El іshі
Сенген туысыңыз жатқа айналып, мүлікті дауласа?…
-Осыдан он жылдай бұрын күйеуімнің жиені үйленіп, жоғары оқу орнын бітірген келіншегіне «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасымен тұрғын үй сатып алуға мемлекеттен қаражат бөлінеді. Осы қаржыны игеру мақсатында жиеніміз бізге келіп, «Сіздердің тұрып жатқан үйлеріңізге сатып алу-сату шартын жасап, мемлекеттен аударатын ақшаны Сіз бізге бересіз. Бірақ, өз үйіңізде тұра бересіздер. Несие мерзімі біткеннен кейін үйді өз атыңызға аударып береміз» деп ұсыныс айтты.
Біраз ойланғаннан кейін біз келісімімізді беріп, «үйді саттық» деп келіннің атына рәсімдеп, мемлекеттен түскен ақшаны күйеуім өз шотынан алып, оларға берген. Алайда, несие мерзімі аяқталғаннан кейін үйді қайта өз атымызға рәсімдеу ойымызда болмапты.
Міне, арада он жылдай уақыт өткенде жиеніміз әйелімен сот арқылы ажырасып, үйдің заңды иесі болған келіншегі осы үйді заңды ортақ некеде алынған дүние-мүлік ретінде талан-таражға салу мақсатында сотқа арыз берген.
Үйдің іс жүзіндегі иесі біз бұл жағдайда не істей аламыз? Үйді қалайша өз меншігімізде қалдыра аламыз?
С.А.,
Қайрат ауылы
Сұраққа Жамбыл облысы адвокаттар алқасы Жуалы аудандық заң кеңесінің меңгерушісі АЛАГӨЗ Нұрғиса Сәдуақасұлы жауап береді:
– Біріншіден, Сіздің күйеуіңіз екеуіңіздің мұндай қадамға баруыңыздың өзі заңға сыйымсыз. Дегенмен, Азаматтық кодекстің 157, 158, 159-баптарының талаптарына сай Сіздер өздеріңіздің бұзылған құқықтарыңызды қалпына келтіру үшін алғашқы жасалған сатып алу-сату мәмілесін жарамсыз деп тану туралы сотқа талап арызбен жүгінулеріңіз қажет.
Азаматтарға ескерту ретінде айтарымыз, жақын туған-туыспыз деп, заңды салдар туғызатын іс-әрекеттерге барар алдында ойланып, ондай іс-әрекетке бармауға кеңес береміз. Себебі, уақыт өте келе, күндердің күнінде сенген туысыңыз жатқа айналып, сіз ойламаған жағдайлар орын алуы мүмкін.
Дайындаған Абылайхан СӘРСЕН,
«Жаңа өмір»