El іshі
Ағаш шебері
Қазақ халқының ағаш өңдеу өнері ғасырлар бойы дамып келе жатқан халық мәдениетінің айнасы. Ол талай кезеңнен өтіп, түрленіп, жаңарып, атадан балаға мұра ретінде жалғасып келеді.
Жақында ағаш өңдеу, әшекейлеу өнерімен 1970-ші жылдан бері айналысып келе жатқан Қайрат ауылының тұрғыны Жылқыбай Майлықараевпен кездесіп, оның ағаштан жасаған бұйымдарының жасалу жолдары жайлы танысып, әңгімелескен едік.
– Мен мектепте еңбек пәні сабағында мұғалімдерден және Жамбыл ауданының ағаш ұстасы ретінде танылған Өскенбай есімді нағашымнан көп үйрендім. Ол кісі көпке танымал сынықшы, аңшы, құс өсіретін және ағаш ұстасы еді,- деп әңгімесін бастады Жылқыбай аға. -Өзімнің анам Тәттікүл де тері илеп, қазақы тондар тігетін тігінші ұста болған. Қолдарынан келмейтіні жоқ еді. Анамның да ақыл-кеңесі өз әсерін тигізген болу керек. Мен таңдаған кәсібіме қызығып, жазғы демалыс барысында ізденіп, ағаш сатып алып, үй тұрмысына қажет бұйымдар жасайтын едім.
Жылқыбай Майлықараев туып- өскен ауылындағы «Октябрьдің 40 жылдығы» атындағы орта мектепті бітіргеннен кейін, Шымкенттегі денешынықтыру техникумын бітіріп, еңбек жолын өзі оқыған білім шаңырағында еркін күрестен жаттықтырушы болып бастады. Одан кейін сырттай бөлімде Жамбыл педагогикалық институтында денешынықтыру пәнінің мұғалімі мамандығын меңгерді. Мектепте 1970 жылдан бастап 2014 жылға дейін 44 жыл жұмыс істеген ұлағатты ұстаз артынан игі істер қалдырды десе әбден болады. 1990 жылы ол мектепте орыс тілі пәнінен сабақ беретін мұғалім Ермек Дауылбаев екеуі ұлттық тоғызқұмалақ ойынын үйреніп, оқушыларға үйрете бастайды. Содан бұл ойын түрі бірте-бірте ауданда, кейін облыс көлемінде, ал қазіргі таңда республикалық дәрежеде жарыстар өткізіліп, жуалылықтар жыл сайын жеңімпаз атанып келеді.
– Биылғы оқу жылында да бір оқушы республикадан бірінші орын алып келіпті деп естідім,- деп қуанышты хабармен бөлісті еңбек ардагері.
Ағаш шебері атанған Жылқыбайдың бос уақыты болмайтын. Біз көрші тұрғаннан кейін, оны жақсы білемін. Жұмыс істеп жүрген кездері демалыс күндері, одан қалса, жазғы демалыс күндері, жәй күндері түннің бір уақытына дейін ағаш кесетін, сүргілейтін станоктың дауысы естіліп тұрады.
Ұста алғашында үкіметтік емес ұйымдардың жобаларына қатысып жүріп, 2000 жылы Орта Азия аймақтық жоба тіршілік түрлерін сақтандырудағы Бүкіләлемдік экология қоры және Бүкіләлемдік Банк көмегімен ұйымдастырылған бесік шеберханасын ашты. Сол жылы ол қайтарымсыз мың доллар грант ұтып, шеберханасына қажетті барлық құрал-жабдықтар мен аппараттар мен станоктар сатып алды. Жан-жақтан тапсырыстар түсті. Жылқыбай ағаның ұлдары Исламбек, Сәкен және Ерболат әкесінің қасынан үнемі табылып, қолұштарын бере жүріп, өздері де кәсіптің қыр-сырымен танысып, үйреніп алды.
-Ол кезде мен бесік, төсек, күбі мен келсап, ожау мен кеселер, абдыра, сандық, асханаға қажет оюмен өрнектелген ілгіштер мен ыдыс-аяқ қойғыштар жасайтынмын. Жасаған бұйымдарды темірмен, ағашпен өрнектеп, мәнерлейтінмін. Ағаштан жасаған бұйымдар төзімді әрі жеңіл болады. «Шеберлердің қолында кәсіп болған бұл ағаш»- деп Қашаған жырау жырлағандай, қазақ халқы өзіне қажетті бұйымын ағаштан ойып, қашап, жонып жасап алып отырған. Бұрынғы кезде ата-бабаларымыз көшпелі тұрмысында қолдануға ыңғайлы болғандықтан, тұрмыстық бұйымдарын тек ағаштан жасайды екен. Ағаштан жасаған бұйымдар, оның ішінде, әсіресе, төсек, бесік аршаның ағашынан жасалса, ол денсаулыққа өте пайдалы екен. Мысалы, Шерхан Мұртаза ағамыз өзінің балалық шағы жайлы еске алғанда, сол кезде көп бала шешек және басқа да аурулардан шетіней берген екен, ал ол кісі жатқан бесік арша ағашынан болғандықтан, сол ағаш өмірін сақтап қалған екен,- дейді Жылқыбай аға.
Жылқыбай Сейдалыұлы 2014 жылы зейнет демалысына шығады. Шеберханасын кеңітіп, есік, терезе, үстел және орындықтар жасай бастайды. Барлық жаңа затты ол алғашында өзінің отбасына жасап, қолданады. Одан басқа ағаш тілетін станокты құрылысқа қажет білте тақтайшалар, шатыр тіреуіштер, еденге қағатын тақтайлар жонып сүргілейді, кеседі, теседі, оюлайды, өңдейді және басқа да тапсырыстар орындайды.
Енді, міне, биылғы жазда ағаш шебері өрнектеліп, оюланған биік орналасқан сәкі-төсек (тапшан) отбасына жасап, қуантып отыр (суретте).
– Ауыл тұрғындары, көршілер көріп, келесі жылдың жазына дейін тапсырыс беріп отыр. Қандай ағаштан жасайтынымды жоспарлап, көктемде ағашты дайындап, кірісемін. Жаздың кезінде бау-бақшаларда, аулада көлеңкеде демалған, ұйықтаған өте ыңғайлы, – дейді ағаш шебері.
Тұңғыш Президент-Елбасы айтқандай: «Мәдени мұра» ұлттық рухани болмысы- оның мәдениеті өнері тарихында ғасырлар бойы жинақталған мұралары болса, осының бәрінің басын қосып, қорғап, сақтап, ғылыми жағынан талдап, насихаттап, келешек ұрпаққа аманат ететін – бұл мектеп. Ұлттық құндылығымызды, сақтап қалсақ, ата-баба дәстүрін қадірлей білгеніміз осы болмақ.
Гүлмира Дембаева.
Сурет автордікі,
«Жаңа өмір»