El іshі

Диқандықтардың Наурыз тойлау дәстүрі елге үлгі боларлықтай

Әр ауыл Наурыз мерекесін өзінше тойлайды. Әр ауылдың өз ерекшеліктері бар. Аудан орталығымен іргелес орналасқан ынтымағы мен ауызбіршілігі жарасқан Диқан ауылында 916 тұрғын өмір сүреді. Ауыл тұрғындарының көбі ауыл шаруашылығына ден қойған. Ал, жастар спорттың бірнеше түрімен айналысып, ұлттық спорттың дамуына үлестерін қосып отыр. Мұнда 27 «Күміс алқа» және жеті «Алтын алқа» алқаларына ие болған аналар бар.

Елді мекеннің көшелеріне толық жарықтандыру жүргізілген. Бір мектеп пен фельдшерлік амбулаториялық пункт тұрғындарға қызмет көрсетеді. Ауылдың ауызбіршілігінің арқасында жаңа мешіт бой көтеріп, жақында жеке меншік балабақша ашылып, пайдалануға берілді. Алдағы уақытта Жамбыл көшесі асфальттанып, жөндеу жұмыстары және көптен күткен 180 орындық жаңа мектептің құрылысы басталатын болады. Диқанда интернет және мәдени ошақтары жоқ, таза ауызсу жүйесі ескірген. Дегенмен де ауыл жастары ізденуден талмай, өнерлерімен көпшілікке танылып жүр.
Ұлыстың ұлы күні Наурыз мерекесі – көктемнің жарқын мерекесі. Жыл өткен сайын Наурыз мейрамы елімізді мекендеген бүкіл халықтың, ұлт пен ұлыстың сағынып күтетін ортақ мерекесіне айналып, жаңа мазмұнмен жарасымды сән-салтанатымен түрлене түсуде. Міне, осындай жаңашылдықты диқандықтар қолға алып, мерекені жаңаша тойлауда.
«Береке бастауы бірлікте» демекші, бірлесіп Ұлыстың ұлы күнінің жақсы деңгейде өтуіне әрбір тұрғын өзіндік үлестерін қосуда. Бұл уақытқа дейін Диқан ауылында бірнеше жыл қатарынан Наурыз дүркіретіп аталып өтіліп келген. Мерекені ұйымдастыру жағын мектеп әкімшілігі мойнына алса, қаржы жағын тұрғындар бірлесіп көтеруде.
Мерекенің қалай тойланатыны жайында Диқан орта мектебі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Қаракөз Қырғызбаева айтып берді.
– Наурыз – ізгілік пен мейірімділіктің, жаңарудың мерекесі. Жыл басы. Бұл күні ұлттық құндылықтарымыз ұлықталып, бірлігіміз нығая түседі. Мектеп басшысы Майра Қожақметқызымен бірге ауылда Наурыз тойын көпшілікпен тойлауды ұйымдастыруды көздедік. Ең алдымен қазақи салтпен тойдың алдында топжияр беріп, ауылдың белсенді азаматтарымен ақылдасып, кеңестік. Топжиярда мереке қалай тойланады, кім неге жауапты, қалай ұйымдастырылатындығы жөнінде ой тасталып, жан-жақты талқыланды.
Мерекеге дайындық он күн бұрын басталады. Үй-үйді аралап, «Төрлет, әз-Наурыз!» атты мерекелік іс-шараға арналып жасалған шақыру қағаздары таратылады. Ауылда үш көше бар. Үш көше тұрғындарына түрлі байқаулар, спорттық жарыстар, ұлттық салт-дәстүрлерімізге байланысты көріністер өткізілетіні хабарланып, оған белсенді түрде қатысуға шақырамыз. Әр көше өз көшелерінің намысын қорғауы керек.
Мереке күні мектеп алдында таңнан бастап үш қазанға үш көшенің келіндері Наурызкөже әзірлеуді бастайды. Бір киіз үй тігіліп, алтыбақан, ұлттық нақыштағы сахна орнатылады. Ұлыстың ұлы күніне орай мерекелік безендірулер, түрлі түсті шарлар ілініп, шатыр тігіледі. Әр көшенің атауы жазылып, үстел басына ілінеді. Ауыл келіндері ұлттық тағамдарға толы дастарқан жаяды.
Қыстан аман шығып, көктемдей жарқыраған мереке күні ауыл тұрғындарының жүзінде ерекше көңіл күй, қуаныш болады. Наурыз күні өзі де қыстан аман шығып, жыл бойына молшылық, тоқшылық болсын деген ниетте боламыз ғой. Міне, осы береке дәл осы күні көрініс табады. Жүздері бал-бұл жайнаған еңбектеген баладан еңкейген қартқа дейін ұлттық киімде, яғни қазыналы қарттар тақиясы мен шапанын, ақ жаулықты әжелеріміз кимешектерін, келіндер ақ орамалдары мен комзолдарын киіп келеді, – дейді Қаракөз Қырғызбаева.
