El іshі

Тұқым сапасы – тұрақты назарда

Өнімділікті арттыру үшін ғылымға ден қоюымыз қажет

Асыраушы сала саналатын ауыл шаруашылығындағы аграрлық кешенді дамыту ісі ел саясатының басым бағыттарының бірі екені даусыз. Түптеп келгенде, қасиетті қара жерді тиімді өңдеп, оған егін егіп, сапалы азық-түлік өнімдерін және төрт түлікке жемшөп дайындап отырған да дәл осы аграрлық салада тер төгіп жүрген шаруалар. Сол себептен де ауыл шаруашылығында өнімді жұмыс істеп жүрген азаматтардың еңбегі қашанда адал, қандай жоғары марапатқа да лайық.

«Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл шаруашылығын дамытуға айрықша тоқталғаны белгілі. Онда Президент ауыл шаруашылығын дамытпай, бәсекеге қабілетті экономика құру мүмкін еместігін баса айтып, аталған салада шешімін таппай келе жатқан өзекті мәселелердің де бар екендігіне тоқталды. Одан бөлек, осы салада кәсіби мамандардың тапшылығы, сондай-ақ, аграрлық ғылымның ойдағыдай дамымауы да қордаланған мәселелер шоғырын одан ары көбейтіп отырғаны да мәлім болды.

Ал Президенттің халыққа арнаған «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты халыққа арнаған биылғы Жолдауында да агроөнеркәсіп кешенін дамыту ісін басым бағыттардың бірі ретінде қойылып отыр. Өйткені, бұл өте маңызды.

«Қазақстанның ауыл шаруашылығының әлеуеті орасан зор екені көп айтылады. Бірақ, агроөнеркәсіп кешені саласында қордаланған проблемалар да аз емес. Ең алдымен, бұл – азық-түлік тауарларының бағасын белгілеудің және оны бөліп-таратудың тиімсіз жүргізілуі. Мен бұған дейін көтерме-тарату орталықтарының желісін құрудың маңыздылығы туралы айтқан болатынмын. Бұл міндет орындалып жатыр.

Осы орталықтардың шағын ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге, соның ішінде, жеке қосалқы шаруашылықтарға да қолжетімді болуын қамтамасыз ету маңызды. Бұл нарықтың монополиялануына жол беруге болмайды.

Екіншіден, ауа райының қолайсыздығы мал шаруашылығында түйткілді мәселелер бар екенін көрсетті. Біз жедел шара қабылдап, жем шөп тапшылығына байланысты ахуалды реттедік. Дегенмен, бұл салада әлі де жүйелі жұмыс атқару керек.

Жем шөп дайындауға қажетті жер көлемін кеңейткен жөн. Сондай-ақ, егіс алқабына әр жылы әртүрлі дақыл егу талабын сақтау үшін тиісті бақылауды күшейткен абзал»,- деп атап өтті Президент аталған Жолдауда.

Жерді тиімді өңдеу мен топырақ құнарлығын сақтау, сондай-ақ, тұқым шаруашылығын дамыту, жаңа сұрыптарды шығарып, жерсіндіру жөніндегі жұмыстар аграрлық саланың дамуына оң серпін беретіні сөзсіз. Осы ретте Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылық министрлігі «Ауыл шаруашылық дақылдарының сорттың сынау жөніндегі мемлекеттік комиссиясы» РММ-нің филиалы Жуалы кешендік мемлекеттік сорт сынау учаскесі мекемесі бидайдың жаңа түрлерін жерсіндіруге жұмыс жасап келе жатқан бірден-бір мекеме. Сорт сынау мекемесіне тиесілі 200 гектар жерге жыл сайын арпа мен бидайдың және мақсары дақылдарының жаңа сұрыпты тұқымдары егіледі. Оның ішінде тиісінше, екі гектары ғылыми-зерттеуге арналған. Ал 198 гектардан алынған арпа-бидайдың өнімі облыстық филиалға өткізіледі. Аудандық сорт сынау мекемесінің мамандары жылдағы қалыптасқан дәстүрмен келесі жылдың өнімі үшін өздеріне қарасты егістік алқабына күздік бидай егу жұмыстарын атқаруда. Одан бөлек, бидайдың жаңа сұрыптарын сынақтан өткізу үшін егуде.

Атап айтқанда, биыл «Бақытжан», «Несіпхан», «КИЗ-2020» деп аталатын күздік бидайдың жаңа сұрыптарымен қатар, Ресейден жеткізілген бидайдың сегіз бірдей сорты егіліп, сынақтан өткізіледі. Олар, «Краса Дона», «Аксинья», «Шеф», «Этюд», «Жаворонок», «Вольный Дон», «Агат Донской», «Юбилярка» сұрыптары. Мекеме мамандарының айтуынша, аталған сұрыптар Жуалының топырағына жерсініп, жақсы өнімділік көрсететін болса, мекеменің облыстық филиалына жіберіледі. Тұқым ары қарай ғылыми-зерттеу институттарында қайта зерттеліп болған соң ғана тұқым шаруашылықтарына таратылады екен. Былтыр сорт сынау учаскесінде басқа да астық өнімдерімен қатар күздік бидайдың «Томирис-60» деп аталатын сұрпы сынақтан өткізіліпті. Бидайдың бұл түрі құрғақшылыққа төзімді болып келетін азықтық дақыл. Тұқымдар негізінен сорт сынау мекемесінің алқаптарында үш-төрт жыл қатарынан сыналғаннан кейін ғана жақсы нәтиже беретін көрінеді. Жалпы аграрлық саланың ең бір сүбелі тармағы саналатын сорт сынау және алқаптағы ғылыми-зерттеу жұмыстарының маңыздылығы туралы мекемеге 2014 жылдан бері басшылық жасап келе жатқан кәсіби маман Бағдат Сатемировтың да айтары көп.

