El іshі
Көп бала көгергенімізге жақсы
Бүгінде әлеуметтік саладағы мемлекет қолдауын сезініп отырған отбасылар аз емес. Бұл – мемлекеттің әлеуметтік жағынан аз қамтылған, сонымен бірге көпбалалы отбасыларға жасап отырған бірден-бір әлеуметтік көмек болып табылады. «Көбеймесек, көгермейміз» демекші, ұрпағының көп болуын ойлайтын халқымыз бен еліміздің демографиялық тұрғыдан өсуі әрине, қуантарлық жағдай. Алайда қазіргі нарықтық заманның талабы, азық-түлік пен коммуналдық қызметтердің шамадан тыс қымбат болуы көпбалалы отбасыларға оңай тимесі анық.
Атаулы әлеуметтік көмек мөлшері отбасының әр мүшесінің ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70 процентінің арасындағы айырманы құрайды.
Тұрмысы төмен отбасыларды ақшалай төлемдер түрінде және өз ісін бастауға оқыту, жұмысқа орналасуға көмектесу арқылы оларды өмірлік қиын жағдайдан шығаруға ықпал етеді.
Ал жеке кәсіппен айналысуға ниетті жандар үшін жеңілдетілген пайызбен шағын несиелер, бизнес ашу үшін қайтарымсыз гранттар ұсынылуда.
Осындай көмекті алатын отбасының бірі – Нұрлыкент ауылының тұрғыны Жадыра Үмбетова.
Жадыра Бітімбайқызы Маңғыстау облысы Бейнеу ауданы Үстірт ауылында туған. Ол көпбалалы отбасынан шыққан. Анасы өмірге 10 бала әкелген алтын құрсақты ана.
Жадыра Үстірт ауылындағы орта мектепті аяқтап, Жаңаөзен қаласындағы медициналық колледжді «Акушерка» мамандығы бойынша бітіріп шығады.
2005 жылы Нұрлыкент ауылының жігіті Болатбек Юсуповпен танысып, 2006 жылы екеуі шаңырақ көтереді.
Қазіргі таңда Жадыра көпбалалы ана. Жолдасы екеуі алты баланың ата-анасы. Үлкендері тоғызыншы сынып оқыса, кішкентайлары екі жаста.
-Нұрлыкент ауылындағы Юсуповтар отбасына келін болып түскеніме 15 жылдай болды. Мен де, жолдасым да көпбалалы отбасында өскенбіз. Сондықтан екеуміз де көпбалалы болуды қаладық. Жолдасымның анасы өмірге 12 құрсақ әкелген.
Күйеуім Болатбектің де, менің де тұрақты жұмысымыз жоқ. Отбасында алты бала тәрбиелеп, өсіріп отырмыз. Маусымдық жұмыстар болмаса, басқа жұмыстың, басқа табыстың көзі жоқ.
2014 жылы біз жолдасым екеуміз Маңғыстауға қоныс аудардық. Сол жақта бес жылдай тұрып, 2020 жылы Нұрлыкент ауылына қайта көшіп келдік. Сол жылы ауылдық округ әкімі аппараты мамандарының бағыт-бағдарымен керек құжаттарымды жинақтап, атаулы әлеуметтік көмекке қол жеткіздім. Мемлекет тарапынан берілетін көмек отбасымызға әжептеуір көмек болып отыр.
Бұған да шүкір дейміз. Бұрын бала санына байланысты азын-аулақ жәрдемақы алатынбыз. Үкімет тарапынан жаңадан қолға алынған атаулы әлеуметтік көмек біз сияқты отбасыларға үлкен қолдау.
Өзім колледжді бітіргеніммен мамандығым бойынша жұмыс істеген жоқпын. Үйде бала тәрбиесімен отырдым. Жолдасым қара жұмысшы. Қай жерде жұмыс көзі табылса, сол жерге барып жұмыс істейді. Ондай жұмыстардан біз ұялмаймыз. Өйткені балаларды асырап-бағу керек. Үкіметтен алатын ақшамызға балаларға, үйге керекті заттар аламыз.
Әр тоқсан сайын балаларға арналған азық-түлік пакеті беріледі. Оның ішінде балаларға арналған жармалар бар. Кір жуатын ұнтағы, сабыны тағы да қосымша заттары болады.
Нарықтық заманның талабына байланысты қазіргі таңда заттардың бағасы шарықтап тұр.
Әр оқу жылының басында киімге деп құжаттар жинаймыз және мектепте оқитын балаларым ыстық тамақпен қамтылған,- дейді көпбалалы ана.
Жалпы үкімет тарапынан көпбалалы отбасыларға көп көмек көрсетіліп жатыр. Ол да болса үлкен қолдау. Қаншама отбасы үш айлық, бір жылдық курстар оқып, шағын болса да өз кәсіптерін ашып, күнкөріс деңгейлерін жоғарылатуда.
Жадыра Үмбетова өз үй іргесіндегі жерін тиімді пайдаланып, оған көптеген көкөніс егіп, жаз бойы балаларымен еңбектеніп, өздеріне қажетті өнімдерін жинауда. Қолдары босап жатса, жолдасы мен үлкен ұлы науқандық жұмыстарға шығады.
-Бала-шағамызды жеткізуге қолдау, демеу болған үкіметтің қамқорлығын сезінгенімізге ризашылығымызды білдіреміз. Ауылдағы біз сияқты көпбалалы отбасыларға ауылдық округ әкімшілігінің мамандары мен мектеп басшылары әрқашанда көмектерін аямайды.
Үкіметке, аудан, ауыл басшыларына шын жүректен алғысымды білдіремін,- дейді Жадыра Үмбетова.
Көпбалалы отбасылар елімізде көп болсын! Оларға тек үкімет тарапынан емес, қоғам болып демеу көрсету – баршамыздың парызымыз.
Баян Тұрсынқұлқызы,
«Жаңа өмір»