El іshі

Бақ қонып, қыдыр дарыған

билікөлдік Рахманқұловтар әулеті көпке үлгі

«Отан отбасынан басталады» деген қазақ халқында жақсы сөз бар. Сол себепті, отбасы – қоғамның тірегі, мемлекеттің құндылығы саналады. Әрбір жеке адам өмірінің маңызды бастауы, рухани өзегі де осы отбасы. Отбасы – адамға жақсылық сыйлаушы, адам мен адамды жақындастырушы, ұрпақ жалғастырушы, табыстырушы, ұрпақаралық тұтастықтың отын жағушы алтын ұя. Осындай теңеулерге ие жанұядағы ынтымақ пен бірлік, адамгершілік, сүйіспеншілік пен сыйластық, шынайлылық пен түсіністік мықты және қазақ халқының ұлттық салт-дәстүрлері сақталған болса, қоғамның діңгегі де берік болады.

Жанұядағы ата-анадан қалған тәлім-тәрбие ұрпағына мыңжылдық азық. Осы ретте, Билікөл ауылдық округі Қарабастау ауылында тұратын Рахманқұловтар отбасы өнегелі істерімен, білім саласына сіңірген еңбектерімен, ортасына сый-құрметімен ерекшеленеді.
Жанұяның отағасы Мәдіхан Рахманқұлұлы ардагер ұстаз, Жуалы ауданының Құрметті азаматы. Қарабастау ауылының тумасы. Туған жеріне деген сүйіспеншілігі, патроиттық сезімі жоғары қадірменді қария. Жергілікті қоғамдастықтың төрағасы. Ауыл адамдары ардагер ұстазымыз, жанашырымыз деп ерекше құрметтеп, ақыл-кеңесіне жүгініп отырады. Мәдіхан ата да бос уақытын тиімді пайдаланып, ауылдың проблемаларын көтере жүріп, тұрғындарға көмек қолын созуды азаматтық парызы санайды. Ауылда мәдениет саласының дамуына үлесін қосып, көңіл бөліп, ауылдық мәдениет қызметкерлерімен тығыз байланыс жасайды.
– Ата-анамнан ерте айырылғанбыз. Әке мен анам қарапайым шаруа адамдары, сол тұстары совхозда жұмыс істеген жандар еді. Ағам қазіргі таңда 70-тен асқан ішкі істер органдарының ардагері. Қарындасым зейнеткер ұстаз. Інім Болат 30 жасында жол апатынан қаза болды. Артында жас балалары мен әйелі қалды. Міне, осындай әулетте тату-тәтті ғұмыр кешіп, балаларымызды жеткізіп, қазіргі таңда бейнетіміздің зейнетін көріп отырған жайымыз бар. Аллаға шүкір, мен молданың, Балта ақынның алтыншы ұрпағымын.
Мен ең алғашқы еңбек жолымды бұрын Жуалы ауданына қарасты Тоғызтарау ауылындағы Т.Тоқтаров атындағы орта мектептен бастағанмын. Одан кейін әскери борышымды өтеп келген соң, ауыл әкімшілігінде жұмыс істедім. Негізінен Шымкент қаласындағы педагогикалық университеті орыс тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша тамамдадым. Одан кейін белгілі себептермен алғашқы әскери дайындық пәнінен сабақ бердім. 1977 жылы Қ.Қошмамбетов атындағы орта мектепке жұмысқа келіп, осы жерден зейнетке шықтым. Ауылда 35 жыл волонтер қызметін, бірнеше жыл медиатор болып жұмыс атқардым.
Әрдайым ұрпағымды адалдыққа, еңбекке баулып, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетуді айтып отырамын. Кішіге үлгі болуды, игі іс істеуге үйретеміз. Адам әрқашан ортасына мінезімен, үлгі боларлық өнегелі ісімен, салиқалы ұрпағымен сыйлы болады. Балаларымыздың тәрбиесіне жас кезімде ата-анам атсалысты, жұмысбастылықпен балаларымызды сол кісілерге сеніп тапсырып, алаңсыз тірлігімізге кете баратынбыз. Бірақ сонда да ұрпағымыз саналы, білімді болуы үшін барымызды аямадық.
