El іshі

Отан қорғау – ер жігітке тән қасиет

Қазақ қашанда ер баланы отбасының тірегі, елдің қорғаны болуға тәрбиелеген. Әскерге барып, азаматтық борышын өтеп келгендер ауыл-аймақ арасында абыройлы саналаған. Яғни, қазақ жігітінің мойнында бір міндет бар. Ол – Отан үшін қызмет ету, Отан үшін от кешу. «Ер ел үшін туады, ел үшін өледі» дейді қазақ халқы. Қашанда халықтың ұлы болу – әрбір жігіттің биік арманы. Әсіресе, Отан алдындағы борышын өтеп, әскер қатарына қосылу – нағыз азаматтықтың белгісі. Мұны жүрегі қазақ деп соққан әрбір жастың түсінері анық.

Әскери тәртіпті көзбен көріп, тіршілігін түйген жігіт біршама есейеді. Қуыс кеуде болып, қашып жүргеннен не пайда? Одан да әр жігіт Отан алдындағы парызын өтегені жөн. Бойында қазақтың қаны ойнаған, жүрегінің түгі бар жігіт бұл жауапкершіліктен жалтармайды. Ал қоғам жігіттерді әскерден безуге емес, соған ұмтылуға жұмылдыру жолында тәрбиелеуге тиіс.
«Әскери борышымды өтеуге кеш барсамда үйренерім көп болды» деген көлбастаулық Әбдімәжит Мәжит Нұр-Сұлтан қаласындағы Ұлттық Ұланның 5573 әскери бөлімінде мерзімді әскери қызметін өтеп келген. Ол ержігіттің Отан алдындағы борышын өтеуі азаматтық парызы екенін жақсы ұғынған. Әскер қатарда жүріп, өзінің шеберлігі мен белсенділігін көрсетіп, үздік жас сарбаздың қатарынан көрінген.
Оның арманы – әскери қызметші болу. Тәуелсіз қазақ еліне қалтқысыз қызмет етіп, Отанын, кең-байтақ жерін қорғау, ең бастысы ата-ананың үмітін ақтау, антына адал болу.
Жігіттің шымыр, батыр болып қалыптасып әрі талап пен тәртіпке бағынуды үйрететін әскери өмірде Әбдімәжит шыңдалып, көзқарасы өзгеріп келген. Жаңа достар кездестіріп, үлгі тұтар ұстаз тапқан.
-Мен осы Көлбастау ауылының тумасымын. Ауылдағы №13 А.Байтұрсынов атындағы орта мектепті бітірдім. Тараз инновациялық-гуманитарлық университетінен дене шынықтыру пәнінің мұғалімі мамандығын игердім. Әкем Марат Жаманқұлов тұрғындарға такси қызметін ұсынады. Ал, анам Гүлжан Досмұрзаева мәдениет қызметкері.
Өткен жылы 1-2020 шақырылыммен әскерге шақырылып, Ұлттық Ұланның қатарына қабылдандым. Бір жыл қызметімді атқарып, отбасымның қасына оралғаныма бірнеше ай болды. Әлі де сол әскери өмірді сағынамын. Жаныма жақын достарымды, жауынгер сарбаздарды іздеймін.
Әскерге кез келген ержігіт баруы керек. Өйткені, қазіргі таңда әскерде жас сарбаздарға көптеген мүмкіндік беріледі. Әскери оқу-жаттығудан өтуден бөлек өзіңді жақсы жағынан көрсетіп, біліміңді, өнеріңді, ұсталығыңды дамыта аласың. Сенің бойыңдағы әрбір жақсы қасиет бағаланады. Өзіңді жақсы жағынан көрсетіп, күн тәртібіндегі берілген тапсырмаларды уақтылы орындау керек. Әскери жарлық пен пәрмендерді бұзбауың керек.
Әскерге барғанда адам үш нәрсені бағалай біледі. Ол ата-ананың қадірін түсіну, уақытты босқа жібермеу және саған берілген мүмкіндікті дұрыс пайдалану керектігін жақсы түсінесің.
