El іshі

Ана мен баланы қорғау – мемлекет дамуының кепілі

Ана мен бала денсаулығы мемлекеттің терең мән беріп, ерекше назар аударатын салмақты саласы десек, артық айтқандық болмас. Себебі, ұрпақтың сапасы мен ұлттың санына тікелей әсер ететін жандардың аман-саулығы – қоғам үшін қашан да маңызын жоймайтын құндылық.

Әр мемлекеттің басты байлығы – адам. Елімізде де адам өмірі барлығынан да маңызды. Еліміз тәуелсіздік алғалы бері халықтың денсаулығын жақсарту мақсатында көптеген арнайы бағдарламалар қабылданып келеді. Әсіресе, ана мен бала денсаулығына ерекше мән берілуде.
Осы ретте, біздің ауданда да ұлт саулығын нығайтуды мақсат тұтып, ана мен бала денсаулығын қорғауға өлшеусіз үлес қосып келе жатқан дәрігерлер бар. Соның бірі 37 жылдық жұмыс өтілі бар білікті дәрігер Замира Ашилова перзентхана бөлімін басқарып келеді.
Ана мен бала денсаулығының жақсаруына атсалысып жүрген дәрігер Замира Құдайбергенқызы бізге тәуелсіздік жылдары медицина саласындағы жаңашылдық пен өзгерістер туралы әңгімелеп берген еді.
– Ана мен бала мәселесі – еліміздегі басты назардағы мәселелердің бірі. Жүкті әйелдер мен балаларға медициналық көмектің сапасын арттыру мақсатында ана мен бала өлімін азайту бойынша жоспарлар жүзеге асырылуда. Олардың негізгі бағыттары – кадрлармен қамтамасыз ету, материалдық-техникалық жарақтандыру, медициналық көмекті стандарттау, цифрландыру және халықпен ақпараттық жұмыс жүргізу. Еліміздегі бала өлімін азайту – мемлекеттің тұтас экономикалық-әлеуметтік даму деңгейіндегі маңызды көрсеткіш.
Соңғы 10 жыл аралығында халыққа қызмет көрсету жағдайы анағұрлым жақсарып, көп өзгерістер орын алды. Еліміздің экономикалық-әлеуметтік базасы жақсарды. Соған байланысты медицина саласын қаржыландыру да қолға алынып, жоғары деңгейге жетті. Әрине, тәуелсіздік алған жылдары әйелдердің денсаулығытөмен көрсеткіште еді. Денсаулық индексінің көрсеткішібойынша 15 пен18 арасында болатын. Бүгінгі таңда бұл көрсеткіш жоғарылап, әйелдердің әлеуметтік жағдайы көтерілді. Әйелдердің арасында кездесетін экстреминалды аурулар саны азайды.
Бүгінгі науқастар сауатты. Дәрігерлерге қоятын сұрақтары жүйелі, медицина қызметкерлерімен бірлесе жұмыс істеу қабілеті артқан. Өздерінің дерті туралы жан-жақты толық мәлімет ала алады. Себебі, әр адамға медициналық көмек алу қолжетімді. Әрбір науқас өзінің дәрігерін таңдауға, қалаған қаласында, қалаған ауруханасында емделуге құқығы бар,- дейді Замира Құдайбергенқызы.
Оның айтуыша, өңірде ана мен бала өлімінің көрсеткіші біршама төмендеген. Өйткені, аналар отбасын жоспарлау бағдарламасына еніп, олар жүктілікті жоспарлап, дәрігерлермен кеңесіп, өз денсаулығы мен сәбинің денсаулығына жауапкершілікпен қарайды.
Тәуелсіздік жылдары медициналық емдеу саласына енген жаңалықтың бірі клиникалық хаттамалар болып есептеледі. Қазіргі таңда осы хаттамаға сәйкес науқастарға ем-дом тағайындалады. Науқастарға бүкіл дүниежүзілік денсаулық сақтау кеңесімен бекітілген стандарттарға сәйкес көмек көрсетіледі. Бұл дәрі-дәрмекті адамның ағзасына қажетті немесе қажетті емес енгізуден сақтап, қаражатты та үнемдеуге септігін тигізеді.
Мәселен, ана мен балаға қызмет көрсету саласында дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұсынған «Қауіпсіз ана» бағдарламасы акушер-гинекологтарға жаңашылдық алып келген. Осыдан бірнеше жыл бұрын перзентханаға дәрігерлерден өзге ешкім кіргізілмейтін. Жабық ұйым болып саналатын. Ал, бұл салаға қазіргі таңда серіктестік босану бағдарламасы енгізіліп, бала босану кезіндегі технология өзгерген.
Бала туылғаннан бастап ананың көкірегіне беріледі. Баланы ерте емізу тәсілдері, босану кезіндегі жаңа технологиялардың бірі әйел өзін еркін жағдайда ұстау, ерікті жағдайда босану стандарттары енгізілген. Бұл жаңашылдықтың бәрі – ана мен бала үшін жасалуда. Сонымен қатар, табиғи жолмен босану, дәрі-дәрмекті аз қолдану немесе қолданбау сияқты бағдарламалар жаңа тәсілдер болып енгізілген. Дәрігердің сөзіне қарағанда, бұның нәтижесінде ана мен балада болатын туу кезіндегі жарақаттардың азаюына септігі тиген. Туу жарақаттарының салдарынан ана мен бала өлімі азайған.
