El іshі

Әлемге танылған ақын

«Қазақ даңқын асқақтатқан әлемге, Абай теңдес ақын болмас қазақта»,- деп жыр алыбы Жамбыл ақын жырлағандай, Абай Құнанбаев қазақ поэзиясындағы шоқтығы биік, дара да дана тұлға. Абай – кестелі сұлу сөздің иесі, көркем әдебиеттің темірқазығы, өшпейтін жарық жұлдызы.

Биыл ұлы ақын Абай Құнанбаевтың 175 жылдық мерейтойы. Жақында ел Президенті Қ.Тоқаев өз мақаласында: «Абайды қалай дәріптесек те жарасады. Оның ғибратты ғұмыры мен шынайы шығармашылығы – қазақ халқына ғана емес жаһан жұртына да үлгі-өнеге» деген болатын. Міне, осы мақсатты жүзеге асыру барысында «Шақпақата» бөбекжай-балабақшасында «Әлемге танылған Абай» тақырыбында ауқымды іс-шара өткізілді.
Іс-шараны балабақша әдіскерінің м.а. Жанар Мейірманова жүргізіп, ол: «Әр сөзінде астарлы ой тұрады, Абай сөзі – қазақтың бойтұмары» деген өлең жолдарынан бастап, еліміздің тарихына үлкен із қалдырған Абайдың өмір жолына тоқталып өтті.
Абай Құнанбаевтың қара сөздері мен өлеңдері – оның ақындық мұрасына қосылған бағалы қазына. Осы орайда балабақша тәрбиешілері өз белсенділіктерін көрсетіп, ақынның өлеңдерін, қара сөздерін, нақыл сөздерін мәнермен жатқа айтып, «Желсіз түнде жарық ай» әнін тебіренте орындады.
«Талант таудың ұшпағы – ұлы Абай, сыбдыр қаққан балбөбек тілі балдай» демекші, балабақша бүлдіршіндері – Пернебек Аяна, Сейтмахан Сәруар, Дүйсеналы Інжу, Сауытбек Айзере, Айтбек Әдемі, Молдақасым Аружан, Алиакбарова Найля Абай атамыздың өлеңдерін жатқа айтып, «Көзімнің қарасы» әнін орындады. Әдемі қызымыз «Бақыт құсы» биін билеп, көрерменнің көңілін бір серпілтіп тастады.
Ал тіл маманы Қ.Кәрібаева «Абай мұрасы – қазақтың ең қасиетті қазынасы» атты кітап көрмесін жүргізді. Абай Құнанбаевтың қалдырған өшпес әдеби мұрасы қашанда түн қойнауынан нұр сәулесін шашқандай болатыны сөзсіз. Сондай-ақ, көрмеге балабақша қызметкерлерінің Абай атаның бейнесін жасаған қолөнер туындылары да қойылды.
«Асыл сөзді іздесең, Абайды оқы ерінбе» демекші, келешек ұрпақтың Абайды танып-білуіне ықпал ететін «Абайтану» тақырыбында сөзжұмбақ жасырылды.
Іс-шарамыз Абайдың өмір тарихын бейнелейтін көрініспен жалғасты. Көріністе «Абай жолы» романындағы қос дара тұлға Абай мен Құнанбайдың шырқау биікке көтерілген қарым-қатынасынан үзінді көрсетілді. Көріністе Абайдың рөлін тіл маманы Қ.Кәрібаева, Құнанбайдың рөлін тәрбиеші Оразбай Күлзинат, Зеренің рөлін Сарман Жансая, Ұлжанның рөлін Абдубайтова Гүлжан, Тоғжанның рөлін Махаева Меруерт сомдап шықты.
Іс-шараның соңында Шақпақ ауылдық округінің әкімі Мұстафа Бектұрғанов сөз алып, «Абайды оқымаған, сөзін көңіліне тоқымаған қазақ болмауы тиіс» дей келе, осындай іс-шараны ұйымдастырған балабақша меңгерушісі Рабиға Жадикееваға және балабақша ұжымына алғысын білдіріп, алдағы уақытта да тәрбиелік мәні бар іс- шаралардың өткізіліп тұруына тілек тіледі.
Әрине, Абай атамыздың тағылымы – білімнің де,тәрбиенің де қайнар көзі. Сондықтан да ұлы ақынның өлеңдері,нақыл сөздері арқылы келешек ұрпағымыздың бойына адамдық асыл қасиеттерді сіңіріп, өсиетін орындайтын үлгілі азамат етіп өсіреміз деген сенімдеміз.

Қалима Кәрібаева,
«Шақпақата»
бөбекжай-балабақшасының
қазақ тілі маманы

Таңдаулы материалдар

Close