El іshі

Бақыттың кілті – ынтымақта!

Мұраты бөлек Мұратаевтар отбасының өнегесі

Елімізде отбасы құндылықтарын насихаттауға арналған «Мерейлі отбасы» байқауының облыстық кезеңі қорытындыланды. Салт-дәстүрге берік, бірлік пен татулықты ұлықтаған өңірдің жарасымды отбасылары марапатталды. Байқауда біздің ауданның атынан жуалылық Мұратаевтар отбасы да бақ сынап,  нәтижесінде «Өнерлі отбасы» номинациясына ие болды.

Өнерлі Мұратаевтар жанұясы мерейлі әрі өнегелі болудың сыры – еңбек пен тәрбиеде деп есептейді. Бұл отбасының отағасы Қанат Мұратаевты аудан жұртшылығы қылқалам шебері ретінде жақсы таниды. Суретші түрлі өнер туындыларының авторы. Біраз жылдан бері аудан орталығындағы №1 Балалар өнер мектебіне басшылық жасап, балаларды өнерге баулуға ұжыммен бірлесіп атсалысуда.

Ал, отанасы Роза Махаббатқызы өмірін ұстаздыққа арнаған ардақты ұстаз. Алғашқы еңбек жолын Қайрат ауылындағы №2 Мыңбұлақ орта мектебінде қарапайым мұғалім болып бастаған. Ұжымдағы біліктілігі мен оқушыларға берген білімі мен тәрбиесі ескеріліп, білікті ұстаз директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары лауазымына көтерілген. Бүгінде ұстаздар отбасы бірі балғын балаларды қазақтың төл өнерімен сусындатса, енді бірі оқушыларды ұлттық тәрбие, білім мен тәрбиелеуге атсалысуда.

Бақыттың кілті – ынтымақта, шаңырақтағы өзара сыйластық пен түсіністікте. Өмір айдынында қол ұстасып бірге келе жатқан ерлі-зайыпты Мұратаевтар отбасы «бақытымыз ынтымағымыз бен балаларымызда» дейді.

Бұл өзара әдемі үйлесімділік тапқан жарасымды жұпқа көпшілік сырттай сүйсінеді.

Бақытын баладан іздеген отбасында бір ұл, үш қыз тәрбиеленген. Перзенттері жастайынан білімге ден қойып, белгілі мамандықтың иелері атанған. Ұлдары Исламбек ел күзетіндегі азамат, яғни аудандық полиция бөлімінде жұмыс істейді. Отбасылы, Мариям деген қыздың ардақты әкесі. Қыздары Мадина Алматы қаласында құрылыс компаниясында жобалаушы-сәулетші болса, Кәмила да оңтүстік астанада жеке фирмада жұмыс істейді. Ал, кенжелері Әмина – білімгер. Қазіргі таңда Алматы қаласында әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің халықаралық қатынастар факультетінде білім алуда.

Өнерлі отбасының өмірлік ұстанымы – еңбек пен шыншылдық, үлкенге – құрмет, кішіге – ізет көрсету.

-Байқауға ауданның атынан қатысқанымызға өте қуаныштымыз. Бұл біздің отбасымызға үлкен тәжірибе әрі тосынсый болды, – дейді отағасы Қанат аға.  – Биыл отау құрғанымызға 30 жыл толып отыр. Еліміздің егемендігі секілді біз де аяғымыздан тік тұрып, үлкен өмірге қадам бастық. Ел қатарлы еңбек етіп, бір-бірімізбен сыйластықта өмір сүріп келеміз. Шүкір, перзенттеріміз сенімімізді ақтап, адал еңбектерімен еңбек етуде.

Облыс төңірегінде ұйымдастырылған байқауға 202 отбасыдай қатысты. Өсіп-өнген, көпті көрген отбасылардың қатарына қосылып, өңірге өнерлі отбасы ретінде танылғанымызға өте қуаныштымыз. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың қатысуымен өткен жиында әкемнің ауданға сіңірген еңбегі, отбасымыздың өнері бағаланып, көпшілік қауымға паш етілді, – дейді ол.

