El іshі
Ынтымақ жарасым тапқан жанұя
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Отбасында адам бойындағы асыл қасиеттер жарқырай көрініп, қалыптасады. Отанға деген ыстық сезім жақындарына, туған туыстарына деген сүйіспеншіліктен басталады. Үйдің берекесі қабырғасының қиюымен емес, теңінің жиюымен, отбасындағы сыйластықпен, татулықпен кіреді» деген сөзі бар. Сол сияқты ел арасында ынтымағы жарасқан, өскен, өнген, көпке үлгілі, мерейлі отбасыларды жарыққа шығарып, халыққа көрсету – басты міндетіміз деп білемін.
Бүгінгі айтпағымыз, Ақтөбе ауылдық округіне қарасты Бәйтерек ауылында тұратын, қасиетті шаңырақтың түтінін түтетіп отырған Әлімовтар әулеті турасында болмақ.
Отағасы Амангелді Әлімов 1959 жылы Жаңаталап ауылында дүниеге келген. Бүгінде «Құрманкүл» шаруа қожалығының жетекшісі. Мамандығы инженер-механик. Ал, отанасы Күмісжан Байдалиева 1961 жылы Шақпақата ауылында дүниеге келген. Әкесі Жамалбек Байдалиев осы ауылдағы мектепте директор қызметін атқарған.
Күмісжан Байдалиева Алматы қаласындағы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің филология мамандығын бітірген. Алғашқы еңбек жолын Ақтөбе ауылдық округіне қарасты Жаңаталап ауылындағы №26 Жаңаталап орта мектебінде қазақ тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі болып бастаған ол, Амангелді Әлімовпен танысып, 1987 жылы Әлімовтар әулетіне келін болып түседі. Содан 34 жылдай жоғарыда аталған мектепте оқушыларға тәлім-тәрбие беріп, білім нәрімен сусындатады. Арасында директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары қызметін де атқарған. Бүгінде бейнетінің зейнетін көріп отырған Күмісжан апа, келіндеріне білмегенін үйретіп, құрт-майын қайнатып, тәтті немеренің қылықтарына сүйсініп отырған жайы бар.
Олардың тұңғыш қыздары Динара Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің шет тілі филологиясын тамамдап, кәріс тілінен аудармашы болып жұмыс жасайды. Үлкен ұлы Досымжан Нұр-Сұлтан қаласындағы «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының қозғалыс қауіпсіздігі департаментінің менеджері, ал жары Бану психолог. Қара шаңырақтың түтінін түтетіп отырған кіші ұлы Ерасыл елордадағы М.С.Нарықбаев атындағы КАЗГЮ университетінде заңгер мамандығын, М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің мәдени тынығу жұмысы мамандығын оқыған. Ол қазір үйдегі ата-анасына қолғабыс болып, «Шың» дүкенінің ісін жүргізуде. Одан бөлек, ірі қара және қой өсірумен айналысады. Сондай-ақ, анасының айтуынша, ауылда жиын-тойлар Ерасылдың басқаруынсыз өтпейтін көрінеді. Ерасылдың жары Сымбат үй шаруасына көмектеседі. Атақты әнші Әміре Қашаубаевтың құрметіне қойылған Әміре есімді бір ұлдары бар. Бұл отбасында тәрбиеленген ұл мен қыз өмірден өз орындарын тапқан және барлығы жоғарғы оқу орындарын бітірген. Бауыр еті балаңның үлкен азамат болып, әр саланың білікті маманына айналып, биік шыңдарды бағындырып жатса, ата-ананың үлкен қуанышы әрі бақыты емес пе?!
Тамырын тереңге жайып, мәуелі шаңыраққа айналған отбасының отанасы Күмісжан апа біз барған күні де қызу тірлік үстінде болды. Сепаратордан қаймақ тартып, құрт, ірімшігін жасап, сүтін қайнатып жатыр екен. Қазанында ет асулы. Орамалын әсемдеп тартып, ұзын етекті көйлегін кигені ақ жаулықты аналардың анасын көргендей әсер қалдырды. Биязы үнмен үйіне кіргізіп, жылы жүзбен қарсы алды. Қонақ бөлменің төріне бізді жайғастырып, қойған сауалдарға рет-ретімен жауап беріп, алдымен бала тәрбиесіне тоқталды.
– «Тәрбие басы – талбесік» демекші, бала тәрбиесі отбасы, ошақ қасынан басталады. Жастайынан балаларымызға: «Адал болыңдар, ешкімнің ала жібін аттамаңдар!» деп әкесі екеуміз де ақылымызды айтып отырдық. Еңбектің наны қашанда тәтті болады ғой, сондықтан еңбекқорлыққа, адамгершілікке, иманды болуға үйреттік. Әлі күнге дейін үйге қонақ келсе, балаларыма қонақтардың қолдарына су құйғызамын. «Неге өйтесіз? Қолымызды дайын ағып тұрған суға жуатын едік қой» дейді қонақтар. Бірақ, қазақта «Батаменен ел көгерер» деп тектен тек айтпаса керек. Үлкенді сыйлап, батасын алып жүрсе – балаларымның жолы әрдайым ашық әрі бақытты болады деген ой ғой, менікі. Содан болар, әлі күнге дейін балаларымның артынан жаман сөздер ерген емес.
Келіндеріме қатал емеспін. «Тазалық – саулық негізі» дегендей, тазалықты басты орынға қоямын. Сондай-ақ, «орамалдарыңды тастамаңдар!» деп ұдайы айтып отырамын. Ата-бабамыздан қалған салт-дәстүрді, әдет-ғұрыпты жалғап отырған жайымыз бар. Кіші келініме алдағы уақытта, бұйыртса сұлулық салонын ашып беруді жоспарлап отырмын. Себебі, бет әрлеу, шаш сәндеу сынды дүниелерді келінім жақсы жасайды.
«Шың» дүкенін ашқанымызға биыл үшінші жыл. Алғашқы жылдары жұма сайын халыққа тегін нан таратқан болатынбыз. Әрине, дүкенге адам жинау емес, сауапты іс істеп, кәсібіміздің өрге домалауы үшін.
Отағасы Амангелді өте адамгершілігі мол, еңбекқор, көпке сыйлы азамат. Намысшыл, ақыл-парасатты жан. Бір істі бастаса, соңына дейін жеткізбей қоймайды. Кітап оқыған кезде, айналасындағы дүниені ұмытып кететіні бар. Тарихқа байланысты сұрақ қойсаңыз, оған еш мүдірмей жауап береді. Балаларымызға кішкентай кезде аңыз, ертегілер жазылған еңбектерді көп алып келетінбіз. Өздеріңіз білесіздер, ертегімен сусындап өскен баланың болашағы бұлыңғыр болуы әсте мүмкін емес, – дейді Күмісжан Жамалбекқызы.
«Отан – отбасынан басталады» деген. Қазақ елінің қара шаңырағына уық болып қадалған әрбір отбасының болашағының жарқын болары сөзсіз. Сүттей ұйыған, татулық пен ынтымақты ту еткен тәубешіл халқымыздың әрбір шаңырағында құт-береке болып, жарасымды жанұялардың көп болғаны жақсы әрине.
Мақпал Саматқызы,
«Жаңа өмір»