El іshі

Наурыз айында туған Наурызбектер

Көктемнің жаршысы наурыз айы кімге болса да ыстық. Айнала құлпырып, адамның жан дүниесінде мамыражай көңіл-күй мен қонақжай мейірім орнайтын бұл айды қазақ халқы ерекше құрметтеп, дүниеге келген сәбиге наурызды ырымдап, жақсы ат қоюға тырысқан.
Әсіресе, ата-бабаларымыз Наурыз мерекесінде немесе наурыз айында дүние есігін ашқан балалардың өмірі құт-берекеге толсын деп оларған Наурыз атауымен байланысты есімдер қойған. Наурызды ырымдаудың арқасында болса керек, аты алты алашқа танылған Наурызбай батырдың есімі халық жадында мәңгі қалды. Тарихта наурыз есімімен байланысты тағы бір тұлға бар. Ол – Бату әулетінен шыққан Алтын орданың соңғы билеушісі Наурыз хан.
Наурыз парсы тілінен аударғанда «жаңа күн», «жылдың басы» деген мағынаны білдіреді. Халқымыз наурызда дүние есігін ашқан балаларға Наурыз, Наурызбай, Науырызғали, Наурызбек, Наурызмұхамет, Наурызәлі, Наурызбас, Наурызжан, Наурызхан, Наурызмахамбет сияқты есімдер берген. Кейінгі жылдары қойылған Наурызгерай деген де есім болған. Наурызды қысқаша қайырып «науан» деп те атаған. Наурыз есімін арқалаған жандарды «Науан» деп те еркелетіп жатады.
Ал қыз балаларға Наурыз, Наурызбике, Наурызгүл, Наурызек, Науан есімдерін қойған. Көктем мағынасын білдіретін Баһар, Баһаргүл есімдерін де берген.

Наурыз айында, Наурыз мейрамында туған балалар біздің ауданда бар. Солардың бірі Көлбастау ауылының тумасы дәл 22 наурызда дүниеге келген Наурызбек Тлесбаев.
Наурызбек Нұрғалиұлы 2008 жылы аудан орталығындағы №1 мектеп-гимназияны аяқтап, Тараз қаласындағы Тараз инновациялық-гуманитарлық университетінің «Химия» мамандығы бойынша бітіреді. Наурызбек әрі қарай білімін шыңдау үшін М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің магистратурасында оқып, «Техника» ғылымдары бойынша диплом алып шығады.
-Мен өмірге 1991 жылы дәл Наурыз мейрамы күні келіппін. Сол жылдары Наурыз мейрамы қайтадан жаңғырып, тойланып жатқан кез екен. Менің есімімді өзімнің атам Жұман Наурыз мерекесінің құрметіне қойған. Туған күнім Наурыз мейрамымен тұспа-тұс келгендіктен біз сол күні үйде наурызкөже дайындап, үлкен дастарқан жайып, туған-туысқандар үйге жиналып, Наурыз мейрамын тойлап, бір жағынан менің туған күнімді де атап өтеміз.
Өзім негізінде Күреңбел ауылында тұратын нағашы апам Үрзияның қолында көбірек болдым. Ол ауылда Наурыз мейрамын ерекше тойлайды. Ауылдағы мәдениет үйінің жанына дастарқан жайып, наурызкөже дайындап, ауыл тұрғындарының бәрі бір үйдің баласындай жұмылып, бір-біріне көмектесіп, құттықтап жатады, -дейді Наурызбек Тлесбаев.
Наурызбек отбасында үш ұл, бір қыз. Әкесі Нұрғали Тлесбаев үйде мал шаруашылығымен айналысады. Ал анасы Нұрсәуле Көмекбаева «Мөлдір бұлақ» бөбекжай-балабақшасында тәрбиешінің көмекшісі болып жұмыс істейді екен. Наурызбек алғашқы еңбек жолын «Жастар тәжірибесі» бағдарламасымен бастаған. 2014 жылы Диқан ауылындағы №27 Диқан орта мектебіне химия пәнінің мұғалімі болып орналасады. 2017 жылдан бастап аудандағы «Халықты жұмыспен қамту орталығына» маман болып қызметке орналасады. Оның негізгі міндеті тұрғындарға қоғамдық ақылы жұмысқа, тұрақты жұмыс орындарына жолдама беру болып табылады. Әріптестері Наурызбектің өз жұмысына жауапты, тиянақты, мінезі жайдарлы, адамдармен тез тіл табысатынын айтады. Бір істі бастаса аяғына дейін апарады деп өз ойларын айтты.
-Өзім осындай жайма-шуақ кезде Ұлыстың ұлы күнінде туғаныма қуанамын,- дейді ол. Наурызбектің өмірлік жары Жұлдыз Бейшен Алатау ауылының тумасы. Екеуі 2018 жылы шаңырақ көтерген. Жұбайы да халықты жұмыспен қамту орталығында әлеуметтік жұмысшы болып қызмет атқарады. Екеуі отбасында Айзере есімді бір қыз тәрбиелеп отыр.