Мен қызметімді өтеген әскери бөлімде спорттық қалашық бар болатын. Қалашықта жастар спорттық мүмкіндіктерін дамытып, әскери бөлімнің атынан жарыстарға қатысып, абыройын қорғайтын.
Сонымен бірге, сарбаздар мәдениет орталығының іс-шараларына қатысып, өнерлерін шыңдайтын. Бөлімде ән-би ансамблімен, әскери оркестрдің жыл сайын Ұлттық Ұланның туған күнінде ұйымдастыратын ауқымды мәдени шарасында өнер көрсеттік. Көңілді, әзілі жарасқан жігіттермен бірге «Жайдарман» ойынына қатысатынбыз. Белсенді жастар орталығының белсенділерінің қатарында болып, берілген тапсырмалдарды мүдіртпей уақтылы орындайтынбыз. Шымкенттік Серік Қапалов екеуміз Наурыз мерекесін жоғары дәрежеде ұйымдастырып, Алғысхатқа ие болдық, – дейді Әбдімәжит.
«Ұстазы жақсының – ұстамы жақсы» дейді. Ол тек білім мен тәрбие беретін ұстаздар қауымына қаратылып айтылмаған. Жалпы адам баласы мол тәжірибесімен, іскерлігімен, адамгершілік жоғары қасиетке ие болған, жол көрсеткен жандарды ұстаз санап жатады. Әбдімәжит те бөлімдегі елге қалтқысыз қызмет етіп жүрген әскери қызметшілерді үлгі тұтады. Әскери бөлімдегі тәрбие және әлеуметтік құқық жөніндегі орынбасары, рота командирінің орынбасары, аға лейтенант Нұркеш Орынбасарұлын жанына жақын тартады.
-Әскердегі барлық сарбаздармен жақсы тіл табыстым. Жауынгерлік достардың өмірде алар орны бөлек. Себебі, біз бір жыл бойы әскери қызметімізді өтеп, талай қызықтар мен қиындықтарды бірге өткердік. Бір-бірімізбен бос уақытымызды өткізіп, сырласып, қандай жағдай болса да бір-біріміздің қасымыздан табыламыз. Әрқайсының мінезі әртүрлі. Тіпті, олардың іс-әрекеттеріне дейін жақсы білемін. Олар менің екінші отбасым, бауырым секілді болып кетті. Әрбір күніміз қызықты. Өмірлік сабақ алдық. Ой-өрісіміз, көзқарасымыз өзгерді. Өмірге деген құштарлығымыз артып, күш-жігерімізді әскери қызметімізді абыроймен өткізуге жұмсадық. Өз басым әскери қызметте ұйымдастырушылық қабілетімді, спортқа деген бейімділігімді, белсенділігімді көрсете алдым. Берілген мүмкіндікті дұрыс пайдалана алдым, – деді ол.
Жас сарбаз үшін әскери ант қабылдау сәті ең ұмытылмас сәттің бірі. Ант қабылдау ол Отан алдындағы жауапкершілікті сезініп, қандай жағдай болса да оны қорғауға сөз беру деген сөз. Әбдімәжиттің әскери Ант қабылдау сәті де ерекше есте қаларлықтай болған. Карантин талаптарына байланысты ата-анасы бұл айтулы рәсімге қатыса алмаған. Әсем қала Елорданың ауа райы Ант қабылдау рәсімі өтетін күні сан құбылып, нөсерлетіп жауын жауған. Содан жас сарбаздар ашық аспан астында ант қабылдай алмай, әскери бөлімнің ғимаратына кіріп қабылдаған. Сол сәтте әскери анттың әрбір сөзін мүдірмей жаттап, қобалжуын жасыра алмаған.

Айгүл ҚАЛЫМХАНҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close