El іshі
Озбырлыққа қарсы тұрған қайсар қыз
Биылғы жыл – еліміз үшін ерекше жыл. Яғни, қас-қағым уақыт тәрізді, тәу еткен Тәуелсіздігімізге 30 жыл, Желтоқсан оқиғасына – 35 жыл толып отыр. Қазақ еліне Тәуелсіздік оңайшылықпен келген жоқ. Олардың желтоқсанның қаһарлы күндердегі жастардың қайсар ерліктері бүгінгі ұрпақ үшін үлгі-өнеге.
1986 жылғы Желтоқсан көтерілісінің жадымызда мәңгі сақталып, қазіргі жас ұрпақ үлгі тұтатын тағылымды таразылау – баршамыздың парызымыз болмақ.
Алаңға барғаны үшін жала жабылып, жапа шеккендер мен көтеріліске еш қатысы болмаса да зәбір көргендердің жалпы тізімін жасап шығу, әрине, мүмкін емес. Дегенмен, мақсатымыз – Желтоқсан қарлығаштары туралы жас өскелең ұрпаққа насихаттау.
Бірқатар деректер бойынша, алаңға барған азаматтар саны 10 мың адам, ал қайсыбірінде 50 мың адам екендігі айтылады. Алаңға тек ер жігіттер ғана емес, нәзік жанды, қайсар мінезді қарлығаштарымыздың да қатысқаны барлығымызға мәлім. Соның ішінде Нұрлыкент ауылының тұрғыны, №5 М.Ломоносов атындағы орта мектептің 30 жылдық тәжірибесі бар, жоғары санатты мұғалімі Жазира Досанова да болған екен.
Жазира Досанова Алматы облысы Жамбыл ауданы Ұзынағаш ауылында дүниеге келген. Ауылдағы орта мектепті тамамдаған соң, Алматы қаласындағы Қазақ қыздар педагогикалық институтына оқуға түседі.
-1986 жылы мен бірінші курста оқитынмын. Дәл сол күні біз қыздар болып М.Горький атындағы саябақта дене шынықтыру пәнін өткізіп, қайтып бара жатқанбыз.
Сол мезетте жолда троллейбус, автобустардың барлығы тоқтап қалған екен. Көшенің бәрі жабылған. Адамдардың қарасы көп. Жан-жағымызға қарасақ, айналада жастар көп жүр. Алдымыздан ауыл шаруашылығы, архитектура университетінің жігіттері мен қыздары шығып «қыздар сендер де соңымыздан ілесіңдер, Қонаев атамызды орнынан алып тастапты, орнына Кольбин деген біреуді әкеліп отырғызыпты» деді. Сол кезде менің қасымдағы Бейбіткүл Мұсаева деген дос қызым, «сендер қайда бара жатырсыңдар?» деп олардың соңынан айқайлады.
Алаңға қарай бет алған жігіттер мен қыздар мән-жайды түсіндіргенде, көңіліміз құлазып, бір түрлі сезімде болдық. Сөйтіп біз де кетіп бара жатқан топқа ілесіп, соңдарынан кете бардық. Жол-жөнекей патриоттық әндер шырқалып, барлығымыз «Брежнев» алаңына қарай бет алдық.
Алаңда адамның қарасы көп. Әсіресе, жастар жағы. Бірінші күні алаңда қатты тәртіпсіздік болған жоқ. Бірақ алаңның ішіне бізді жібермеді. Әскерилер бір-бірінің қолдарынан ұстап алған. Сонда да олардың арасынан төртеуміз алаңға қарай өтіп кеттік. Бізге олар «қыздар қайда бара жатырсыңдар?» деп сұрады. Біз болсақ, қазақтың қайсар жігіттерінің артынан бара жатқанымызды мақтана айттық.
Алаңда тоқтаусыз патриоттық әндер шырқалып тұрды. Дегенмен біз алаңда көп уақытқа дейін жүрмедік. Ел ағалары жастарға үндеу жасап, жастарды алаңнан тарауға шақырды. 16 желтоқсан күні кешке дейін алаңда болдық. Екінші күні, яғни 17 желтоқсанда қайтып алаңға бет алдық. Бір топта 24 қыз оқитынбыз, соның үшеуі ғана алаңға бармады, қалғандарының бәрі бізбен бірге барды.
