El іshі
Мал шаруашылығына маманданған азамат
«Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясындағы мемлекеттік грант алуға бұрын мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде грант алмаған бағдарламаға қатысушылар, оның ішінде жастар, көпбалалы және табысы аз отбасылардың мүшелері, еңбек етуге қабілетті мүгедектер, сондай-ақ қоныс аударушылар мен атажұртқа келген қандастар үміткер бола алады.
Осы бағдарламамен өткен жылы кәсіпкерлік ісін ашқан азаматтар біздің ауданда да аз болған жоқ. Соның ішінде қайтарымсыз грантты жеңіп алған мүмкіндігі шектеулі жандар да өз кәсіптерін ашып, соның пайдасын көруде. Мемлекеттік грант иегерінің бірі – Қайрат ауылының тұрғыны, ІІІ топтағы мүгедектегі бар Жоламан Алагөзов.
Жоламан Айтбайұлы 2009 жылы №19 Д.Қонаев атындағы мектеп-гимназияны аяқтап, Тараз қаласындағы ТарМУ-дің колледжіне «Электрик» мамандығына оқуға түседі. Оқуды 2012 жылы аяқтап, алғашында басқа салаларда жұмыс жасайды. 2014 жылы «Жасыл ел Жуалы» мекемесіне өз мамандығымен жұмысқа орналасады. Сол жерде жұмыс жасай жүріп, оған қосымша мал бордақылаумен айналысады. Ал 2019 жылы біржолата мал шаруашылығымен айналысуға бет бұрады.
-Мен өзім кішкентайымнан төрт-түлікке жақын болып өстім. Бала күнгі арманым, өскенде мал шаруашылығыммен айналыссам, төрт түліктің басын көбейтсем дейтін едім. Өзіміз үйде отбасылық «Айтбай» жеке шаруа қожалығын құрып, жұмыс жасаудамыз. Мен әрі қарай сол кәсібімізді кеңейту мақсатында 2020 жылдың ақпан айында аудандық халықты жұмыспен қамту орталығына құжаттарымды өткізіп, сәуір айында бір ай онлайн курста оқып, кәсіпкерліктің қыр-сырын меңгеріп шықтым. Ал қазан айында мал шаруашылығы бағытында, дәлірек айтқанда, ет бағытында бордақылау кәсібі негізінде 555 мың 600 теңге көлемінде қаражат алдым. Ол қаржыға үш бас бұқа сатып алдым.
Шаруа қожалықта сауынды сиыр, бие, бордақылайтын бұқалар бар. Шаруашылық әкемнің атында. Сатып алған бұқаларды бордақылап семіртіп Тараз қаласындағы ет комбинатына өткізудемін. Олардың орнына тағы да бордақылайтын ұсақ малдарды сатып алып отырамын. Сауынды сиырды сүт сауатын арнайы аппаратпен сауамыз. Шаруа қожалығында 17 гектардай жеріміз бар. Сол жерді ерте көктемде жыртып егін егіп, күзге қарай жинап алып, малдың жем-шөбін дайындаймыз. Өзіңнің егістік жерің болмаса өте қиын. Қазір жем-шөп қымбат. Малды ұстап, қарағаныңа татымайды. Өйткені төрт түлік малды күтіп-баптау оңай шаруа емес,- дейді Жоламан Айтбайұлы.
Адам белгілі бір кәсіпті жақсылап меңгермесе, оның нәсібі де мол болмайды.
Кәсібінен нәсібін көріп отырған кәсіпкер осындай бағдарламаның барына қуанып: «Еңбек» бағдарламасының көптеген жұмыссыздарға, мүмкіндігі шектеулі жандарға пайдасының тиіп жатқанына қуаныштымын»,- дейді.
Сонымен қатар, атакәсіптің көзін тапқан жас кәсіпкер қосымша Диқан, Қайрат ауылдарының тұрғындарынан сүт жинап аудандағы «Ақмол» ЖШС-на өткізіп тұрады. Жаздың күндері күніне 500-600 литрге дейін өткізсе, қыста небәрі 200 литердей ғана болады екен. Қайтарымсыз гранттың шапағатын көріп отырған азамат Жоламан Алагөзов бізбен өзінің алға қойып отырған жоспарларымен бөлісті. Оның болашақта мал шаруашылығын одан әрі кеңейтсем деген ойы бар. Әсіресе сауынды сиыр мен жылқының басын көбейту жоспарында бар.
-Отбасымызда бес ағайындымыз. Менен үлкен ағам, інім және екі қарындасым бар. Әкем Айтбай Серікбайұлы шаруа қожалықтың жұмысымен айналысады. Ал анам Ұрхия Ахметқызы зейнеткер, кезінде саудамен айналысқан, қазір немерелерін бағып, бейнетінің зейнетін көріп отыр, – дейді ол.
Қара шаңырақта тұратын жас кәсіпкердің жары Манат Жүсіп Түркістан облысының тумасы. Екеуі 2016 жылы шаңырақ көтерген. Жұбайы №15 мектеп-лицейінде математика пәнінен сабақ береді. Екеуі үш қыз тәрбиелеп отырған үлгілі, еңбекқор отбасы.
Баян Оразбаева,
«Жаңа өмір»
Суретті түсірген
Сәбит Күзембаев