El іshі

«Бейбіт күннің қадірін білейік» бұл Аманжол қажының аталық тілегі

Қазақстан үшін саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күнінің үлкен мәні бар. Тәуелсіздік алғаннан кейін 1993 жылы 14 сәуірде «Жаппай қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» Қазақстан Республикасының Заңы қабылданды. Ал, Тұңғыш Президент-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 1997 жылды – Жалпыұлттық татулық пен саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу жылы, сондай-ақ, 31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні деп жариялады.
Саяси қуғын-сүргін орын алған жылдары талай жандарға жазықсыз жала жабылып, халық сұрапыл нәубат кезеңді бастан өткерді. Осы ретте, саяси қуғынға ұшырап, ашаршылық заманды басынан өткізген Дүрәлі Жылгелдіұлы туралы оның ұлы, ауданымыздың ардақты ақсақалы, ауданның Құрметті азаматы Аманжол қажы Дүрәліұлы бізге әңгімелеп берген еді.
-Әкем 1883 жылы дүниеге келген. Бауырларының ішінде зерек болып өсіп, Самарқандағы медреседе бес жыл оқып келеді. Сауатты, ел-жұртқа танымал би, әрі ортасына сыйлы жан болады. Ол кезде әкеміз Теріс өзенінің сағасындағы бұрынғы Бақатей ауылында өмір сүреді. Ауылда 50 үй, 150 адам бар болған. Әкем үш рет некелескен. Кейін менің анам 18 жастағы Шайгүлмен отау құрған. Яғни, анам 1900 жылы өмірге келген. Әкем билігі мен төрелігінің, шешендігінің арқасында үлкен бір дау-дамайды шешіп, татулық орнады. Оның тапқырлығын бағалаған жандар Қаратас ауылындағы Сегізбайдың қызын, яғни анамды қосады. Сегіз қанат киіз үй тігіп, некелерін қияды. Бұл кезде байдың үйінде қонақкөже, кедейдің үйінде тарыкөже дастарқанға қойылады екен.
Әкем дін жолындағы адам болғандықтан 1928 жылы туған жері Бақатей ауылында мешіт тұрғызады. Мешіттің құрылыс заттарын сонау Хорезмнен алдырыпты. Бақуатты тұрмыс кешіп, ел ішіндегі дау-шарларды шешіп отырған әкеме ауыл жанашырлары келіп «ертең сені қамайды, басқа жаққа қаш, Қырғызстанға жер аудар, тірі болсаң көрісерміз» деп жанашырлық танытып, алдына келеді. Алайда, әкем өзінің туған жерінен жырақтамайтынын, бәрін елмен бірге көретінін жеткізеді. Тәуекелге бел буып, не көрсе де елмен бірге көруді жөн санайды. Осылайша елде қалған әкемді Сайрам ауданына қамауға алып кетіп, 10 жылға соттайды. Қуғынға ұшыраған оларды жаяу-жалпылатып, кейбірін есекке мінгізіп, Шымкент облысынан Жамбыл облысына айдап келеді. Жамбыл облысының сол тұстағы Көктас деген жерінде тас жинауға жұмысқа салады. Таудан тастарды жарып, төбе қылып жинатқызады.
Ауылдағы артында қалған отбасы оның жазықсыз айдалғанына шыдай алмайды. Өзінен кейін ерген бес інісінің бірі сауатты болып, ел арасында әкемнің жақсы қасиеттері туралы мәлімет жинайды. Мәліметтерді хаттамаға түсіріп, қол жинап, әкемді үш жылдан кейін елге қайтуына септігін тигізеді. Әкем қамалғанда анамды да «сен халық жауының әйелісің» деп дүрелеп қамшымен сабайды. Тек әкемнің өзі ғана емес отбасы да қуғынға ұшырайды.
Ол тұста байлардың малдарын тартып алып, кедейлерге беретін, бас ал десе, шаш алатын саясат жүреді. Бұл сұрқия саясаттың салдарынан халық жаппай қырылады. Ашаршылық қайта басталады, яғни 1931 жылы анамның айтуы бойынша, көктен бір тамшы жаңбыр жаумай, шығыстың желі үздіксіз соғып тұрған екен. Егін шықпай, халық өнімсіз қалады. Ұрада жиналған бидайды, өкімет тартып алып кетеді. Мешітке әр жұма сайын жан-жақтан мал беріліп, қора-қора мал жайлауда жайылып жүреді. Мал мешітке тиесілі болғандықтан көмекке зәру адамдарға беріліп отырады. 1932 жылы қуаңшылықтың салдарынан мал да қырылады. Сол кезде қорадағы малды сойып, қарынның ішіне етті салып сақтай берген. Бірақ, ол ет те адамдардың көбісін аман алып қалмайды. Жегенге ас табылмаған соң, дауларда шешімін тапқан әкем құрт-құмырсқа, бақа-шаяндарды жинап әкеліп, қазанға қайнатуды бұйырады. Аналарымыз қазанға оны асып, ботқа жасап, бір күн болсын жан сақтайды. Әкем әлсіреген ағайындарына ботқадан бір-екі қасықтан жеуді бұйырады. Ішектері бүрілген адамдар асты жегенде оны ағзасы көтере алмай қалып, көз жұмған.
Бақатей ауылында сегіз ағайынды бір үйде тұрады. Сол бір үлкен шаңырақтан 5-6 адам ғана тірі қалады. Бәрі аштықтан өліп кеткен. Ашаршылық жылдары ауданымызда теміржол салынады. Анам құрылыс жұмыстарында жұмыс істеп, асқа берілген жарты бөлке нанын жемей үйге балаларына алып келеді. Барлық ата-ана осылай жасайды. Анам 12 құрсақ көтеріп, оның ішінде мен ғана жалғыз тұяқ аман қалғанмын.
Міне, осындай ел басына қара бұлт үйірілген заманнан аман қалған әкем 1957 жылы қайтыс болды. Әкемнің қуғынға ұшырағанының зардабын кейін мен де басымнан өткердім. Оқуға қабылданған мені «халық жауының баласы» деп білім алудан шеттетіп, қуып жіберді. Бірақ ештеңеге қарамастан, еңбек етіп, әкеміздің жақсы қасиеттерін бойымызға сіңіріп осы күнге жеттік, шүкір.
Тарих беттеріндегі сол бір қаралы тұстар ел есінен шықпауы керек. Бейбіт өмірімізде ұрпағымыздың мәнді ғұмыр кешуін Алла нәсіп етсін. Ешқашан аспанымызды қара бұлт шалмай, бейбіт өміріміз ұзағынан болғай,- дейді Аманжол қажы Дүрәліұлы.

 

Айгүл ҚАЛЫМХАНҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close