Екінші күні ауа райы да мың құбылып, қар борап, қатты дауыл тұрды. Біз алаңға барсақ, ол жерде жан түршігерліктей жағдайлар орын алып жатыр екен. Ол оқиғаны есіме алсам, дәл сол көріністер көз алдыма келеді. Бұл жағдайды сөзбен айтып, жеткізу қиын еді. Онда арнайы жасақ жастарды соққыға жығып, қыздардың шаштарын жұлып, қолдарында қалың дубинкасымен ұрып-соғып, өздерінің арнайы көліктеріне сүйреп алып кетіп жатты.
Алаңда бір-біріңнен адассаң, екінші рет қасыңдағы құрбыңды таба алмай қаласың. Алаңдағы жігіттер «қазағым сендер қайдасыңдар, не үшін бұлай жасап жатсыңдар» деп айқайлады. Қаншама қазақтың қаракөз қыздары жанұшыра жылап жатыр. Осы оқиғаның бәрі әлі күнге дейін көз алдымызда. Ызғарлы әрі қаһарлы желтоқсан көтерілісінде біздің рухымыз мықты болыпты.
Алаңда бір үлкен кісі «қыздар не істеп жүрсіңдер, үйлеріңе қайтыңдар, бұлар сендерді де аямайды» деді. Алаңда бір-бірімізден адасып қалып, жатақханаға бір бөлмеде жататын төрт қыз қайттық. Сол күннен бастап бізді жатақханадан ешқайда шығармай, сабақты ұстаздар жатақханаға келіп өтіп жүрді. Өзім негізінде топтың комсомол жетекшісі едім.
Ұстаздар «сен комсомол жетекшісі болып, осылай жасап жүрсің, қалғандары не істемейді» деп айқайдың астына алды. Кураторымыз Илияс ағай «бұлардың барлығын қоғамдық жұмыстардан шығару керек» деп жиналыс жасады. Бізді бірден қоғамдық жұмыстардан шеттетті. Оқитын институтымызда тамақ пен жататын жер тегін. Екі милиционерді бізге күзет етіп қойып қойған. Олар бізді асханаға апарып, бөлмемізге қайтып әкеліп жүрді. Тамақтануға барғанда бәрі жауды көргендей көзқараспен қарап, сыртымыздан неше түрлі әңгіме айтты.
Сабақта да мұғалімдер қинап, емтихандағы бағаларымызды қоймай, қысымға алатын. Тобымыздағы Гүлнәр Шакулева алаңда қатты соққыға жығылып, оны жатақхананың алдына әкеп тастапты. Тобымыздағы тағы да бір қыз екі күннен кейін табылды. 15 күн жатақханада жатып оқыдық. Қызықтың барлығы 15 күннен кейін басталды. Суреттерімізді оқу орнына әкеліп басшыларға көрсетті. Біз өзіміздің суреттерімізді тауып алып, жыртып, басшылардың алдынан жоқ қылдық. Қаншама студент қыздар оқудан, жатақханадан шығарылды.
Осы оқиғаны естіген анам уайымдап, ауылдан Алматыға келіп, қолындағы нанын, үш сом ақшасын беріп кеткені әлі есімде. Анам менің қарапайым сауыншы болған кісі. Анам маған «енді не болады, сабағыңнан шығарылмайтын шығарсың» деп қатты уайымға салынды.
Партияда жұмыс істейтін кісілердің барлығын жұмыстан шығарды. Біз суреттерімізді жыртып тастағанымыздың арқасында архивте ешқандай мәліметтер сақталмады,- дейді Жазира Досанова.
Бір қызығы Жазира әпкенің жолдасы Еркінбай Досановта Желтоқсан көтерілісіне қатысыпты. Ол сол уақытта Алматы зоотехникалық-мал дәрігерлік институттың ІІ курсында оқып жүрген екен. Еркінбай аға да алаңдағы тәртіпсіздікті көрген жанның бірі.
Еркінбай мен Жазира төрт ұлды тәрбиелеп, өсірді. Екі ұлы отбасымен Алматы қаласында тұрады, үшінші ұлдары Тараз қаласында білім беру департаментінде жұмыс істесе, сүт кенжелері 7 сыныпта оқиды. Ұлдарынан немере сүйіп отырған бақытты ата мен әже.
Еркінбай Болысбайұлы Қызыларық ауылында дүниеге келген. Қазіргі таңда «Жуалы газ» мекемесінде диспетчер болып жұмыс істейді. Олар араға 35 жыл салып Желтоқсан көтерілісіне қатысқандары үшін биыл ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы мен Желтоқсан көтерілісінің 35 жылдығына орай төсбелгімен марапатталған.
Баян Тұрсынқұлқызы,
«Жаңа өмір»