Bіz týralyEl іshі

Газетпен бірге өстік, есейдік, көзімізді аштық …

Кешегі Одақ тұсында идеологиялық тәрбиенің күштілігі болар, біздің бойымызға тал бесіктен бастап «Отан-Анаңды сүй, халқыңды, туған жеріңді сүй» деп сіңірді. Нақтысын айтсақ, мектепте әріп танығаннан бастап, октябряттар ұйымына қабылданып, газетті 2-3 кластан бастап алып оқи бастадық, одан соң пионерлер қатарына өткізіп, содан бастап «Қазақстан пионері» газетін алып оқи бастадық. Онан әрі КОКП-ның сенімді ізбасары – комсомол қатарына қабылданып, «Комсомольская правда», «Лениншіл жас» газеттерін алып оқысақ, одан әрі Коммунистік партия мүшелігіне қабылданып, газеттің түп атасы – «Правдадан» бастап, кемінде 3-4 газет, 1-2 журнал міндетті түрде жаздырып алып оқитынбыз.
Ал кейінгі өміріме қарасам, оған өкінбеймін. Газетпен бірге өстік, көзіміз ашылып, жан-жақты, сауатты болып жетілдік.
Қазіргі кезде базбіреулер газетке жазылу тұрмақ, оқып қарамайды да. Бірде зиялы деген тәуір атақ-даңқы да бар бір кісінің үйіне барып қалдық. Ол біздің келген шаруамызды бітіру үшін біреуді бір жаққа жұмсап, әлдебір затты әкелуге жіберді. Әлгі жіберген кісісі келгенше, біз газет-журнал қарап отырайық деп, газет-журнал беруін өтіндік. Үй егесі «газет-журнал алмаймыз» деп қысқа жауап қайырды.
Міне, көрдіңіз бе, білдей бір мекемеде жұмыс істейтін мемлекеттік қызметкер, шенеуніктің үйінде газеттің өзі тұрмақ, иісі де жоқ. Сонда қалай болғаны?! Газет оқымаса, ол мемлекеттің саясатын қайдан біледі?
Аудандық «Жаңа өмір-Новая жизнь» қоғамдық-саяси газеті өзі айтып тұрғандай, жарасты да, тамаша қойылған атау. Қай мезгілге, қай дәуірге тап болса да, үйлесімі дәл келіп, тауып қойылған атау.
«Жаңа өмір-Новая жизнь» газеті ұзақты өмірінде ауданның өткен дәуірі мен қазіргі дәуірдегі басынан өткен, өтіп жатқан бар болмысын тап басып, дер кезінде аудан оқырмандарына жеткізіп отырған бірден-бір баспасөз құралы.
Әрқашан да халықпен үндесіп, өңіріміздегі өмірдің ащы-тұщысын бірге татып, жетістіктерді желпіне жазып, кемшіліктерін мұңая жеткізіп отырған басылым.
Келесі жылы аудандық газеттің алғашқы санының жарық көре бастағанына 88 жыл толады. Ал менің осы газетпен бірге жасасып, үзбей жаздырып алып келе жатқаныма 58 жыл болады. Мен осы жылдар ішінде басылымның тұрақты оқырманы болып қана қоймай, түрлі тақырыптарда мақала жазғанымды да мақтанышпен еске аламын. Соңғы кездері газетке материал беріп тұрмасам да, редакция ұжымымен жиі хабарласып, хал-жағдайымызды сұрасып, білісіп отырамыз. Оларға алғыстан басқа айтарым жоқ.
Әрине, газет – халықтың үні, халық пен билік арасын жалғайтын алтын көпір. Сондықтан да басылым беттерінде ел-жұртты толғандыратын, ой қозғайтын мақалалардың жиі басылып отырғаны ләзім. Оған газет ұжымының шығармашылық әлеуеті толық жететініне сенімдімін.
Нұржігіт БӘЙДІБЕК,
Тараз қаласы

Таңдаулы материалдар

Close