El іshі

Киберсайыстан өткен ашық турнир

Шақпақата ауылындағы «Рlaystation-04» орталығында Шақпақ ауылдық округінің жастар ісі нұсқаушысының ұйытқы болуымен, «Жастар ресурстық орталығының» қолдауымен аудан жастары арасында «Заман талабы – озық технология» атты киберсайыстан, атап айтқанда «ФИФА-2019» футболдан ашық турнир ұйымдастырылды.

Іс-шараның негізгі мақсаты – Қазақстан Республикасының мемлекеттік жастар саясаты туралы Заңын жүзеге асыру мақсатында және Жастар жылын кеңінен насихаттау, виртуалды ойындар арқылы жастардың ойлау қабілетін дамыту, қол моторикасын жетілдіру, спортқа деген қызығушылығын арттыру болып табылды.
Киберсайыс дегеніміз – компьютерлік бейне ойыннан жарыс болатын спорт түрі. Яғни, спорттық индустрияның жаңа саласы ретіндегі жоғары технологиялар нарығымен тікелей байланыстағы, ақпараттық технологиялар саласындағы ойыншылардың жарысы. Бүгінде киберсайыс дүниежүзіндегі қарқынды дамып келе жатқан «спорт» түрі ретінде саналады. Ғалымдардың айтуынша, компьютер ойындары адамның ойлау қабілетін 2D-кеңістігінде ғана емес, 3D-кеңістігінде дамытады.
Турнирге жалпы аудан бойынша 18 қатысушы тіркеліп, бақтарын сынады. Жарыс барысында қатысушыларға 1 мен 18 аралығындағы сандарға Еуропаның белді «мен-мен» деген клубтарының аттары жазылған парақшалар таратылып, жеребе бойынша 18 қатысушы алты адамнан үш топқа бөлінді. Әр үш топтан шыққан екі мықты ойыншы жеребе тастау әдісі бойынша қарсыластарды анықтап отырды. Ойнау барысында жеңіске жету үшін түрлі әдіс-тәсілдер мен терең логика керек. Ойын шеңберінде жарысқа қатысушылардың бойынан бұл қасиеттердің дамығанын байқауға болды. Себебі, турнир аса тартысты, өте қызықты және де жоғары дәрежеде өтті. Қатысушылардың барлығы керекті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілді.
Жастардың ойлау қабілетін жақсарту, өзара қарым-қатынасын дамыту мақсатында өткізілген тартысты дода төрт сағатқа созылды.
-Біздің идеямызды қолдаған «Жастар ресурстық орталығына» рақметімізді айта отыра, аудан жастарының әлемдік спорт түрін игергені және жаңашылдыққа қызығушылық танытуы бізді қатты қуантты,- дейді ойынның бас төрешісі Рамазан Нұрабай.
Қарсыластарын жеңіп шыққан үш киберсайысшылар өзара айналмалы болып ойнады. Джохар Дазиев («Лейпциг» командасы Б.Момышұлы ауылы), Жалғас Алшынбай («Тоттенхэм» командасы Шақпақ ауылдық округі) кездесіп, есеп 2:0 нәтижесімен аяқталды. Ал Елхан Санатұлы («Тоттенхэм» мен «ПСЖ» Шақпақ ауылдық округі) командалары арасындағы ойын 0:1 есебімен бітті. Шешуші «Лейпциг» пен «ПСЖ» арасындағы ойын 3:2 есебімен Джохар Дазиевтің пайданына шешілді. Нәтижесінде, І орынды Джохар Дазиев («Лейпциг» командасы Б.Момышұлы ауылы) II орынды Елхан Санатұлы («ПСЖ» командасы Шақпақ ауылдық округі) ІІІ-орынды Жалғас Алшынбай («Тоттенхэм» командасы Шақпақ ауылдық округі) иеленді. Жүлдегерлерге «Жастар ресурстық орталығының» атынан сыйлықтар, медальдар мен Дипломдар және кубокпен марапатталды.
«Қазіргі таңда «Рlaystation» ойын консолін білмейтін жасөспірім кемде-кем. Қарсыластарымыз өте мықты. Жеңіске жету оңайға түскен жоқ. Мұндай жарыстар әлі де жалғасын табатынына сенімім мол. Ұйымдастырушыларға алғысымыз шексіз», – деді бас жүлде иегері Джохар Дазиев.

Ақжан Ахметов,
Шақпақ ауылдық округінің
жастар ісі нұсқаушысы

Таңдаулы материалдар

Close