El іshі
АТА-АНАНЫҢ АҚЫЛЫ АҚ ЖОЛДАН АДАСТЫРМАЙДЫ
Дана халқымыз «Отан – отбасынан басталады» дейді. Адам баласының өміріндегі ең құнды қазынасы – отбасы. Отбасының қамқоршысы мен тіреуі – ер азаматы, шаңырағының шырайын келтіріп, ырысын еселеп, ынтымағын қамтамасыз ететін – адал жары. Ал, сол шаңырақты береке мен мерекеге толтыратын бақыты – балалары. Әкеден көрген өнеге мен анадан алған тәлім – баланың өмірлік бағдаршамы болмақ. Яғни, «ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі». Менің бүгінгі мақалама арқау болып отырған кейіпкерлерім осы әке өнегесін өмірлік ұстанымы еткен ақбастаулық өнегелі отбасы.
Отағасы Әбілнұр Ахметов 1970 жылы Ақбастау ауылында дүниеге келген. Б.Майлин атындағы орта мектепті бітіріп, білімін №16 Жуалы колледжінде тракторшы-машинист мамандығы бойынша жалғастырады. Отан алдындағы қасиетті борышын Германия жерінде өтеп келеді. 1992 жылы қызылордалық Жұпаркүл Ерғалиқызын жолықтырып, екеуі отау құрады.
Адал еңбек етуді өмірлік ұстанымы еткен жас отбасы отау құрған кезден бастап бірге Карл Маркс совхозында жылқы мен қой бағады. Өмірлерінің 20 жылға жуық уақытын шопандыққа арнап, еңбектің үлгісін көрсетеді. Ауыл шаруашылығы саласының көзін тапқан Әбілнұр Жандаралыұлы 2007 жылы өз алдына «Ескендір» шаруа қожалығын құрады. Содан бері сауынды сиыр ұстап, егістіп алқапта егін егуде. «Қыс қамыңды жаз ойла» демекші, шаруа қожалығындағы төрт түліктің азығын әзірлеу үшін тынымсыз еңбек етеді. Қожалықта техника да жеткілікті.
Қазіргі таңда олардың иелігінде 100 шақты сауынды сиыр бар. 400 гектар егістік жерге жоңышқа сеуіп, арпа, бидай еккен. Сонымен бірге, биыл 1,5 гектарға қырыққабат және 1,5 гектарға картоп егіпті.
Ахметовтар отбасы тек өз қамын ойламай, өзге жандарға да қол ұшын беруде. Қожалықта екі отбасы мал шаруашылығына септігін тигізсе, төрт адам техникаларды тізгіндеп, егіс алқабының көркін қыздыруда. Жұмысшыларға 125 мың теңге көлемінде жалақы және қосымша көмектер көрсетілуде. Әсіресе, егінге орақ салып, қамба дәнге толған шақта отағасы олардан көмегін аямайды.
-Әкем Жандаралы мал өнімдерін дайындау мекемесінде қарауыл болып жұмыс істеп, сол жерден зейнетке шықты. Ал, анамыз Бакиракүл совхозда сауыншы, фермада, содан кейін картопты суғаруға шығып, ел қатарлы еңбек еткен. Ардақты анамыз өмірге тоғыз баланы әкелген. Қазір арамызда екеуі де жоқ, бірақ асыл бейнелері мен айтқан өсиеттері жадымызда.
Бізді әкенің ақылы, анамыздың ақ сүті ақ жолдан адастырмады. Марқұм әкем “ерте тұрған адамның бір ырысы артық” деп таңертең ерте оятатын. “Тұрыңдар, еңбек етіңдер, адамды адал еңбек алға жетелейтін болады” деп үнемі құлағымызға құйып өсірді. Сол кезден санамызда ерте тұру деген ой қалыптасып, сол тәртіппен келеміз. Қазір өз балаларымызды да әкемнің өсиетімен тәрбиелеп, еңбекке машықтандырудамыз.
Еншімізді алып, бөлек шаңырақ болған кезде мына бос жерге үйімізді тұрғызып, айналасына 50 шақты түп алма ағашын балаларымызбен бірге отырғызған едік. Аллаға шүкір, ағаштар жайқалып өсіп, жемісін де берді. Отбасымызбен бірге жаздық көкөністерді отырғызып, өзімізге керектіні үй іргесіндегі жерден алып отырмыз.