Бұл әулеттің алтын діңгегі Жарас Мұратайұлы – ауданымыздың қадірлі қариясы. Өңірдің өсіп-өркендеуіне сүбелі үлес қосқан қаржы жүйесінің үздігі. Бүгінде бейнетінің зейнетін көріп отыр. Жуалы ауданының және Жамбыл облысының «Құрметті азаматы», Жамбыл облысының «Құрметті ардагері» атақтарын иеленген. Ал, әулеттің ұйытқысы, асыл анасы Бейбіткүл Қыраубайқызы үш перзентті дүниеге әкелген ақ жаулықты ана. Бүгінде қос қария да ақыл-парасаты мен даналығының арқасында бір әулеттің ұйытқысына айналып отырған жайы бар.

-Мен Қарағанды облысы Балқаш қаласының тумасымын. Ұлы Абайды тудырған Тобықты руының қызымын. Қанекең екеуміз Алматыда жүргенде табысып, отау құрдық. Ол Жүргенов атындағы өнер академиясында оқыса, мен Қазақ Мемлекеттік қыздар педагогикалық инстиутында білім алдым. 1992 жылы ауылға келіп, осында жұмысқа орналастық. Мені марқұм Аралбай Борашев жұмысқа қабылдады. Қазақи мектепке, қазақи ортаға келдім. Қара шаңырақ – қазақи мектеп. Қазіргі таңда мектеп ұжымы менің екінші үйімдей болып кетті.

Ата-енем де өте жақсы кісілер. Текті жердің адамдары. Атамыз ауданға, облысқа белгілі азамат болған соң, үйге атпал азаматтар мен танымал тұлғалар көп келетін. Анамыз болса қонақжайлығын көрсетіп,ақ дастарқанын кең жайып, маған үлгілі болатындай дүниелер көрсететін. Шүкір, анамыздың берген жақсы тәлім-тәрбиесі, ақыл-кеңесі бізді жаман жолға апарған жоқ. Отбасы құрған соң, жанұяңның беріктігі үшін ынталанып, талаптанып барлығын үйреніп, қалыптастық.

Отбасын құру оңай емес. Әрине, қызықтармен қатар қиындықтар да болды. Барлығын уақыт өте келе жақсы түсініп, оң мен солыңды ажыратасың.

Балаларымызды кішкентайынан еңбекпен қатар, білімге баулыдық. Түрлі қосымша сабақтарға беріп, бос уақытын тиімді пайдаландық. Ұлымыз Исламбек ата-апасының баласы. Қазіргі таңда келініміз Ақерке екеуі қара шаңырақта ата-әжесінің қолғанаты болып отыр. Балалардың барлығы да сурет салады. Оның ішінде қызымыз Мадинаның бойына әкесінің өнері дарыған. Мадина Қазақ-Түрік лицейін бітірген. Алматыда ҚазҰУ-да білім алып, одан кейін Чехияның астанасы Прага қаласында білімін жетілдірген. Ал, Кәмила қызымыз Жапонияда оқып келіп, білімін еліміздің дамуы мен өркендеуіне жұмсауда. Қыздарымыздың барлығы бірнеше тілде еркін сөйлей алады.

Дегенмен, біз қыздарымызға шет-елде білім алса да, туған жерге деген сүйіспеншілікті, патриоттық сезімді ұмытпауды үйреттік. Ана тілге, туған жерге деген құрметтің болуын бойына сіңірдік,- дейді отанасы Роза Махаббатқызы.

Өнер адамы үнемі ізденісте жүреді. Өнер адамының қолдаушысы да, сыншысы да оның адал жары. Қанат Жарасұлының ең алғашқы сыншысы және көрермені оның өмірлік жары. Өнер адамының өмірлік серігі болу да оңай емес. Дегенмен, Мұратаевтар отбасы ең бірінші кезекті өзара түсіністікті жоғары бағалап, тату ғұмыр кешуде. Еңбекпен өмірге қадам басып, жетістіктерге жетуде. Ең басты жетістік, ол перзенттеріңнің сенімді ақтағаны, өнердің бағаланғаны болса керек.

Айгүл ҚАЛЫМХАНҚЫЗЫ,

 «Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close