Қыстың қамын жазда ойлаған шаруалар ендігі кезекте егінге орақ салып, қамбаларын дәнге толтыруға кірісті. Атап айтқанда, Нұрлыкент ауылдық округі Түктібай ауылындағы «Төлеген» шаруа қожалығы да арпа оруды бастады.
Биыл көктемгі дала жұмыстары кеш басталып, мың құбылған ауа райы шаруаларға қолайсыздық туғызғаны белгілі. Бір жағынан жауын-шашын аз түсіп, қуаңшылық та қысып, егіннің өткен жылмен салыстырғанда төмен шығуына әсер етті. Соның салдарынан болар, аталған шаруашылық масақты дақылдың әр гектарынан 5-10 центнерден өнім алуда.
Қожалық мүшелерінің арпа алқабына орақ салғанына шамамен он күндей болған. Осы уақыт ішінде 150 гектардай арпа алқабы орылып үлгерді. Егін жинауға төрт жұмысшы жұмылдырылған. Алқап басында ағалы-інілі механизаторлар Қабылбек және Нұрислам Қуатбектер дәнді уақтылы жинап алуға күш салуда. Бірі «Нива» маркалы комбайнын, бірі МТЗ-80 тракторын тізгіндеп, егістіктегі қызу тірлікті атқаруда.
2000-шы жылдары құрылған қожалықтың иелігіндегі жердің 1000 гектарын жайылым жер құрайды. Шаруалар биыл 350 гектарға арпа мен бидай сепкен. 100 гектарға көпжылдық жоңышқа, 40 гектарға Қарағанды қаласынан әкелінген картоптың «Линда» элиталы сортын еккен. Сонымен бірге, қожалықтың негізін қалаушы Мейірбек Төлегенов мал шаруашылығымен айналысады. Яғни, ауыл шарушылығын дамыту мақсатында Чехиядан 64 ірі қара малын алып келген. Қазіргі таңда шаруашылықта малдың басы артып, қорасында 110 жергілікті сауынды сиыры мен 100 шақты жылқысы бар.
Егін ору науқанына үш МТЗ-80 маркалы тракторы, бір комбайн және түрлі қосымша тіркемелері жұмылдырылған. Қожалық бүгінгі таңда 15 тұрғынды жұмыспен қамтып отыр. Жалақылары да жақсы.
-Қазіргі таңда негізінен жұмысшы күші егін орағына жұмылдырылуда. Егін пісіп тұрған соң, оны уақтылы орып, жинап алуымыз керек. Өнім әр гектардан әртүрлі шығып жатыр. Өткен жылы арпаның орташа түсімі гектарына 15-20 центнерден айналған болатын. Ал, биыл өнім көлемі өте төмен. Кейбір жерлердегі егін ораққа ілінбей, тастап кетуімізге тура келді. Жыл сайын қожалықта 50-60 тонна мал азығын дайындайтынбыз. Артылғанын өзге шаруаларға сатататынбыз. Ал биыл олай болмай тұр.
Бүгінгі күні орылған арпаның барлығын қамбаға тасудамыз. Малдың басы көп. Шөп те биыл қымбат болды. Сондықтан мал азығын көбірек дайындауды көздеп отырмыз. Сабанның да бағасы шарықтап тұр. Қыстың қамын ойлап, жем-шөпті молынан әзірлеуіміз керек, – дейді механизатор Қабылбек Медетбекұлы.
Айгүл ҚАЛЫМХАНҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»