Балалар бірінен соң бірі ержетіп, бойжетіп өсіп келеді. Оларға жақсы білім алып, еңбек етіңдер дейміз. Ешкімнің ала жібін аттамай, тура жолмен, өтірік пен жалғандықтан аулақ болуды үйретеміз. Ешуақытта ештеңе қолыңа бірден түсе салмайды. Бәріне өз еңбегіңмен, ақылыңмен, біліміңмен жетесің. Адамдармен дұрыс қарым-қатынас жасап, адамгершілікті, қайырымдылықты ұмытпауымыз қажет.
Заманның көшінен қалмай, жаңашылдықты да бойыңа сіңіріп, пайдаңа асыра білген жөн. Мәселен, үй іргесіндегі жерімізге, бақшамызға тамшылатын суғаруды қолға алғанбыз. Осы озық технологияны балаларыма үйретіп, оның пайдасын түсіндірудемін. Жылдан-жылға су тапшылығы білінуде. Оның алдын алу үшін осындай озық технологиялардың пайдасы көл-көсір екендігі жайында да айтылуда.
Отбасымыздың бір ерекшелігі дастарқан басында басымыз түгел жиналмай, тамақ ішілмейді. Балалар менің ақ батамды күтіп, содан кейін барып асқа отырады. Бұл – үлкен тәрбие. Әрі отбасындағы өзара сыйластық пен сүйіспеншілік, бір-біріне деген құрмет деп білеміз. Егер де қайсымыз уақтылы ас уақытына келе алмай қалсақ, міндетті түрде бір-бірімізге ескертеміз, – дейді отағасы Әбілнұр аға.
Ия, мұндай отбасылық құндылықтар баршамызға үлгі-өнеге. Бір шаңырақ астындағы отбасының ауызбіршілігі мен ынтымағын әрі десе қазақтың ұлттық менталитетін көрсететін көрініс. Міне, осындай өнегелі отбасында екі ұл, үш қыз тәрбиеленіп, өсіп келеді. Тұңғыштары Бағдат энергетик болса, келіндері Әсел мұғалім. Ал, үйдің егіз қыздары Құндыз бен Жұлдыз денсаулық саласына бет бұрып, медбике мамандығын таңдаған. Бірі Тараз қаласында, бірі Алматы қаласында емханада жұмыс істейді. Ортаншы қыздары Жазира биыл 10 сыныпты бітірсе, сүт кенжелері Азат 3 сыныпты аяқтады. Олар бүгінгі таңда үш немеренің сүйікті ата-әжесі атанып отыр.
-Өзім Қазалы ауданы Басқара ауылында көпбалалы отбасында дүниеге келгенмін. Анам 12 баланы өмірге әкелген Батыр ана,- деп бастады әңгімесін отанасы. – Содан ауылдағы 182 орта мектепті бітіріп, Қарағанды қаласындағы байланыс торабы колледжін тамамдадым. Еңбек жолымды аудандық пошта торабында бастадым. Бірақ, мамандығым бойынша көп жұмыс жасамадым. Өмірлік серігімді жолықтырған соң, осы азаматпен бірге шаруашылықта жұмыс істедім. Әрине, өкінбеймін, шүкір, сол адал еңбегіміздің арқасында барлығына жетіп отырмыз.
Отағасы да көп ағайынды. Мұндай көпшілікке үйренген соң маған отбасына сіңісу қиынға соқпады. Ата-енем өте жақсы кісілер еді. Атамыз 1994 жылы қайтыс болды. Екі келін бір үйде жеті жыл бірге тұрдық. Ас-ауқатымыз, тірлігіміз бірге. Бір-бірімізге көмегімізді аямай, қолғабыс етеміз. Ол жоқ болса мен отбасының қамын жасап, менің жоқтығымды ол білдірмеді. Өз алдымызда үй болған кезде де анамыз бізді жібергісі келмей, сендермен бірге тұрамын деп көп айтатын. Ол үйден кетсек те әрдайым қара шаңыраққа бас сұғып, анамыздың жағдайын сұрап тұрдық. Марқұм енемді 2004 жылы ақтық сапарға шығарып салдық. Екеуміз осындай өзара түсіністікте өмір сүріп, балаларымызға жақсы тәрбие берудеміз. Отбасымызда береке, бірлік пен татулық бар. Ең бастысы, отағасының тілеуін тілеп, бір-бірімізге әрдайым қолдау көрсетіп келеміз,- дейді.
Өмірде ұмытылмайтын, уақыт өткен сайын адамның жадында жаңғырып, өткен шақтарды еске салатын ұлағаттар болады. Әсіресе, әкенің айтқан тәлімі, берген бағытын ұмыту мүмкін емес. Міне, осындай өнегені қазіргі таңда Ахметовтар отбасы ту етіп, ұрпағы өніп-өсіп отыр.
Айгүл ҚАЛЫМХАНҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»