Аты айтып тұрғандай, Наурызбек Манас 2007 жылы Қошқарата ауылында көпбалалы отбасында дүниеге келген. Қазіргі таңда ата-аналары Б.Момышұлы ауылында тұрады. Наурызбек №19 Д.Қонаев атындағы мектеп-гимназияның 8 сынып оқушысы.
-Мен көктемнің алғашқы айы наурызда туылыппын. Есімімді өзімнің Манас атам Наурызбек болсын деп қойды. Мен кішкентайымнан көбінесе атам мен апамның қолында өстім. Сол кісілердің тәрбиесінде болдым. 3 сынып оқып жүргенде өзімнің ата-анамның қолына қайтып бардым. Мен үш-төрт жылдан бері, орталық стадиондағы спорт мектебіндегі күрес, дзюдо үйірмесіне қатысамын. Көптеген ауданаралық жарыстарға қатысып, ІІ-ІІІ орындардан көріндім. Қазіргі таңда Талдықорған қаласында өтетін республикалық жарысқа дайындалып жатырмыз,- дейді Наурызбек Арманұлы
Наурызбек үйінде төрт ұл, екі қыз. Әкесі Арман Дербісалиев үйінде мал шаруашылығымен айналысады. Ал анасы Меруерт Қалдарбекқызы Қаратау қаласының тумасы, көпбалалы, «Күміс алқа» алқасын иеленген ана.
Анасы Меруертпен де тілдескен едік. Ол ортаншы ұлы Наурызбек туралы:
-Баламның мінезі жайдары, адамдармен тез тіл табысады. Мектепті орташа үлгеріммен оқиды. Сабақтан бөлек, көптеген үйірмелерге қатысады. Негізінен Наурызбек қазақ тілі мен әдебиет пәніне жақын. Кішкентайынан кітап оқығанды жаны сүйеді. Арасында шабыты келіп, өлең де шығарады. Өлеңдері мектептегі қабырға газетіне жарияланып отырады. Бұл балам басқа балаларыма қарағанда ерекшелеу,- дейді анасы өз сөзінде.
Кішкентай Наурызбекке біз осы алған бетінен қайтпай, үлкен ағалары сияқты білімді де білгір бола бер дегіміз келеді.

