El іshі
Ауыл тұрғындары белсенділік танытты
Биыл Әз Наурыз әлемді шарпыған короновирустың салдарынан тойланбай қалды. Дегенмен бүл күні Бақалы және Теріс ауылының тұрғындары соғылып жатқан жаңа мешіттің қасына жиналып, айналасына жеміс ағаштары мен тал-дарақ көшеттерін отырғызды. Атаулы іс-шараға Афина олимпиадасының чемпионы Бақтияр Артаев та ағайындарымен бірге қатысты.
Ауылда бұрыннан Наурыз мейрамын әулет болып атап өту үрдісі қалыптасқан болатын. Бірақ елімізде жарияланған төтенше жағдайға байланысты бұл іс-шара биыл ауылда жаңаша сипатқа ие болды. Атап айтсақ, ауыл қарияларының ұйғарымымен жастар мешіт жанындағы бос жатқан 30 соттық жер теліміне ағаш көшеттерін отырғызып, көпшілік іс-шараға атсалысты.
Былтыр ауылдағы Наурыз мерекесін атап өткен чемпионның әулеті бұл іс-шарадан да тыс қалмады. Мәселен Артаевтар отбасы ұйымдаса келе 18 шырша, 3 арша, 17 алма, 1 емен мен 17 басқа да тал-дарақтардың көшетін әкеліп, мешіт ауласына отырғызды. Бұл отбасының мүшесі Шәріп Артаев мешіт айналысына тал-дарақ отырғызу әлі де жалғасын табатынын атап өтті. Ал демеушілер мен ауыл азаматтарынан жиналған қомақты қаржыға 360 түп жеміс ағашының көшеті алынған.
Мереке күні қаз-қатар тілінген арық бойына көшеттер отырғызуға келген ауыл жастарының белсенділігін көрдік. Сонымен бірге Көкбастау ауылдық округінің әкімдігі жаңа бақтың айналасын қоршап берген. Осы істің барлығы мереке күні ауыл тұрғындарының күшімен атқарылды.
Жұмыс басында Көкбастау ауылдық округінің ардагерлер кеңесінің мүшесі Аташбек Әмірқұлды сөзге тартқан едік.
– Бұл игі бастама биыл да өз жалғасын тауып отыр. Кәсіпкер қарындасымыз Гүлнар Мырзахметова зәулім мешіт тұрғызып беріп жатқанда, біздің қарап отырғанымыз жарамас, деп көріктендіру, көгеріштендіру айлығына ауыл болып өз үлесімізді қосуды жөн көрдік. Округ әкімі Ержан Серкебаев әкімдіктен арнайы қаржы бөлдіріп, бақты қоршап берсе, Кенже Ақбаев қомақты қаржылай демеушілік көрсетті. Бұл үрдіс бізде біраз жылдан бері қалыптасқан. Бұдан былай да бақ ауласын үлкейту жоспарымызда бар. Келесі Наурыз мерекесінде де бұл бастама жалғасын табады деген сенімдеміз, – деді ол.
«Жаңа өмір»-ақпарат