Аудан әкімінің бас инспекторы Бақытгүл Жексекеева облыстың мемлекеттік мекемелері қызметкерлері арасында өткен сыбайлас жемқорлықпен күрес тақырыбына арналған эссе жазу сайысында екінші орынды иеленді. Сайысты облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасы мен ҚР Мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаменті ұйымдастырған.
Бақытгүл сайысқа Қарасаз ауылдық округі әкімі аппаратында әскери есеп үстелі инспекторы-бас маман қызметін атқарып жүрген кезінде қатысқан. Бұған дейін еліміздің орталық өңірінде әскер қатарында қызмет еткен жылдарда «Қазақстан Республикасына қызмет етемін!» деп елінің алдында берген антына Бақытгүл бүгін де берік.
Оның пікірінше, мемлекеттік қызметші ең әуелі тәртіпті, сыпайы, әдепті, әрбір жағдайда дұрыс шешім қабылдайтын, әрқашанда шындықты айтатын, адал, еңбекқор адам. Бұл қағида әр шенеуніктің басты өмірлік ұстанымына айналуы тиіс.
Бақытгүл Хасенқызы өзінің бүкіл қалыптасып-өсу жолына мемлекеттік қызметтің ықпалы зор деп есептейді. Өзі жазған эсседе бұған: «Неге дейсіздер ме? Өйткені, менің елімнің, ауыл тұрғындарының алдында басқаша болуыма ешқандай құқығым жоқ. Олар маған үлкен сенім артады, оны ақтай білуім керек» деген жауабы дайын оның.
Елдің алдында, өзі жастарға үлгі болып, Қарасаз ауылдық округінде лауазымдық міндеті бойынша ер адамдармен бір қатарда дала өрттерін ерікті топтармен дереу өшіруге барғанда, тез қимылдау, техниканы уақтылы шығару, адамдарды ұйымдастыру және шаруа қожалықтарының өсіп тұрған егіс алқаптарын сақтап қалу үшін дұрыс шешім қабылдауды үйренді.
Көктем мезгілінде су тасқынын болдырмау үшін алдын алу жолдарын қарастырып, ұжыммен біріге отырып, оның да шешімін тапты. Әріптестерімен бірге мемлекеттік бағдарламаларды іске асыруға, берілген тапсырмаларды нақты орындап, бір-біріне көмектесіп, өзінің білгенімен бөлісу, ұжымды алға тарту да үлкен шеберлік әрі оның жас мамандардың тәрбиесіне қосқан үлесі. Қарапайым адамдар үшін әрқашанда көмекке келу, түсіндірме жұмыстарын дұрыс өткізу, қойылған әрбір сұраққа оңтайлы шешім тауып беру мемлекеттік қызметшіге артылған үлкен жауапкершілік деп біледі.
Ол эсседе әбір мемлекеттік қызметшінің өзі атқарып отырған жұмысында жарқыраған із қалдыруы керек деп есептейді. «Біздің атқарып жатқан жұмысымыздың қорытындысында оң нәтижесі болуы керек. Мен ауылдағы жастарды әскер қатарына дайындадым. Жастарға әскери қызмет қандай екенін, Отан алдындағы қасиетті борышын түсіндіріп, қандай әскери білім алуға болатынын айтатынмын. Ата-аналарымен кері байланыста болып, түсіндіру жұмыстарын көп жылдары өткізгем. Ауылға жергілікті әскери бөлімнің сарбаздарын шақырып, жастармен кездесу кештерін ұйымдастырғам. Баланың патриоттық сезімін оятып, әскер қатарына психологиялық тұрғыда дайындап, қызметін адал атқарып, абыроймен оралуға осының бәрі көмектеседі деп сенемін. Бұл өзімнің алдыма қойған мақсатым. Қазіргі таңда менім жұмыс орным ауысты. Бірақ та, мен өз алдымда, мемлекеттік қызметші ретінде жаңа мақсаттар қойып отырмын. Оның бірі – әрі қарай адал жұмыс атқару» деп жазды Бақытгүл.
– Мен эссемде мемлекеттік қызметшінің келбетін, кәсіби қабілеті туралы ойымды және өзімнің осы жылдарда атқарған қызметіммен таныстыра отырып, сыбайлас жемқорлыққа біздің қатарымызда жол жоқ екенін айтқым келді. Әлеуметтік желілерде «мемлекеттік қызметшілер жемқорлық жасады» деген фактілер туралы оқығанда, менің намысыма тиеді. Өзіммен үзеңгілес, жасы үлкен мемлекеттік қызметшілердің тікелей міндеті жас мамандарға үлгі болу, осындай жаман жолдан оларды сақтандыру, тек таза жолмен жетістіктерге жетуді, абыройлы, сыйлы болуды үйрету деп есептеймін. Жемқорлықпен күрес жолында қатаң тәртіпті сақтауымыз қажет.
Эсседе сонымен бірге мемлекеттік қызметшілердің жұмысқа деген ынтасын, қызығушылығын ояту мақсатында әрбір мемлекеттік мекемеде тоқсан сайын олардың шеберлігін анықтау үшін байқаулар өткізуді ұсындым. Осы қағидаларды бойымызда ұстанған жағдайда, біз келешек ұрпаққа үлгі болып, мемлекетіміздің өркендеуіне үлесімізді қосып, берген антымызды абыроймен атқарамыз, – дейді аудан әкімінің бас инспекторы Бақытгүл Хасенқызы Жексекеева.
Абылайхан СӘРСЕН,
«Жаңа өмір»