El іshі

Татуласу – дауды шешудің ең тиімді әдісі

Медиация – билер сотынан бастау алатын құқықтық институт.
Қазақтың билер соты өзінің шынайылығымен халыққа ең жақын құқықтық орган болған. Құқықтық құрылымы және сот ісін жүргізуде өзіндік қалыптасқан бай тарихы бар, әлемдік үлгідегі классикалық соттарға қай жағынан да үйлесе алатын бірегей сот жүйесі екеніне дүние жүзіндегі ғалымдар нақты көз жеткізді.
Ұлтымыздың өзіне тән осындай құқықтық мәдениеті, оның халық алдындағы беделі мен рөлінің жоғары болуына билер сіңірген өлшеусіз еңбекті барлық қырынан танып білу қажет.
Қазақтыӊ билері әділ шешімдерімен елді аузына қаратып, дауласқан екі тараптыӊ да көӊілінен шығатын жүйелі билігімен ел құрметіне бөленгендігін айту қажет.

Билер даулы мәселелерді қарау кезінде барынша ашықтық принципті басшылыққа алып, тараптардыӊ мүмкіндігі не шектеу қоймай, екі жақты бітістіруге күш салған.
Қазақ қоғамында билердің даңқы әділ ісімен, тапқыр шешімдерімен ғана артқан. Қара қылды қақ жарған билердің атақ-абыройы бүкіл елге тарап, мыңдаған шақырымдардан даушылар іздеп келіп, төрелігін сұраған. Сол себепті, билер соты кәсіби тұрғыдан әбден шыңдалған, тәуелсіз сот билігі ретінде сақталып келді. «Тура биде туған жоқ» деген ұғым да осыдан қалса керек.
Қазіргі таңда бірінші кезекте құқықтық, азаматтық құқықбұзушылық қатынастардан туындайтын даулар бойынша соттан тыс реттеп, шешу, соттардан тыс тәртіппен жүргізу институттар жүйесін және оның оң тәсілдері мен тетіктерін дамыту тәжірибесін енгізуді және жүзеге асыруды қолға алған дұрыс. Қазіргі таңда аудан тұрғындары арасында болып жатқан жер, қарыз ақша өндіру, балағат сөз сөйлеу, келтірілген материалдық шығынды өндіру және т.б. азаматтық даулар немесе онша ауыр емес, орташа ауырлықтағы қылмыстық істер бойынша қақтығыстарды сотқа дейін билердің көмегімен шешуге болатынын білу қажет. Билердің ең бірінші мақсаты ренжіскендерді татуластыру, кетіскенді бітістіру, дауласушы жақтарды табыстыру, мейірім мен сыйластық, татулық пен берекені сақтау және нығайту.
Татуласу – дауды шешудің ең тиімді әдісі. Татуласуда уақыт жоғалмайды, ақша үнемделеді, қатынас үзілмейді, жүйке мен абырой-бедел сақталады. Денсаулығы мен алтын уақыттарын айтыс-тартысқа жұмсамайды.
Билер аудандық сотта ашылған медиация кабинетінде азаматтарды қабылдауды жүргізіп, даулар мен қақтығыстарды сотқа дейін және сотта қысқартуға көп жұмыс жасауда.
– Қазіргі таңда аудандық билер алқасының бес мүшесі бар және 14 ауылдық округтегі билер алқасында үш адамнан сайланды, барлығы аудан бойынша 47 би бар.
Жыл басынан бері аудан медиаторлары сотқа дейін 13 азаматтық дау шешуге мұрындық болған.
Халыққа мемлекет тарапынан үлкен мүмкіндік беріліп жатыр, бітімгершілік бүгінгі күнде дауларды, қақтығыстарды сотқа дейін шешудегі өте дұрыс жолдың бірі екенін тұрғындар білуі керек.
Ел мүддесі мен бірлігі үшін атқарған бұл қызметтің ауқымы кең, мәні зор болған. Сонымен бірге, ел ішіндегі бүкіл қоғамдық қарым-қатынастағы құқықтық нормаларға, ұлттық мінез-құлыққа тән әдет-ғұрыптар мен салт-санаға қылау түсірмей сақтау, жетілдіру, қазіргі тілмен айтқанда құқықтық тұрғыдан тәлім-тәрбие беру, заң ретінде жүзеге асыру сынды ұлттық идеология мен патриоттыққа баулу да билерге жүктелген, – дейді Жуалы аудандық сотының бас маманы – сот отырысының хатшысы Бақтияр Мамыр.

Абылайхан СӘРСЕН,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close