Біздің келесі кейіпкеріміз де дәл Ұлыстың ұлы күні Наурыз мерекесі күні дүниеге келіпті. Наурызбай Талапты ауылында 2000 жылы колхоз адамдары Наурыз мейрамын тойлап жатқан күні Әдібай қарияның шаңырағында өмірге келген. Ауылдың ақсақалдары, тұрғындары наурыз мейрамында туылды есімі Наурызбай болсын деп, ырымдап қойыпты. Содан оны атасының емес халықтың баласы деп атап кеткен.
Наурызбай Дінмұхамедұлы Талапты ауылындағы Б.Момышұлы атындағы орта мектепті 7 сыныпқа дейін оқып, әрі қарай оқуын Алматыдағы «Дарын» республикалық мектебінде жалғастырады. Қазіргі таңда Алматы қаласында Қ.Сәтбаев атындағы политехникалық университеттің «IT» мамандығында оқиды.
-Өзім кішкентайымнан сабақты жақсы оқыдым. Әсіресе физика-математика мамандығына жақын болдым. Болашақта осы пәндерді тереңдетіп оқытатын жоғары оқу орнына түссем деген арманым мені 7 сыныптан кейін «Дарын» республикалық мектебіне түсуіме себеп болды. Біз отбасымызбен ақылдаса келе осы мектепке құжаттарымды тапсырып, өз бағымды сынап көрдім. Жолым болып, мектепке қабылдандым. Бұл мектепте негізінен қазақ тілі мен әдебиет пәндерін тереңдетіп оқытады. Біз онда 100 бала оқысақ, соның 60-ы қазақ тілі мен әдебиеті таңдаса, қалғанымыз физика-математиканы таңдадық. Мен ол мектепте көптеген іс-шараларға қатысып, сол мектептегі оқушылардың «Бірлік» ұйымының президенті болып тағайындалдым. «Дарын» мектебінде оқып жүргенде жетекшім Меруерт әпкейдің үйреткен білімінің арқасында физика пәнінен көптеген ғылыми-жобаларға қатыстым. Алматыда, Байқоңыр қаласына барып ғылыми-жобалар қорғап, Қазақстанның барлық жоғары оқу орындарына емтихансыз грант негізінде оқуға жеңілдік сертификатын жеңіп алдым,- дейді Наурызбай Әдібай.
Наурызбайдың анасы Бақыткүл Нұралиева көпбалалы, «Күміс алқалы», өмірге алты бала әкелген алтын құрсақты ана. Қазіргі таңда №22 Б.Момышұлы атындағы орта мектепте өзін-өзі тану пәнінен сабақ береді. Ал әкесі Дінмұхамед Нұралиев аудандық өрт сөндіру бөлімінде қызмет атқарады. «Қариясы бар үйдің қазынасы бар» демекші, үйлерінде сексеннен асқан Қойсынкүл апасы өз білген-түйгенін немерелеріне үйретіп отырады екен. Наурызбайдың өзінен кейінгі іні- қарындастары да мектепті, жоғары оқу орындарын жақсы үлгеріммен оқиды екен.
-Біз 22 наурызды ерекше атап өтеміз. Бұл күні үйде анам наурызкөже дайындайды, тағы да басқа тәттілер пісіріп, үлкен дастарқан жаямыз. Көршілер, туысқандар келіп мәре-сәре боламыз. Бұл күні мейрам да, туған күн де тойланады. Дәл осы күні туғаныма қуанамын. Мінезім де сол көктемнің жайма-шуақ мінезіндей жайдарлы,- дейд ол.
Наурызбай бізбен өзінің алға қойған мақсат, жоспарларымен де бөлісті. Ол жоғары оқу орнын бітіріп, әрі қарай білімін шыңдағысы келетінін, мүмкіндік болып жатса шетелде білім алсам дейді. -Жақсы жұмысқа орналасып, халқыма пайдамды тигізсем, ата-анама көмектессем. Менің болашақта арманым,- осы деді ол өз сөзінде.
Біз де білім жолын таңдаған Наурызбайға алар асуларың әлі алда, тек қанатың талмай алға ұмытыла бер дегіміз келеді.
Бала дүниеге келгенде әр саналы отбасы оған жарасымды әрі әдемі есім беруге тырысады. Кейбірі заманына сай, ел арасында кең таралған, заманауи есімдерді қойып жатса, кейбірі ата-бабаларының, ұлы тұлғалардың есімін, кейбірі ежелгі есімдерді, ал кейбіреулері мейрам күндері туған балаларына мейрамға сәйкестендіріп қояды.
Жаңа туған сәби болашақта сыйлы, құрметті, үлкен азамат болсын деген үмітпен ата-анасы ырымдап айтулы даталарда туған балаларының атын жасы үлкен, сыйлы адамға ат қоюға қолқа салған.
Көбіне қазақтар ырымдап ат қойған. Мысалы, ертеректе бала туысымен ең алғаш кездескен кісінің атын қою дәстүрі болған. Мұны жақсы ырымға балаған.

Таңдаулы материалдар

Close