El іshі

Аққудай қатар жүзген теңіздегі …

сәні жарасып, арман-тілегі бір арнаға тоғысқан қарасаздық Омаровтар отбасы жайлы бір үзік сыр

Ауыл-аймақтағы ағайынға, көпке сыйлы, абыройлы, ынтымақ пен бірлігі жарасқан, үлгілі Айгүл және Нұртаза Омаровтар отбасы туралы көп айтып, көп жазса да жарасады. «Дарақ бір орнында тұрып, көгереді» дегендей, отағасы Нұртаза сәулелі ғұмырын мемлекеттік басқару саласына арнап, ұзақ жылдар ауылдық кеңестің төрағасы, одан кейінгі жылдары ауыл әкімі қызметтерін абыроймен атқарған. Ал жеңгеміз Айгүл ауыл мектебінде жас ұрпаққа сапалы білім, саналы тәрбие беру жолында еселі еңбек етіп, қызмет сатысымен мектеп директорының оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, мектеп басшысына дейін өскен жан.

Айгүлдің жалпы ұстаздық өтілі 43 жыл болса, соның 11 жылында жай мұғалім болып істепті. Білім саласындағы жұмысы 1978 жылдан басталған. 2017 жылы осы мектептен директордың орынбасары лауазымында зейнетке шықты. Зейнетке шыққаннан кейін де қалып, бір жыл жұмыс істеді.
– Мен өзім кезінде Сарыағаш, қазіргі Келес ауданының орталығы Абай ауылында дүниеге келгем. Сегізінші сыныптан кейін үйдегілер «Жетісайдағы педучилищеге түсіп, мұғалім бол» деді. Мен бірақ агроном мамандығын таңдадым. Жастайымнан нағашы әжемнің тәрбиесінде болғам, ол кісі ескіліктің адамы болғандықтан, менің таңдауыма бәлендей мән берген жоқ. Содан «училищеден техникумның дәрежесі бір иық жоғары тұрады» деген оймен, Мақтаралдағы совхоз техникумға өзім қалаған мамандыққа оқуға түстім. Жалындаған жастық шағымыз осында өтті.
Болашақ жарым Нұртазамен осы техникум қабырғасында оқып жүргенде таныстым. Онда бұл кісі әскер қатарынан келіп, шаруашылықтың жолдамасымен оқу орнының механикаландыру бөліміне оқуға қабылданыпты. Ол әскер қатарынан келгендіктен, бірден екінші курстан бастады. Мен одан бір курс жоғары оқимын. Қыздар бөлек, ұлдар бөлек жатақханада тұрамыз. Бірақ, оқу корпусымыз бір, дәлізде, кітапханада, мәдени, мерекелік іс-шараларда жолығып қалып жүрдік, кейде құрбы-құрдастардың туған күнінде боламыз. Содан арамызда жылы сезім пайда болып, бір-бірімізді ұнаттық.
Техникумды бітіріп, қоштасатын да кез келді. Бірге оқыған екі-үш қыз оқу орнының жолдамасымен Жамбыл облысы Сарысу ауданындағы Байқадам жеміс-көкөніс кеңшарына агроном болып кете бардық. Сонда жас маман болып, кеңшар бөлген үй-жайда тұрып, бір-екі жыл агроном, кейіннен бас агроном болып жұмыс істедім. Нұртаза мен жұмыс істеген кеңшарға келіп-кетіп, жағдайымды біліп тұрды. Бұл 1974-75 жылдар еді.
Келесі жылы Нұртаза да оқуын аяқтап, туған ауылы Қарасаздағы (Петровка) Пушкин атындағы орта мектепке еңбек пәнінің мұғалімі болып жұмысқа орналасты. Сол арада менің де жолдамамен барған уақытым аяқталып, 1977 жылы Қарасаз ауылындағы Омаровтар әулетіне келін болып түстім.
