El іshі

Берекелі шаңырақ

Ата-ананың қуанышы тәрбиелі ұрпақ өрбітіп, ыстық ұясынан қанаттандырып ұшыру. Жанұяда адамдардың бірі-біріне деген сыйластығы, сүйіспеншілігі мен ауызбіршілігі мықты болса, ол отбасы бақытқа кенелері сөзсіз. Ең бастысы, әрине, құрған отбасының шаңырағы биік, керегесі кең болуында көп мән-мағына жатыр. Ал, бақытты отбасы – мемлекеттің байлығы саналады.Шақпақаталық Мамедовтар отбасы облыстық «Жас отбасы» байқауының «Берекелі» номинациясының иегері. Бізге бұл отбасын аудандық «Жастар ресурстық орталығы» ұсынған болатын.
Отбасының отағасы Руслан Шақпақата ауылының тумасы болса, отанасы Досту – Көлбастау ауылының түлегі. Біз бұл отбасымен аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің «Білім» орталығында өткен іс-шарада алғаш рет кездестік. Осы ретте үлгілі өзге ұлт өкілдерінің жанұясының тыныс-тіршілігімен танысу мақсатында отанасы Достумен жүздесіп, әңгімелескен едік.
Жас отбасы Қ.Сағындықов атындағы орта мектепте бірге еңбек етеді. Мектепте Руслан – дене шынықтыру пәнінің мұғалімі, яғни балаларды саламатты өмір салтына және спортқа баулуда, ал Досту – бастауыш сынып мұғалімі. Екеуінің өмірде де, еңбекте де бірге жүруі бір-бірін жақын тануға, отбасының татулығы мен өзара сыйластығын нығайта түсуге септігін тигізуде.
-Біз аудан орталығында ұйымдастырылған үлкен той-думанда кездестік. Бір-бірімізді алғаш көргеннен кейін бір ай ішінде отау құрдық. Қазір шүкір, ата-анамызбен бірге тұрамыз. Тату-тәтті, бірлігі мен ынтымағы жарасқан, айрандай ұйып отырған жанұяның біріміз. Бұл отбасыға мен тым жас кезімде келдім. Сол кезде жолдасымның отбасы мені жылы қабылдап, жанұяға тез сіңісіп кеттім. Жолдасымның анасы мектепте мұғалім болған. Қазіргі таңда зейнеткер. Ал, атам шаруа қожалығының жұмысын дөңгелетіп отырған еңбекқор жан.
Әзірбайжан халқының өкілдері де ұлттық салт-дәстүрлерін, әдет-ғұрыптарын қатты ұстанады. Мерекелерде, той-думандарда міндетті түрде ұлттық тағамдарды дайындап, дәстүрлерін орындайды. Мұндай сәттерде әрдайым қасымнан анам табылады. Білмеген нәрселерімді үйретіп, бағыт-бағдар беріп отырады. Сонымен қатар, үлкенге-құрмет, кішіге-ізет көрсетуді де ұмытпаймыз.
Біздің жанұя жас отбасылардың қатарында. Сондықтан жолдасым екеуміз әркез үлкендердің батасын алып, олардың айтқан ақыл-кеңестеріне құлақ салуды естен шығарған емеспіз, – дейді Досту.
«Балалы үй – базар» дейді дана халқымыз. Иә, отбасы болғаннан кейін онда сәбидің үні естілсе, одан асқан бақыт барма?! Дүние есігін ашқан бүлдіршіннің тәрбиесі тал бесіктен басталатыны белгілі. Бұл жөнінде қазақ халқы «баланы жастан» деген жақсы сөзін қалдырған. Яғни, балаға сүйіспеншілік сезіміңді көрсете отырып, сапалы тәрбие беруге жақсы мен жаманды айыра білуге, еңбекке баулуға тырысамыз. Бұл ретте жас отбасында Милана, Ровшан, Гасан есімді балалар дүниеге келіп, тәрбиеленуде. Мамедовтар жанұясы бүлдіршіндерін еңбекқорлыққа, адами жоғары қасиеттерге, имандылыққа, адалдыққа үйретуі басты ұстанымына жатады.
– Отбасында ер адамның рөлі мен мәртебесі биік болуы керек деп ойлаймын. Балаларға тәрбие беруде де әкенің орны ерекше. Бала әкесін асыраушысы ғана емес қамқоршысы, жанашыры ретінде бағалауы керек. Әкенің асқар тау екенін, оның берген тәрбиесі мен ақылын ешкім бере алмайды. Ата-ананың шексіз махаббатын сезінген бала ешқашан біреудің ала жібін аттамайды. Бұл – біздің өмірлік ұстанымыз, – дейді отанасы.
Түрі басқа, тілегі бір, жүзі басқа, жүрегі бір өзге ұлт өкілдері Қазақ елін өз Отанындай көреді. Шақпақаталық үлгілі жас отбасы аудандық «Мехрибан» әзірбайжан этномәдени бірлестігінің мүшелері бола жүріп, қоғамдық жұмыстарға да белсене араласады. Ендеше, бір шаңырақтың астында тату-тәтті өмір сүріп жатқан Мамедовтар отбасында саналы, бәсекеге қабілетті ұрпақтар өрбитініне сенім білдіреміз.

Таңдаулы материалдар

Close