-Қай салада болсын, ғылымға көңіл бөлмей алға жылжу, дамудың мүмкін еместігі анық. Бұл туралы Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың да Жолдауларында жан-жақты айтылып келеді. Бұл туралы Президент жариялаған жылдың басты құжатында биыл да ғылымды дамыту басты басымдық екенін баса айтылып: «Мен Ұлттық сенім кеңесінің отырысында іргелі ғылыммен айналысатын ғылыми-зерттеу институттарын тікелей қаржыландыру тәртібін енгізуді ұсындым. Құзырлы министрлік осындай ғылыми мекемелерді іріктеудің және қаржыландырудың айқын әрі ашық ережесін әзірлеуі керек»,- деді Президент.

Бұл айтылғандар біздің мекемеге де қатысты. Өйткені Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылық министрлігі «Ауыл шаруашылық дақылдарының сорттың сынау жөніндегі мемлекеттік комиссиясы» Республикалық мемлекеттік мекемесінің филиалы Жуалы кешендік мемлекеттік сорт сынау учаскесі мекемесі де ғылыми жұмыстармен айналысып келеді. Негізінен ауыл шаруашылығы дақылдарының ішіндегі астық тұқымдарын сынақтан өткізіп, оны ел өңірлерінде егіліп, одан сапалы да мол өнімге қол жеткізуге атсалысып келеміз. Өзім аталған мекемеге жеті жылдан бері жетекшілік етіп келемін. Ал сорт сынау мекемесінің 80 жылдан астам тарихы бар. Мұндай сорт сынау учаскесі біздің облысымызда тек бес ауданда ғана бар.

Мекеме мамандарына тиісті ғылыми жұмыстармен айналысуға толық жағдай жасалған деуге болады. Қажетті техникалар мен жанармай шығындары облыстық филиалдан бөлінеді. Жұмыс жасауға қажетті «Енисей-1200» маркалы бір дана комбайн, «МТЗ-1221», «МТЗ-82-1» тракторлары және дәнсепкіштеріміз бар. Сорт сынау учаскесіне қарасты егістік жерлер осы техникалардың және жұмысшылардың күшімен игеріледі. Олардың ішінде, агроном Діннінхан Жазықбаев, механизаторлар Бекжан Дауылбаев, Бауыржан Кебеев бар. Жазғы науқанда қосымша бір жұмысшы аламыз. Бір айта кетерлігі, айлық жалақымыз өте төмен. Президент тапсырмасына сәйкес, ауыл шаруашылығы министрлігіндегі жауапты шенділер бұл мәселені де тездетіп шешеді деген сенімдеміз,- дейді мекеме басшысы Бағдат Сатемиров.

Сапалы тұқымды егу арқылы ғана одан сапалы да мол өнімге қол жеткізуге болатыны ешбір дәлелдеуді қажет етпейтіні анық. Сол үшін қайсыбір шаруа болсын, неғұрлым сапалы тұқымды егіп, жерсіндіруге күш салғаны дұрыс. Сөзіміздің басында айтып өткеніміздей, сорт сынау учаскесіне қарасты 200 гектар егістік алқаптың екі гектары ғылыми зерттеу жұмыстарына арналған. Сыналатын тұқым алқапқа арнайы әдіспен дәрілеп егіледі. Дәннің жерге түсу арақашықтығынан бастап, оның шығымдылығы, сабағының биіктігі, жергілікті ауа райына, оның ішінде құрғақшылыққа, өсімдік зиянкестеріне, ауруларға төзімділігі сыналады. Тұқым содан кейін ғана облыстық тәжірибе станцияларына жіберіледі. Учаске мамандары аудандық тұқым зертханасымен де тығыз байланыста жұмыс жасауда. Мұнда күздік бидайдың сұрыптарымен қатар, арпа дақылының «Бәйшешек», «Каз Суффле», «Арна», «Құралай», «Сымбат», «Бостандық»  аталатын сұрыптары, одан бөлек, жаздық бидайдың «Жақұт», «Сейму-17» және мақсарының «Ақмай» сұрыпты тұқымдары тәжірибе ретінде сыналуда. Биыл көктемде сүрге қалдырылған 40 гектар алқапқа күздік бидай себіледі.

Байқағанымыздай, биыл елімізде қуаңшылық қатты байқалып отыр. Соның салдарынан көпжылдық шөп пен астықтан алынатын өнімнің де едәуір кеміп кеткені рас. Осыған сәйкес, аудан шаруалары қазірден бастап күздік бидайдың құрғақшылыққа төзімді сұрыптарын егуге баса мән бергені дұрыс дейді сорт сынау учаскесінің мамандары.

Мекеме мамандары сапалы тұқымнан ғана мол өнім алуға болатынын жақсы біледі. Тұқым сапасының тұрақты назарда болуы – келер жылғы өнімнің мол болуының бірден-бір алғышарты болмақ.

 

Нұржан Манасұлы,

 «Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close