Бұл күні мәре-сәреге түскен көпшілік өз көшелерінің намысы үшін әрі ұлттық құндылыққа құрметі ретінде жауапкершілік танытады. Әр көше тұрғындары шеруге қатысады. Шеруді ауылдық округтің қариялары бастап, одан әрі ұлттық киімдегі тұрғындар ауылдың алтыауызын айтып, әркім өзінше ерекшеленді. Дәл осы шеруде ат құлағында ойнаған кіл мықтылар сәйгіліктерімен өтіп, мерекенің сәнін келтіреді. Одан кейін жаттықтырушы Теміржан Бексұлтанов бастаған аудандық, облыстық, республикалық турнирлердің жеңімпаздары бірдей спорт киімін киіп, медальдарымен жарқырап өтеді. Бұрынғының салтымен бір-бірімен көрісіп, мал-жанның амандығын сұрасады. Көшті мектеп әкімшілігінің қызметкерлері аяқтап, шашу шашылып, жиналған көпшілік әр көше әзірлеген дастарқан басына жайғасады. Ауыл қариялары бата беріп, Наурызкөже таратылады. Кеште мектеп оқушылары өнерлерін көрсетіп, патриоттық әндер шырқалып, ұлттық билер биленеді.
Бұл күні үлкендер жағы «Ұлыс күні қазан толса, ол жылы ақ мол болар» деп нақыл айтып, ауылды бірлікке, татулыққа, ынтымаққа шақырады. Жыл басы наурыз күні айтылған ақ тілектер ақ болып, толық орындалады деп ырым етіп, қазақы салт-дәстүрге байланысты дайындаған көріністерге кезек беріледі. Бір көше «Тұсаукесер» рәсімін, бір көше «Бесікке салу» рәсімін, бірі «Тоқымқағар» рәсімін өткізеді. Сонымен қатар, «Әжелер сайысы», «Келіндер сайысы», «Жеңге мен қайынның айтысы» байқауларына, спорттық ойындардан арқан тартыс, бала күрес, әйел күрес, қол күрес, тоғызқұмалақ, асық ату, тағысын тағы басқа ұлттық ойындарға кезек беріледі. Көкпаршы Дүйсенқұл Тоғайбаев балаларды ұлттық спортқа баулу мақсатында жасөспірімдермен «Тай жарыс» ұйымдастырады. Ұлыстың ұлы күні тұрғындар арасында «Ең әдемі» ата, әже, келін, бала, қонақ анықталып, оларға сый-сияпаттар беріледі.
– Наурызтойда ауыл тұрғындарының әрқайсысының үлесі бар. Ешкімді бөліп жармаймыз. «Көп түкірсе көл» деген сөз бар емес пе?! Барлығы көпшіліктің арқасында өтеді. Ескіміз жаңарып, ел арасында қайта жаңғырады. Бұл – үйде отырған жандар үшін естен кетпес сәттер, рухани азық. Адамдар жүзінде шынайлылық пен сүйіспеншілік сезіледі.
Наурызтойда ауданның Құрметті азаматы Мұхан Перленбетов, Әсет Олжабаев, Сейсен Дүйсеқұлов, Батыр Әлімбеков, Бақтыбай Жақыпбаев, Қайсар Әсілбеков, Ұлықбек Өрісбаев, Расылхан Ахметов, Ілияс Жұманов, Дүйсенғали аға, Жазира Жәдігерова, Ғайша Әбдірахманова, Балагүл Жаңабаева, Құрал Тұңғышбаев, Тұрсынбек Байбосынов, Жақсыкөз бен Заки апа тағы басқа да азаматтар белсенділік танытып атсалысты, – дейді Қ.Қырғызбаева.
Ал, ауылдың келіні Әсия Айтмұхамбетова «Ең алғашқы жылдары Наурызтой ұйымдастырылғанда мен үйде бір айлық сәбимен отырып, мерекеге қатыса алмадым. Алайда көпшіліктің тамсанып айтқан әңгімелерінен тойдың ортасына болмағаныма қынжылдым. Көпшілік ауылда небір өнерлі жас келіндер бар екенін, ауылдың ұйымшылдығын, көптеген қазақтың ұлттық сал-дәстүрлері, жөн-жоралғылары, ұлттық ойындары бар екенін тағы бір еске түсіріп қайтқандарын көпке дейін айтып жүрді. Ал, екінші жылы өткен тойдың басы-қасында өзім де жүрдім. Бұл үрдіске үйренген тұрғындар өздерінше ерекшеленуге тырысып, бар өнерлерін ортаға салды. Естен кетпес мерекелі, берекелді бір күн болды. Дастарқанымызда молшылық, адамдардың көңілдерінде тоқшылық, баланың жүзінде күлкі көрінді» дейді.
Міне, Наурызтойын бүкіл ауыл болып, думандатып тойлайтын диқандықтардың бұл ісі көпке үлгі боларлықтай. Алдағы уақытта әрқашан осындай берекелі күнде ырыс мен нәсібін арттырып, бірлік мен ынтымағын жарастырған елді мекен осы қалпынан танбайды деген үміттеміз. Ескімізді жаңартып, мерейімізді үстем етіп, көпшілікке игі істерімен таныла беруіне, Ұлыс оң болып, ақ мол болуына тілектеспіз.

Таңдаулы материалдар

Close