жыл бойы ұстаздықтың қыр-сырын үйреткені үшін ақы төленуде.
Білім саласында пандемияның салдарынан өзгерістер орын алды. Балалар қашықтан білім алып, ұстаздар жаңашылдықты меңгерді. Дегенмен пандемия білім сапасының төмендеуіне едәуір әсер етті. Жүйелі жұмыстар мен білім беру процесін тоқтатпауды талап етті. Осы ретте, Мыңбұлақ орта мектебінде оқушылардың оқу процесін жалғастыру үшін сұранысқа байланысты жалпы 70 балаға компьютер, планшет, ноутбуктер берілген.
Пандемиядан кейін білім ошағында оқушылар дәстүрлі форматтағы оқу жүйесіне оралды. Мұндағы басты талап – санитарлық талаптарды сақтау. Мектепте санитарлық талаптарға сай шаралар қабылданған. Білім ошағында мұғалімдер 100 пайыз вакцина қабылдап, “Ашық” жүйесі арқылы мектепке кіргізілуде.
Жолдауда “Біздің білім беру жүйеміз қолжетімді әрі инклюзивті болуға тиіс” делінген. Осы ретте, аталған мектепте үйде оқытылатын балалар арнайы жеңілдетілген бағдарламамен оқытылуда. Медициналық қорытындыға сәйкес ұстаздар әр пән бойынша балаларға білім беруде. Мектепте арнайы инклюзивті сынып ашылған. Мектеп ішіне кіру үшін мүмкіндігі шектеулі жандарға қолайлы жағдай жасалған. Кіреберіске қоңырауы мен пандус орнатылып, талапқа сай жұмыс істеуде.
Мектеп директоры Нарбек Ордабекұлының айтуынша, білім ошағы Назарбаев зияткерлік мектебімен іс-тәжірибе алмасуды бірінші орынға қойған. Осы мақсатта Мыңбұлақ орта мектебі жетекші мектеп болып саналады. Қарамағындағы сегіз мектеппен үнемі тәжірибе алмасып тұрады. Бұл сала бойынша әдіскер ретінде Меруерт Рақымбаева бекітілген. Мектеп басшысы ретінде Нарбек Ордабекұлы да Алматы қаласындағы Назарбаев зияткерлік оқу орталығына барып білімін жетілдірген.
Зияткерлік мектебімен тәжірибе алмасу арқылы мұғалімдер балаларды ойлау жүйесін қалыптастырып, өзіндік тұлға ретінде тәрбиелейді. Яғни, оқушыға бағыт-бағдар беріп, әрі қарай оқушының әр тапсырманың шешімін өзі тауып, өзіндік пікірін қалыптастыруға мүмкіндік жасайды. Жеке, топтық, жұптық жұмыстар арқылы оқушының қызығушылығын арттырып, уақытты үнемдейді. Жаңашылдыққа бет бұрған ұстаздар ақпараттық технологияны меңгеруге міндеттеледі.
-Біздің басты мақсатымыз – балаларға сапалы білім беру, саналы азамат етіп тәрбиелеу. Осы мақсатта бар күш-жігерімізді білім сапасын арттыруға жұмылдырудамыз. Мұғалімдерге компьютерлік бағалау тестін әзірлеу тапсырылған. Әр пән бойынша тесттік қор әзірлеуі керек. Біз білім сапасын жылдағыдай жоғарғы көрсеткішпен қорытындылай алмадық. Сол үшін қазіргі уақыттың талабына сай электронды тесттік қор әзірленуде. Арнайы бағдарлама мұғалімдерге үйретілуде. Жеке оқушымен жұмыс істеу талап етілуде. Кейбір оқушыларға арнайы тест жасау қажет, – дейді мектеп директоры.
Мемлекет басшысы Жолдауда “мұғалімдерді бес жылда емес, үш жылда бір рет қайта даярлықтан өткізуіміз керек деп санаймын. Өйткені, олар шәкіртінің бойына жаңа білім сіңіре алатындай нағыз ағартушы болуға тиіс” деді. Яғни, білімді жетілдіру арқылы сапалы білім беруге болады. Осы ретте, білім ошағындағы барлық мұғалім 100 пайыз аттестациядан өткен. Сұраныс арқылы мұғалімдер үнемі білімін жетілдіріп, ол өз нәтижесін беруде.
-Елімізде бүгінде білім сапасына мән беруде. Ұстаздардың қоғамдағы рөлін көтеру мақсатында “Педагог мәртебесі” Заңы қабылданды. Бұл мұғалімді тек қорғау емес, заң мұғалімдік әдепті белгілеп берді. Ұстаздар сол сол педагогикалық әдепке сай болуы керек. Оқушының алдында салмақты ой айтып, тәртібі мен сөзін дұрыстауы керек. Оқушының өзіне сіз деп сөйлеп, тұлға ретінде қарауымыз керек. Қарым-қатынасты жақсы орнату керек. Міне, бұл да Назарбаев зияткерлік мектебімен тәжірибе алмасқан кезде үйретілген нәрсе. Бұл тәжірибе баланы тұлға ретінде сыйлауға үйретеді. Балаға жақсы ат қою керек. Жалпы ұстаз өзінің мәртебесін көтеру үшін барлығын өзінен бастауы керек. Оқушы мұғалімді жақсы көруі керек. Оқушының сабаққа деген ынтасын ұстазы аша білуі тиіс. Бұл біліктілік пен білімділікті қажет етеді, – дейді Нарбек Ордабекұлы.
Білім ошағында оқу жылында дарынды балалар анықталады. Мектепте пікірсайыс клубы, “Адал ұрпақ” және “Қыз Жібек” қыздар және ұлдар клубы жұмыс істейді. Биылдан бастап дене шынықтыру пәнінің мұғалімдеріне сабақ кестесінен бөлек ақылы үйірмелер тапсырылған. Балалар спорттың үстел тенисі, волейбол, баскетбол, тоғызқұмалақ, қазақша күрес түрлерінен шынығуда. Ғылыми жобаларды қорғау үйретіліп, “Мен зерттеуді үйренемін” тақырыбымен балалар түрлі тақырыпта жұмыстар жасауда. “Рухани жаңғыру” бағдарламасы аясында Роза Мұратаева жетекшілік ететін жұмыс ауданда өз нәтижесін көрсетуде. Робототехника сабағына арнайы бір сынып ашылып, мамандар қабілеті бар оқушылармен жұмысты үйлестіруде.
Мектепте кәсіптік бағдар беру бағыты бойынша жылдық жоспар жасалып, Ақмарал Сүлейменқұлова балаларды өндірістік орындарға апарып, кәсіптік колледжбен байланыс орнатуда. “Оқуға құштар мектеп” бағдарламасы аясында арнайы кітап оқу бұрышы ашылып, “Ең көп оқитын оқушы” тақырыбында байқаулар ұйымдастырылуда. Жалпы оқушылардың жан-жақты дамуы үшін, білім алуы үшін жұмыстар ұйымдастырылып, байқауларда балалар жүлделі орындардан көрінуде.
Өңіріміздегі “Түлек.кз” сайтына мектептің бітірушілері толық тіркелген. Білім ошағында көпке үлгі боларлық “Түлектер аллеясы” ашылған. Бүгінгі таңда саябаққа әр жылғы түлектер сәндік ағаштар егіп, жастарға жол көрсетуде. Міне, білім ошағында жүйелі жұмыстар ұйымдастырылып, Жолдаудан туындаған тапсырмаларды жүзеге асыру және оқушыларға сапалы білім беру мақсатында еңбек етуде.

Айгүл ҚАЛЫМХАНҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close