Аудандық орталық аурухананың перзентхана бөлімі ана мен балаға медициналық көмек көрсету аппаратураларымен толық қамтамасыз етілген. Перзентхана бірінші деңгейлі перинатальды қызмет көрсетеді. Сол себепті медициналық құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету стандартына сәйкес перзентхана 98,09 пайыз аппаратурамен қамтамасыз етілген.
-Презентханада КТГ аппараты бар, яғни ол арқылы нәрестенің ана құрсағында жатқан кезінде жүрек соғысының реті, толғақ кезінде балаға қауіп төніп тұрғаны бақыланады. Мезгілінен ерте туылған сәбилерге «СРАР» жасанды тыныс алу аппараты алынды. Шала туылған баланың өкпесі өзінше дем ала алмайды, соның салдарынан қаншама бала тұншығып шетінеп кететін. Ал, бұл аппараттың ерте туылған балаларды аман алып қалуға көп көмегі тиюде.
Сәби өлімінің негізгі себептері тікелей ананың денсаулығына байланысты. Бастапқы медициналық көмек саласын күшейту, жүктілікті ерте анықтау, ауылдық елді аймақтарда күрделі жүктіліктер туралы хабарлау жағдайларын жақсарту оң нәтижелер алып келді, – дейді З.Құдайбергенқызы.
Нәресте шетінеп кетпеу үшін бала туу мәселесіне салмақты көзқарас таныту керек.Бұл жөнінде дәрігер бастапқы медициналық көмек саласында көптеген жаңалықтар болғандығын айтады. Олар мыналарды қамтиды: жаңа қабылдау шарттары жасалып, пациенттерді қажет емес ауруханаға жатқызулар азайған. Бастапқы медициналық көмек үшін негізгі жабдықтың, соның ішінде, диагностикалық қызметтердің және пациенттердің жоғары деңгейде медициналық көмек алуының қол жетімділігі артқан. Құнарлы микроэлементтердің жетіспеушілігінен болатын аурулардың алдын алу арқылы жүкті әйелдердің және туу жасындағы әйелдердің денсаулығын жақсарту, анемияны, артериалдық гипертензияны емдеумен айналысу, жыныстық жолмен жұғатын ауруларды және туберкулезді ерте анықтау және емдеу, әрі отбасын жоспарлау мәселесіне көп көңіл бөлінген.
-Шын мәнінде дені сау ана – дені сау баланың кепілі. Елімізде ана мен бала денсаулығына көңіл бөлініп жатқандығы көңіл қуантады. Біздің жеткен жетістігіміздің бірі, дәрігерлердің қажырлы еңбегінің нәтижесінде Ковид жұқтырған немесе өкпесі қабынып, пневмония диагнозы қойылған бір де бір ана аса қауіпті жағдайға, оны асқындыру жағдайларына жеткізілмей, дер кезінде емделді.
Ана мен бала өлімі болмайды деп те айта алмаймыз. Бізде денсаулығы нашар аналар, бедеу, мүлдем тууға болмайтын, қосымша аса ауыр ауруы бар әйелдер бар. Оларда ана бақытын сезініп, әулетіне қуаныш сыйлағысы келеді. Сол себепті, өлім-жітім болуы мүмкін, бірақ біз оны болдырмауға тырысамыз.
Дәрігер-гинекологтардың да біліктілігі артып, арамызға жастар қосылуда. Олармен білікті мамандар тәжірибе алмасып, бағыт-бағдар беруде. Бір мектеп болып, ізімізден еретін білікті кадр дайындаудамыз.
Еркіндік сыйлаған Тәуелсіздік күні құтты болсын! Қазіргі таңда мемлекетіміздің медицина саласы қарқынды дамуда. Бұл бір ел болып, әуелгі байлық денсаулығымызды нығайтып, сау ұрпақтың өсуіне ықпал жасайтын ізденістер мен бағдарламалардың жүзеге асырылуының нәтижесі. Тәуелсіздіктің тал бесігінде тербеліп, қыран құсы қалықтаған көк аспанымыздың астында баянды да бақытты ғұмыр кешуімізге тілектеспін. Тәуелсіздігіміз мәңгілік болып, халқымыздың дені сау, өмір жастары ұзақ болсын!- деп З.Құдайбергенқызы сөз соңында жүрекжарды тілегін жеткізді.
Ана мен бала денсаулығына арналған игі шаралардың барлығы – Тәуелсіздіктің жемісі. Ана мен бала құқықтарын қорғау жөніндегі кешенді іс-шаралар ел тұрақтылығының негізін қалайды, отбасылық дәстүрді сақтауға бағытталған шаралар жалпы қоғамның дамуына оң әсер етеді.

Айгүл ҚАЛЫМХАНҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Check Also

Close
Close