El іshі

Бастысы – тазалық пен жайлылық

Бүгінде ауданымызда кәсіпкерлік жаңа нысандар ашылуда. Соның бірі ретінде жақында ерлі-зайыпты жеке кәсіпкерлер Рауан Даниярұлы және Айгүл Қалымбетова осындай мақсатта Рысбек батыр көшесі бойынан массаж салонын ашты.

Шымкент қаласынан келген тәжірибелі үгуші Рауан Даниярұлы орталықта профилактикалық-емдік, банкалы массаж және сәбилерге өз қызметін көрсетеді.
-Біз бұл салада тәжірибеміз бар. Түркістан, Шымкент, Қызылорда және Нұр-Сұлтан қалаларында дәл осындай орталықтарымыз бар. Олар әлі де жұмыс жасауда. Ауданға отбасымызбен жақында қоныс аудардық. Екеуміз ақылдаса келе, кәсімібімізді ашуға бел будық. Алдымен осы ғимаратты жалға алып, жөндеу жұмыстарын жүргіздік.
Ең бастысы, тазалыққа мән береміз. Тұрғындарға ыңғайлы әрі жайлы болуы керек. Мұнда келген адамдар ем қабылдау арқылы демалып қайтуы қажет.
Жолдасым Шымкент қаласындағы білікті мамандардан білім алып, біліктілігін арттырды. Манкент, Ыстықсу, Амангелді секілді шипажайларда жұмыс істеді. Ал, мен жалпы емдік массаж жасап, әкімшілік қызметтерді атқарамын. Мамандығым – экономист.
Ашылғанымызға көп уақыт болған жоқ. Дегенмен бүгінгі күнге дейін бес адамды қабылдап үлгердік. Қызмет көрсету бағасын мамандандырылған емдік массаждың ең төменгі бағасына түсірген болатынбыз. Өйткені, үлкен қалалар мен ауылдың айырмашылығы бар. Күнкөріс деңгейі мен жалақының төмендігін, тұрғындардың әл-ауқатын ескеріп отырмыз. Сонымен бірге, бірнеше жеңілдіктер қарастырылды. Яғни, мүмкіндігі шектеулі жандарға, көпбалалы отбасыларға, инсультке шалдыққандарға жеңілдіктер болады. Сонымен бірге 10 күндік ем қабылдаған адамдарға да осындай артықшылықтар бар, – дейді жеке кәсіпкер Айгүл Қалымбетова.
Жеке кәсіпкерлер орталықтың жұмысын әлі де жандандыруды жоспарлауда. Алдағы уақытта қосымша құрал-жабдықтар, жиһаздар әкелініп, ішкі келбеті өзгертілетін болады. Үш бөлмелі ғимараттың бірінде массаж жасалса, бірінде ем қабылдаған соң ортаңғы бөлмеде жайлы орын дайындалуда. Мұнда келушілер теледидар көріп, демалуға мүмкіндігі бар. Олар тазалықты ту етіп, санға емес сапаға, нәтижеге жұмыс істеуді көздеуде.
– Келушілер өздерімен ештеңе алып келмейді. Барлығы бірретік қолданатын заттар. Тек ем қабылдаған соң өздерінің денсаулықтарын күтіп, жылы жүрсе болғаны. Тағы бір айта кетерлігі, біз үйге шақырумен барып, қызметімізді көрсетуге әзірміз. Жұмысымыз таңғы 08.00-ден басталып кешкі 20.00-ге дейін жалғасады.
Біз Жуалы ауданының жергілікті тумалары емеспіз. Бірақ, бұл киелі елді мекеннің жылулығы мен ауа райының жайлылығын сезінудеміз. Ауа райы қандай жылы болса, адамдары сондай жылы шырайлы екен. Алдағы уақытта жуалылықтармен жақсы тіл табысып, кәсібіміздің нәсібін осы жерден көреміз деген ниеттеміз. Мұнымен тоқтап қалмай, мал шаруашылығына да бет бұруды жоспарлаудамыз. Әлі де отбасылық жоспарлар мен идеялармыз көп. Оның барлығы уақыттың еншісінде деп санаймыз, – дейді отанасы.

Айгүл Қалымханқызы,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close