El іshі

Шаштаразшы Шалхар

Шаштараз бұл да бір мамандық иесі. Сырт көзге оңай кәсіп болып көрінгенімен, олай емес, себебі шашатараз жай ғана шашты қиып қоймай, оны әр адамның келбетіне сай етіп қиып береді. Бұл мамандық өнерлі болуды қажет етеді, себебі шаш киюдың да өзіндік қыр – сыры бар. Сонымен қатар, асқан шыдамдылықты да қажет етеді, себебі күні бойы тік тұрып жұмыс атқарады.

Әр мамандықтың өз қиыншылықтары болады, әр мамандық иесін кұрметтей білейік.
Бүгін біз жас кәсіпкер, шаштаразшы Шалхар Амангелді туралы әңгімелейтін боламыз.
Шалхар Амангелді 1996 жылы ауданға қарасты Көлбастау ауылында дүниеге келген. Ол аудандағы №1 мектеп-гимназияда оқып білім алған. Қазіргі таңда Тараз инновациялық-гуманитарлық университетінде агроном мамандығын оқуда. Жас кәсіпкердің шаштаразшы болып жұмыс жасап жүргеніне алты жылдай уақыт болыпты. Бүгінде Шалхарға келіп шаш қидыратын тұрақты келушілері бар. Нәтижесі жаман емес. Ашылғанына аз уақыт болса да, тұрғындардың көңілінен шығып үлгерді. Қызмет көрсету бағасы да көңілге қонымды.
Шалхар 2018 жылы аудандық кәсіпкерлер палатасына барып, «Жас кәсіпкер» жобасы аясында бизнес тренер Жазира Тоқабаеваның жетекшілігімен кәсіпкерліктің қыр-сырын меңгереді. Кәсіпкер өз сөзінде, аудандағы кәсіпкерлер палатасының қызметкері Назерке Құрақбайдың кәсіпкерлікті оқу барысында, құжат жинауда көп көмегі тигенін айтады.
Оқуды аяқтағаннан соң сертификатын қолына ала салысымен, қайтарымсыз грант негізінде 505 мың теңгегені ұтып алып, шаштаразға қажетті құрал-жабдықтарын сатып алған. Алдымен орталық базарда орналасқан «Кәусар» сұлулық салонында ерлер шаштаразшысы болып жұмыс жасаған. Бүгінде «Несібелі» мейрамханасының астыңғы қабатын жалға алып, өз ісін жандандырып отыр.
-Мен оқуды аяқтай салысымен, жоғарғы оқу орнына түсуге мүмкіндігім болмады. Сондықтан құр жүргенше, дипломды қажет етпейтін шаштараз ісін үйрене бастадым. Тараз қаласында да біраз уақыт осы шаштараз ісін Ермек және Нұрдос есімді ағалардан үйрендім. Кейіннен әскер қатарына шақырылып, Отан алдындағы әскери борышымды өтеп, туған ауылыма қайта оралдым. Бүгінде шаштаразшы болып еңбек етудемін. Әр жастағы ер адамдардың шашын қиямын. Шаштаразшы болу – менің сүйікті жұмысым. Кәсіпкерлік шыдамдылықтың арқасында өзінің жеңісін береді. Қандай кәсіпті игерсең де, бәсекеге қабілетті болуың керек, – дейді жеке кәсіпкер.
Шалхар Қуатұлының айтуынша, қазіргі таңда біздің елімізде жұмысымды жандандырамын, жеке кәсіппен айналысамын деген жастарға мол мүмкіндік жасалған. Тек, жастар уақытты босқа өткізбей, оны тиімді пайдалануы тиіс екенін айтады. Одан бөлек, жас кәсіпкер алдағы уақытта кәсібін одан әрі дамытуды және тек шаштаразшы ғана емес, басқа да үлкен кәсіп түрімен айналысуды алдына мақсат етіп отырғанын жеткізді.
Жігерлі жас өмірде қарапайым, адамгершілігі мол жандарды үлгі тұтады. Сол секілді кейіпкеріміздің айтуынша, атасы Амангелді Ормантай көзі тірісінде мықты журналист және жазушы болған. Аудандық төл басылым «Жаңа өмір-Новая жизнь» қоғамдық-саяси газетінің Бас редактордың орынбасары, т.б. қызметтер атқарған. Сондықтан Шалхар өзінің атасы Амангелді Ормантайдың өмір жолын үлгі тұтатынын мақтанышпен жеткізді.

Мақпал САМАТҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close