Мұнда келгеннен кейін кеңшарда маған агроном мамандығымен жұмыс табылмады. Мектепке биология пәнінің мұғалімі болып жұмысқа тұрдым. Дегенмен жоғары оқу орнына түсіп, біліктілігімді шыңдау қажет болып, Алматыдағы Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтының биология факультетіне сырттай оқуға түсіп, аяқтап алдым. Әрі қарай мен үшін қызықты да, қимас жылдар жөңкіліп жүре берді. Дүниеге ұл-қыздар келе бастады, – дейді Айгүл.
Нұрекең мектепте ұстаз болып жұмыс істеп жүріп, бірнеше жылдан кейін директордың оқу ісі жөніндегі орынбасарлығына жоғарылатылды. 1988 жылы аудан орталығындағы оқу-өндірістік комбинаттың директоры болып ауысты. Ол басқарған кезеңде комбинаттың материалдық-техникалық базасы нығайып, техникалар паркі жаңарды, жаңа көрнекі оқу құралдарымен жабдықталды. Техникалық пәндерді оқыту сапасы артып, шеберлердің біліктілігі жетілдірілді. Осылайша, аз уақыттың ішінде жұмысы тұралаған мекемені үздіктер қатарына шығаруға көп еңбек сіңірді. Бұрын оқу техникаларын жүргізу үшін жанар-жағар май жеткіліксіз болса, директордың аудан басшылығына қойған талабымен бұл мәселе оң шешімін тапты. Оқу-өндірістік комбинаттан оқып шыққан түлектер ауыл шаруашылығына қажетті механизатор, жүргізуші мамандықтарын игеріп, аудан шаруашылықтарына жолдама алып жатты.
Пенденің алдағы тағдыры тек Аллаға ғана аян екені белгілі ғой. Нұрекеңнің туған ауылына қайтып, мүлдем басқа салаға, сайланбалы басқару органының жұмысына араласамын деген ой үш ұйықтаса да, түсіне кірмеген. Аз уақыт ішінде өз ісіне мығымдылығымен, табанды, әрі жауапты басшы ретінде танылып, ұйымдастыру шеберлігімен ерекшеленген Нұрекеңе аудан басшылары халық депутаттары Петровка ауылдық советінің төрағасы қызметін ұсынды. Ол кезде партияның ұсынысы талқыға жатпайтын.
Сонымен Нұртаза Омаров 1989 жылы өзі туып-өскен Петровка ауылдық кеңесінің төрағасы болып сайланып, ауылдың басқару тетігін қолына алды. Ол кезде ауылдағы Карл Маркс атындағы кеңшардың дүрілдеп тұрған шағы. Бесжылдықтар қорытындысымен Ауыспалы Қызыл туды жеңіп алып, өнімдері Мәскеудегі КРО Халық шаруашылығы жетістіктері көрмесіне жөнелтіліп жататын. Алғаш күннен бастап кеңшар басшысы Иван Иванович Заварыкинмен ортақ тіл табысып, ауылдың экономикасы мен еңбекшілердің әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсартуға бірге күш салды. Соның арқасында ауылда, кеңшардың бөлімшелерінде мектеп, мәдениет ошағы, балабақша сынды әлеуметтік нысандар салынып, пайдалануға берілді. Жолдар салынып, жаңа ауыз су құбырлары тартылды.
Еліміз Тәуелсіздігін алғаннан кейін ұмыт бола жаздаған ұлттық салт-дәстүрлерді қайта жаңғырту, ана тіліміздің өрісін кеңейту міндеті тұрды. Алдымен жер-су атауларын өзгерту қажет болды. Көпшіліктің қолдауымен кеңшар орталығы Петровка ауылының байырғы Қарасаз атауы қайтарылды. Кеңшарға қарасты Ясная Поляна, Юрьевка бөлімшелері тиісінше, Ақбастау, Қарасу ауылдары болып өзгертілді. Елдімекендердің көшелері де заманға сай жаңа атаулармен қайта аталды. Мұның бәрінде Нұрекеңнің азаматтық белсенді ұстанымы, халқына адалдығы мен елім деп соққан жүрегінің лүпілі танылып тұрды.