Жалпы үйде болсын, мектепте болсын балаларды патриоттық тәрбиеге баулуға аса мән бердім. Өзім әскери адам болғандықтан ұрпағымыздың бойында туған жерге деген құрметті, сүйіспеншілікті міндетті түрде қалыптастыру керектігі бірінші кезекте тұрды. Біздің уақытта бұл ауылда 24 өзге ұлттың өкілдері мекен ететін. Ол жылдары ауылда ұлтаралық татулық қалыптасып, достық орнады. Әлі де сол ұлттар ынтымағы мен бірлігі сақталып, берекелі ауылға айналуда.
Білім мен тәрбие берген балалардың ішінде 21-і Ауған соғысының ардагерлері, генералдар да бар. Көбісі әскери саланы таңдады. Әскерге кеткен оқушыларыммен, командирлермен тығыз байланыста болдым. Оқушыларыма жақсы баға беріліп, алғыс білдірілген хаттар келіп жатты. Бұл біздің ұжым үшін, ауыл үшін мақтаныш еді. Мұндай қалыптасқан патриоттық тәрбиенің біздің ауылымызда әлі де жоғалмағаны қуантады.
Ал, жанұядағы балаларымды тазалыққа, ұқыптылыққа, рухани жаны таза адам болуға үгіттейміз. Қазір де немеренің тәрбиесіне араласып, өнерге баулимыз. Алыстағы немерелеріммен ұялы телефонмен байланысып жақсы адам болып қалыптасуына септігімізді тигізсек дейміз. Ал, жақында ғана өмір есігін ашқан немеремнің атын тарихи даталармен байланыстырып, ағам Мырзантай сәбидің есімін Абай Құнанбаевтың құрметіне Абай деп атады. Яғни, атын біз қойғанымен, ақынның даралығына, ақындығына өз еңбегімен жетсін, халқына жақын жан болсын деп ырымдап қойып отырмыз, – дейді Мәдіхан Рахманқұлұлы.
Ал, жанұяға жылулық оты мен береке сыйлаушы Несіпкүл Тастанова жоғары санатты ардагер ұстаз. Саналы ғұмырының 40 жылында Қ.Қошмамбетов атындағы орта мектепте қазақ тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі болып жұмыс істеген жан. Қарағанды қаласындағы Қарағанды педагогикалық университетінің алғашқы түлегі. Т.Рысқұлов ауданы Жаңатұрмыс ауылының тумасы.
-Алғаш оқу орнын тамамдаған соң жолдамамен Жезқазған қаласына жұмысқа жолдандым. Алайда 1976 жылы әкем қайтыс болып, отбасында жалғыз қыз болғандықтан анамнан айырылып қалам ба деген қорқыныш болып Жамбыл облысына қайта оралдым. Содан қайта жолдамамен осы ауылға келіп жұмысқа орналастым. Мен мұғалімнен бұрын бала күнімнен журналист болуды қатты қаладым. Бала кезімде өлеңдер жаздым. Мектептегі қабырға газетінің шығуына үлесімді қосып отыратынмын. Осылайша осы ауылға жұмысқа келген соң, Мәдіхан атаң екеуміз 1978 жылы отау құрдық.
Келін болып түскен жанұям үлкен отбасы еді. Екі енем болды. Әжеміз 107-ге келіп қайтыс болды. Осындай берекелі шаңырақта барлығымыз тату-тәтті ғұмыр кештік. Отбасындағы екі анамның ара қатынасы, өзара сыйластығы маған да жақсы жағынан әсер етті. Үйімізден қонақ, дастарқанымыздан дәм үзіліп көрген емес. Атамызды ел құрметтеген. Өте қонақжай, ықыласты жанұяға келін болып түстім. Арыстанбек Жолымбеков деген жиенімізбен бірге қадірлі қонақтар босағымыздан аттап, төрімізден орын алды. Көптеген жақсы азаматтармен танысып, дәмдес болғанбыз. Мұндай өнегелі отбасында мен де жас келін ретінде қалыптасып, үлкенге құрмет көрсетуді парыз санадым. Қасиетті қара шаңырағымызда әскери тәртіп орнап, мұғалімдер жанұясы атандық. Өмірімізді балаларға, мектепке арнап, қазіргі таңда ұрпақ тәрбиесіне баса мән береміз. Бесік жырын, ертегілер айтып беремін. Әсіресе, балалар Қобыланды батыр, Алпамыс батыр туралы жырларды естігенде ерекше мұқият тыңдайды.
