El іshі

Ағалардың ерлігі – ұрпаққа өнеге

Қарабастау ауылдық мәдениет үйінде №3 Қ.Қошмамбетов атындағы орта мектеп оқушыларының және мәдениет үйі қызметкерлерінің ұйымдастыруымен Кеңес әскерлерінің Ауған жерінен шығарылғанына 31 жыл толуына орай, «Ағалардың ерлігі – ұрпаққа өнеге» атты Ауған соғысының ардагерлерімен кездесу кеші өтті.
Кездесуге ауылдық округтегі Ауған соғысының ардагерлері Болат Тұралиев, Мелдебек Исаев арнайы шақырылды. Кешті Билікөл ауылдық округінің ардагерлер кеңесінің төрағасы Еңсебек Абсалямов ашып, ардагерлерге алғысын айта келе, бейбітшілікте бақытты ғұмыр кешулерін тіледі.
Шара барысында №3 Қ.Қошмамбетов атындағы орта мектептің алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімі Руслан Тірібосыновтың бастауымен 9 сынып оқушысы Айша Расылхан, 10 сынып оқушысы Зарина Әлібай, 11 сынып оқушысы Аян Кенжебек АК-74 автоматын бөлшектеу және жинақтау бойынша жылдамдықтарын анықтау көрінісін қойды.
Кездесуде мектеп директоры Динара Молдабаева сөз алып, Отанға деген сүйіспеншілік, патриоттық сезімнің шынайы үлгісін көрсете білген ардагерлерді мерекелерімен құттықтады. Сонымен қатар, келешек ұрпақ ардагерлердің ерліктерін естерінде мәңгі сақтайтынын айтып, мектеп оқушыларының және мәдениет үйі қызметкерлері атынан естелікке сыйлық табыс етті.
Кеш соңы мектеп оқушыларының концертіне ұласты.

Аягөз Нұрпейісова,
№3 Қ.Қошмамбетов атындағы орта мектептің
ұйымдастырушы-педагогы

Таңдаулы материалдар

Close