1992 жылы елімізде жергілікті мемлекеттік басқарудың мүлдем жаңа формасы пайда болып, әкімдер институты енгізілді. Нұртаза Омаров ауданда алғашқылардың бірі болып, Қарасаз ауылдық округінің тұңғыш әкімі болып тағайындалды. Содан бері зейнетке шыққанға дейін мемлекеттік басқару саласында жемісті еңбек етіп, ауыл-аймақтың гүлденуіне, халықтың әл-ауқатының артуына сүбелі үлесін қоса білді.
«Би бол, немесе би түсетін үй бол» дегендей, Омаровтардың қонақжай шаңырағында Үкімет басшысы, Парламент депутаттарынан бастап, облыс, аудан басшылары болып, Айгүл жеңгеміздің қолынан дәм-тұз татқан.
Бірде Сергей Терещенко Үкімет басқарып тұрғанда, Жуалы ауданына жұмыс сапарымен келетін болады. Өңірдің бірқатар шаруашылықтарын аралағаннан кейін мәртебелі мейманға қонақасы әзірлеу керек болып, оны дайындап, ұсыну үшін таңдау мінезі ашық, көпшіл Айгүл жеңгейге түседі. Ол кезде Айгүл Пушкин орта мектебінде директордың орынбасары болып істеп жүрген кезі.
– Аудан басшылары айтқан тапсырма орындалуы керек. Қонақасы Теріс өзенінің жағасында бұрынғы Пахомов атындағы пионер лагерінде берілетін болды. Тамақты үйден пісіріп апардық. Белі майысқан аста-төк дастарқан дайындалды. Ол кісінің жеңсік асын арнайы аспаз шақыртып, пісірдік. Не керек, жанға керектің бәрі табылды. Тек астан кейін тоқбасарға ұсынатын «Птичье молоко» конфетін табу қиынға соқты. Абырой болғанда, аудандағы бар дүкендерді шарлап жүріп, осы күнгі базардың жанындағы «Уют» дүкенінен конфеттің бірнеше қорабын таптық. Қуанышымыз қойнымызға сыймай, әлгі конфетті алып, қонақтың алдына тостық.
Ауданның бірінші басшылары ертіп келіп, Терещенко дастарқан басына жайғасты. Дәм үстінде олар оны-мұны әңгіме етіп айтып отырды. Ас ішіліп болғасын, артынан шай келгенде, Үкімет басшысы «Птичье молокоға» қолын созып, бір тістеп алып, конфетті қолына алып қарай берді. Сөйтсе, әлгі конфет құрттап кеткен екен. Біз қапелімде не дерімізді білмей, әбден састық. Аудан әкімі орынбасарына қарады. Ал орынбасары бізге адырайып, ала көзімен қарады. Біз болсақ, жанымызды шүберекке түйіп тұрмыз. Терещенко өте қарапайым кісі екен. «Құрт тек таза өнімге түседі. Бұл таза конфет болды ғой» деп құртын алып тастап, жей берді. Бәріміз сол арада «үф» деп бір жеңілдеп қалдық. Сондай бір қызықты сәт болған, – деп еске алады Айгүл.
– Парламент Мәжілісінің екі шақырылымдағы депутаты Әбдіманап Көпбергенов үйде екі мәрте болды. Алғаш ауданға үгіт-насихат жұмыстарымен келгенде, біздің ауылға жолы түсіп, үйімізге қонаққа келіп қалды, – деп жалғады жұбайының сөзін Нұртаза аға. – Ол кезде мен ауыл әкімімін. Біз келген қонақты лауазымына, немесе шен-шекпеніне қарап, үлкен-кіші деп бөліп-жармаймыз. Қайсысы келсе де, беретін асымызды бар ықыласпен, мейірбан, шын пейілмен алдына тосып, барынша көңілінен шығуға тырысамыз.
