El іshі

Түзде полицей, үйде үлгілі әке

 

Әр отбасында әкенің орны ерекше, әке – отбасының асыраушысы, отбасы мүшелерінің тірегі, қамқоршысы. Әкенің мінез-құлқы, өзгелермен қарым-қатынасы, өнері мен білімі әр балаға үлгі, өнеге алатын, оған қарап өсетін нысана. Отбасының береке, ынтымағы үшін әкенің әділ, ұстамды болуы перзенті үшін орасан маңызға ие. «Әкең барда орындалар арманың» деген қазақ даналары өмірдегі керегіңді әуелі Алладан, екіншіден әкең беретінін анық бір ауыз сөзбен айтып кеткендей.

Әкені асқар тауға балап, оның мәртебесін әрдайым биік ұстаймыз. Б.Момышұлы ауылының тұрғыны Ермұхан Иманбердиевтің де тілі былдырыған баласынан бастап мектеп жасына дейінгі перзенттері оны үлгі тұтады. Әкелерінің ел күзетіндегі қызметіне мақтанып, өздерін жақсы қырынан көрсетуге тырысады.

Көпшілігімізге күндіз-түні қызмет бабымен жүретін полиция қызметкерлерінің отбасына, бала тәрбиесіне қарауға уақыты болмайды деген пікір қалыптасқаны жасырын емес. Бірақ мұндай пікір полиция қызметкері Ермұхан аға қатысы жоқ. Ол бос уақытысын отбасына, балаларына арнап, олардың тәрбиесіне де араласады.

Көпбалалы әке Ермұхан Лесбекұлы жұбайы Айжан Сияқұлова екеуі үш қыз және бір ұлды тәрбиелеп отырған жайы бар. Ермұхан аға аудандық пробация қызметінде аға инспектор. Өзінің жайдарлы, сабырлы мінезімен ұжымында да абыройлы. Ауданымыздың тыныштығын күзетіп, сотталған азаматтардың тағы да құқықбұзушылық әрекеттерді қайталамауы үшін еңбек етуде.

Перзенттері де өнерлі. Оның ішінде тұңғыштары Көркем қолөнерге жаны жақын. Ол  биыл 1 сыныпты аяқтады. Ал, Аяла болса спортты жақсы көреді. Жасы 6-да. Үшінші қыздары нәзік дене бітімі бар Сезім балабақшада тәрбиеленуші. Баланың өнерінің баспалдағы балабақшадан басталады емеспе?! Міне, Сезім де былдырап тілі шыққан сәттен бастап ыңылдап ән айтқанды ұнатады екен. Қазіргі таңда да ән айтып, ата-анасын өнерімен қуантып жүр. Ал кенжелері Ерқанат 3 жаста.

Отбасының негізгі тәрбие құралы әкенің өнегелі сөздері мен істерінде жатыр. Қоғам сақшысы да балаларын ата-анасының берген тәлім-тәрбиесінің жолымен тәрбиелеп, адамгершілік қасиеттерді бала күндерінен бойларына сіңіруде. Балаларын жақсы азамат болып қалыптасқанын, үлкенге құрмет көрсетуді ұмытпағанын қалайды. Ол үшін де әкелік және аналық қамқорлықтарын көрсетіп, балаларына бақытты балалық шақ сыйлауда. Перзенттері ата-әжесінің де тәрбиесін алып, қазақтың ұлттық тәрбиесімен сусындауда.

Негізінен Ермұхан Лесбекұлы Көктас ауылының тумасы. Әкесі Лесбек Иманбердиев «Бірлік» коорперативінде жүргізуші болса, анасы осы ұжымда 40 жыл есепші болып абыроймен еңбек еткен. Бүгінде екеуі де бейнетінің зейнетін көріп отырған қос қария.

-Ең бірінші әскерге барып, Отан алдындағы қасиетті борышымды өтеп келдім. Екі жыл Сарығаш шекара заставасында әскери міндетте болдым. Бала күннен ағаларыма еліктеп, оларды үлгі тұтып, полиция қызметкері болуды армандадым. Әскерден соң жүрек қалауым түскен мамандығым бойынша оқуға түстім. Алматы, Қостанай қалаларындағы оқу орнында білім алдым. Алғашқы еңбек жолым Тараз қаласындағы ҚЖД-158-7 мекемесінде бақылаушы болып басталды. Одан кейін тергеу изоляторында, КИСТ оқу орталығында жұмыс істедім. Ауданымызға 2018 жылы келіп, пробация қызметіне аға инспектор болып орналастым.

Бұл салада жүргеніме 10 жылға жуық уақыт болды. Қызметте тәжірибе жинақтап, құқықбұзушылық, заңбұзушылық жасаған азаматтармен жұмыс жасаудамыз. Әр адам қоғам үшін қымбат. Сол үшін ешкімді бөліп жармай, сотталғандарды ортаға бейімдеу жұмыстарын жүргіземіз.

Әрине, бұл менің қызметтегі міндетім. Оны абыроймен атқаруым керек. Ол үшін қарапайымдылық қасиеттен айнымай, өз ісіңе адал болуың керек. Ісіңе кір келтірмеу үшін адалдық керек. Тұрғындарға дұрыс қызмет көрсетіп, ауданның тыныштығына үлесімізді қоса білуіміз керек. Бастысы, бізге артылған сенімді ақтауымыз керек.

Әр саналы азамат қызметімен қоса, отбасын ұмытпауы тиіс. Жаныңа жақын жандармен бірге уақытты бірге көбірек өткізуге тырысамыз. Бала тәрбиесіне де үлесімді қосамын. Әр баламның қызығушылығы, бейімділігін байқаймын. Әлі барлығы да кішкентай. Сонда да әрқайсысын таңдауына қарай икемдеп, шыншылдыққа, өтірік айтпауға үйретеміз. Түрлі оқыс оқиғалардан сақтану үшін ескертпелер айтамыз. Оларға өмірлерінің қымбаттығын қауіпсіздігінің маңызын ескертеміз. Адалдыққа, үлкенді сыйлауға, кішіге құрмет көрсету қажеттігін ұғындырамыз, – дейді Ермұхан Лесбекұлы.

Отбасы құндылықтарын жоғары бағалаған полиция қызметкері перзенттерінен әкелік қамқорлығын аямайтындығын айтады. Әкенің қамқорлығы әр балаға керек. Осылайша ол отбасымен бірге қоғамға өз пайдасын тигізіп, азаматтық міндетін орындауды көздейді.

 

Айгүл ҚАЛЫМХАНҚЫЗЫ,

«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close