Жанұяда қазақтың ұлттық салт-дәстүрлері мен ғұрыптарына берікпіз. Мәселен, беташар, тұсаукесер, бесік той, сүндет той, құдалық және Наурызкөже беру, уыз шай жасау, жылма-жыл берілетін соғымбасы ұмытылмайды. Сонымен қатар, ұлттық сусындар, тағамдар әрдайым жасалып тұрады. Бұл дүниелер біздің қанымызға ата-бабадан сіңген ұлттық құндылықтарымыз. Біз оны ұмытпауымыз керек. Ол арқылы ұрпағымызды тәрбиелейміз, дәстүрімізді жаңғыртамыз, ұрпақтар сабақтастығын жалғастырамыз. Ең бастысы рухани байып, азық аламыз.
Сонымен қатар, рухани баю дегеніміз қазақ әдебиетіндегі көркем шығармалармен танысу деген сөз. Яғни, Қытай неге Конфуцийді жақсы біледі? Ал, біздің рухани азықты аз алуымыз Абайды мейілінше аз білетініміздіктен болып отыр. Абайдың мол мұрасында небір асыл сөздер мен рухани азық жатыр. Биылғы жылы ұлы ақынның мерейтойын атап өтуді қолға алып отырғанына қатты қуандым. Бірақ, елімізде жайылған індетке байланысты ақынға арналған шаралар рухани тұрғыда өтуде. Әлі де шарықтау шегіне де жеткен жоқ. Абайды әлі толық біле алмай отырмыз. Сол себепті, әр жанұяда сабыр мен сақтыққа, ақыл мен білімге ден қою үшін де ұлы ақынның шығармаларын оқу керек. Сонда ғана мемлекеттің тірегі саналатын жанұяда рухани күш-жігеріміз мықты болып, бірлігіміз арта түсетін болады, – дейді отанасы Несіпкүл Уәлиқызы.
«Бала көңілдің гүлі, көздің нұры» демекші, өмірде де, еңбекте де қатар жүрген Мәдіхан Рахманқұлұлы мен Несіпкүл Уәлиқызы бір ұл, төрт қызды дүниеге әкеліп, тәрбиелеген. Ұрпағының әрқайсысы өмірден өз орындарын тауып, бүгінде бір-бір шаңырақтың, белгілі бір мамандықтың иесі атанған. Үйдің тұлабойы тұңғышы Дана – экономист, екінші қызы Динара – Алматы қаласында ауруханада дәрігер, ортаншы қыздары Гүлжайна анасының жолын қуған. Атырау қаласында тұрады. Ал, Жансая – мемлекеттік қызметкер. Шаңырақтың иесі ұлдары Бақытжан газ шаруашылығында жұмыс істейді. Келіндері Жансұлу Қарабастау ауылдық дәрігерлік амбулаториясының меңгерушісі. Ардагер ұстаздар бүгінгі күні ұл-қыздарынан 10 немере сүйіп отырған бақытты ата-әже.
«Келіні жақсы үйдің керегесі алтыннан» демекші, Рахманқұловтар отбасымен сұхбат барысында келіні Жансұлуды әңгімеге тартқанымызда ол үлкендердің ақ батасын алып отырғанын, анасы сырласы, ақылшысы екенін жеткізді. Мұндай үлкен қара шаңырақтың түтінін түзу түтету арқылы ата-енесінің ыстық ықыласына бөленетінін айтады.
Ал, «қарты бар үй қазыналы» деген сөзге сүйенер болсақ, Мәдіхан ата жас отбасылардың шаңырағы биік, керегесі берік болуы үшін сол үйдің үлкендерін өз ата-анасындай көріп, қабылдау керектігін, бақытты жанұя болу үшін шыдамдылық, төзімділік, өзара түсіністік болу керектігін аталық ақылы ретінде айтып берді. Міне, мұндай ұлттық құндылықты сақтайтын, саналы ұрпақ тәрбиелейтін, сыйластық орнаған шаңырақта бақыт та, береке де болары хақ. Осы ретте, біз де берекелі шаңырақтарыңызда шаттық пен қуанышты сәттер көп болсын деген ізгі тілегімізді арнадық.

Айгүл ҚАЛЫМХАНҚЫЗЫ,
«Jańa ómir»

Таңдаулы материалдар

Close