Әбдіманап аға Сарысу ауданының әкімі болып жүрген жерінен депутаттыққа ұсынылыпты. Ол тұстағы депутаттар белсенді, елмен тығыз байланыста болатын. Өзі де қарапайым кісі екен, әңгімеміз лезде жарасып, қонағымыз риза болып, аттанды. Содан көп ұзамай, ол кісі депутат болып сайланды.
Осы тұста әңгімеге Айгүл жеңгеміз араласып, «Әбдіманап ағай ауданға келесі жолы келгенінде, Нұртазаны іздепті. Ол кезде Үкімет тарағанда, облыс әкімінен бастап, аудан, ауыл әкімдеріне дейін Үкіметпен бірге отставкаға кетуші еді. Ауданда аз ғана уақыт әкім болып істеген Бақыт Оспанов ауыл әкімдерін өз өтінішімен қызметтен босатып, Нұрекең де біраз уақыт жұмыссыз жүріп қалды.
Адамдардың шын болмысы мен қарым-қатынасы осындайда білінеді екен. Алдында ауылдық кеңесті басқарған, кейін ауыл әкімі болып тұрғанда, үйге күн құрғатпай келіп, шықпай жүргендер төбе көрсетуге, тіптен хал сұрасуға да жарамай қалды. Қанша тауы шығылып, сағы сынса да, жұмыс сұрап жалынып, ауданға бармады. Өмірдің қандай да бұралаң сәттерінде мен оған үнемі жанынан табылып, қолдау көрсете білдім.
Осындай әрі-сәрі күй кешіп жүргенде, үйге Әбдіманап ағайдың тағы келіп қалмасы бар ма? Оның «ештеңе жоқ, бір есік жабылса, бір есік ашылады» деп Нұрекеңді жылы сөзімен демеп, көңілін көтеріп кеткені әлі есімнен кетпейді» дейді Айгүл жеңгей. «Бізге жанашыр болатын сондай-ақ ол кісі кім?! Үйден бар болғаны бір мәрте дәм татты емес пе?» деймін ғой іштей өзіме. Сөйтсем, «Бір күн дәм ұсынғанға мың күн сәлем» деген қазақтың мәтелі бар емес пе?! Кейіннен ағай осы мәтелді жадында ұстап, қолынан келген жәрдемін көрсеткен екен ғой» деп ойладым. Онымен танысып, аралас-құралас болмасақ та, ол кісіге қатты риза болдым. Содан Нұрекең де көп ұзамай өз қызметіне қайта тағайындалды» дейді Айгүл жеңгей сөз арасында.
Жеңгейдің мінезінің жайлылығы, қолының ашықтығы болса керек, шаңырағынан мейман бір үзілмеуші еді. Нұртаза аға оқта-текте қызмет бабымен ауданға сапарлап келген қонақтарды бастап, үйге келіп тұратын. Қызметтегі әріптестері мен сол кездегі ауданның білдей бөлім басшылары да жиі келіп, кетіп тұратын. Бірақ, сол кезде олар қызмет бабымен өсуді, мәнсап қуалауды ойламапты. Әйтпесе, басшы болғысы келсе, осы сәтті пайдаланып, болып алар еді ғой.
Шерағаң туған жеріне келгенде де, оны талай шаңырағында күткені, Теріс өзенінің жағасына қазақ үй тігіп, дастарқанын дайындауға, күтуге қатысқаны бар.
Бүгінде Омаровтар отбасының қатысуынсыз округте өтетін көпшілік іс-шаралар некен-саяқ. Нұртаза ағай жергілікті қоғамдастықты басқарады әрі аймақтағы билер кеңесінің төрағасы ретінде өңірдегі кез келген дау-шарға араласып, бар өмірлік тәжірибесі мен білім-білігін араздасқан ағайынды жарастыруға жұмсап жүрсе, Айгүл жеңгеміз ауылдағы Аналар алқасын, Әжелер ансамблін басқарады. Әрдайым басқа да қоғамдық жұмыстардың бел ортасында жүреді.
– Өмір болған соң отбасында кейбір ұсақ-түйек мәселелер болып жатады ғой. Мен ондай жандарға өзімнің өмірден түйген тәжірибемді пайдаланып, ақыл-кеңесімді айтамын, қолымыздан келген көмекті беріп, түйінді шешіп беруге, жақсылық жасауға тырысамын. Аналар алқасын құрғандағы мақсатымыз осы еді. Бұл жұмыс бәлкім, біреулерге ұнар, ал біреулерге «қартайғанда не бар, осы?» деп ұнамауы да мүмкін. Бірақ, ол өзіме ұнайды.
«Әжелер ансамблін» құрағанда да сондай. Біраз жылдан бері «Nur Оtаn» партиясы бастауыш партия ұйымының, цехтық ардагерлер ұйымының төрайымымын. Цехтық ардагерлер ұйымына мектепте жүргенде сайланғам, жалпы, көпшілік жұмысты жаным қалайды, – дейді Айгүл Омарова.
Айгүлдің жас ұрпақ тәрбиесінде көңілге тоқығаны көп. Әсіресе, оның жұптар арасындағы жарасым, ене мен келіннің арасындағы сыйластық жайында айтқан келелі ақыл-кеңесіне құлақ түрген жандар бақыттың кілтін тауып, отбасындағы тыныштық пен ынтымақтың сәнін келтіреді. Өзі де келін болғанда, енесіне үйіндегі ұрыс-керіс туралы тіс жарып айтпайтын. Бір шәй деспей, сыйласып өмірден өткен ата-енесі оған өмір бақи риза болып, батасын беретін. Жігері жасиды деп, отағасымен балалардың көзінше ұрысқан емес. Қазір осыны өзінің ұл-қыздарына, жас отбасыларға насихат етіп айтып отырады.
Сәні жарасып, арман-тілегі бір арнаға тоғысқан Омаровтардың шуақты шаңырағында екі ұл, бір қыз дүниеге келіп, бүгінде қызы қияға, ұлы ұяға қонған. Ұлдары Талғат пен Марат, қызы Аида өздері қалаған мамандықтың иелері. Айгүл мен Нұртаза Омаровтар бүгінде төрт немеренің бақытты атасы мен әжесі атанып, Алланың әр күніне шүкір етіп, шат-шадыман күй кешіп жатқан жайы бар.
Айтпақшы, біз үлкен астың үстінде әңгімелесіп отырғанда, ауылда отбасымен жақын араласып-құраласып, сыйласып жүрген Есімхан, Балтабай есімді кісілер ұстаздар әулетін мерекесімен құттықтап келді. Есімхан Нұртазаның түйдей құрдасы, екеуі бір сыныпта бірге оқыған, ал Балтекеңнің жасы сәл үлкендеу. Екеуі де осы ауылдың гүлденуі жолында тер төккен абыройлы азаматтар. Көңілдері жақын жандар ұрпағының өскеніне қуанып, олардың әрбір жетістігіне марқайып, қуанышты, мерекелі сәттерді бірге бөлісіп, бас қосып тұруды әдетке айналдырған. Ата-ана үшін баладан артық бақыт бар ма, сірә?!
«Адам ұрпағымен мың жасайды» дейтін болсақ, Омаровтар әулеті бұл ретте еңбек атты ұлы майданда шынығып, өз ісінің майталман маманы атануымен, саналы, тәрбиелі, көргенді ұрпақ өсіріп, ел қатарына қосуымен де көпке үлгі етуге тұрарлық.

Абылайхан СӘРСЕН,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close