El іshі
Афиз атаның ақ тілегі
Сол кезден бастап қазақ жерінде тату-тәтті бір шаңыраққа шаншылған уықтай болып 130-дан астам этнос өкілдері ғұмыр кешіп келеді. Олар да қазақ халқымен бірге талай қиын-қыстау зұлмат жылдарды бастарынан бірге өткерді. Тәуелсіздік алғаннан кейін 1995 жылы 1 наурызда Тұңғыш Президент-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен құрылған еліміздегі көптеген этностарды бір арнаға тоғыстырып, мүддесін қорғайтын Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылды. Ал, 2015 жылы Ассамблеяның ХХІІ сессиясының ашылу салтанатында барлық ұлттың бір-біріне және қазақ халқына Алғыс айту күнін бекітуді ұсынған еді. Оны ел азаматтары қолдады. Сөйтіп, 2016 жылдың қаңтарында Елбасы Жарлығымен 1 наурыз – Алғыс айту күні болып жарияланды. Міне, бұл айтулы күн мереке болып жарияланғаннан бастап көктемнің жайма-шуақ күнімен бірге адамдар, барлық этностардың бір-біріне және оларға мейірбандық танытып, өз туғанындай қабылдаған қазақ халқына алғыс айтып, ықыластарын білдіреді.
Сталиннің бұйрығымен өткен ғасырдың 1930-жылдары Қазақстан жеріне күштеп жер аударылған ұлттардың ішінде әзірбайжан ұлтының өкілдері де болғаны белгілі. Осы саясаттың салдарынан 1938 жылы Афиз Исмаилов туған Отанынан қазақ жеріне аударылған. Әзірбайжанның Нахичеван қаласы Керна ауылынан отбасымен қазақ жеріне келгенде Афиз ата небәрі алты жастағы бала еді.
-Сталиннің бұйырығымен 1938 жылы Кавказ халықтары жаппай жер аударыла бастады. Бұйрық шыққан күні ауыл қарияларын, үлкендерін қамап қойды. Кейін кешке қарай бізді де Нахичеванда 10 шақты күнге дейін ұстап отырды. Содан соң бәрімізді пойыз вагондарына отырғызып, белгісіз бағытқа айдап жіберді. Қазақ жеріне табан тірегенде вагондағы адамдарды қазіргі Түркістан облысының Сайрам ауданынан бастап жан-жаққа түсіріп кете барды. Бізді Жуалы ауданына түсірді. Ол күн әлі есімде, сол кезде қыстың қаһарлы суық күндері болатын. Ызғарлы желтоқсанның жиырмасыншы жұлдызы күні балаларды қариялардың тонына орап, шанаға отырғызып, жүріп кеттік…
Бізді Көлбастау ауылына әкелді. Сол қиын кезде алыстан жер аударылып келген әзірбайжандарды қазақ халқы жатсынбай қарсы алып, құшағын айқара ашты. Үйлерінің төрінен орын беріп, ас-суынан дәм татқызды. Сол үшін қазақ халқына мың алғыс білдіремін. Қазақ халқымен бірге талай нәубат жылдарды бастан өткердік. Соғысты да көрдік. Тылда да еңбек еттік. Киіз үйде де бірге тұрдық. Қандай кезең болсын біздің бірлігіміз, татулығымыз ажырамайды.
Өзім 2 класты ғана бітіргенмін. Оқуға жағдай болмады. 10 жасымнан бастап жұмыс істеп, еңбекке ерте араластым. Соғыс уақытында колхозда ел қатарлы екі қолға бір күрек алып, еліміз үшін жұмыс істедік. Әкем 1945 жылы өмірден озып, біз жетім қалдық.
Биыл Ұлы Отан соғысына 75 жыл толып отыр. Бұл зұлмат жылды біз бәріміз бірге өткердік. Сол себепті, бұл – біздің ортақ мерекеміз. Соғыс кезінде ауылда ер азаматтар майданға аттанды. Бар болса да мүмкіндігі шектеулі азаматтар еді. Балалар тылда әйелдермен бірге жұмыс істедік. Ол кезде картоп екпейтін, қызылша, каучук егілетін. Яғни, еңбектеген баладан бастап еңкейген кәріге дейін Жеңіс үшін, майдан үшін біркісідей жұмыс істедік.
Соғысты бастан өткергеннен кейін 1958 жылы жүргізушілікті оқып, 40 жыл колхозда көлік жүргіздім. Ерінбей әртүрлі жұмыстарды қолымнан келгенше істей бердім.
Қасиетті Жуалы жерінде өмірімнің 81 жылын өткіздім. Өзім қазір 87 жасқа келіп отырмын. Жұбайым Сара екеуміз екі қыз, үш бала тәрбиелеп, өсірдік. Қазақ ұлтынан қыз алып, құдалы-құдандалы болған жайымыз бар. Екінші ұлым Тағы Салтанат есімді қазақ қызына үйленіп, отбасын құрды. Одан бөлек, Жамшид, Хуршуд, Злейха, Элдар және Имран есімді балаларым да отбасылы болып, барлық ұл-қыздарымыздан 13 немере сүйіп отырмыз.
Әзірбайжан ұлтының дәстүрі, мерекелері қазақ халқына ұқсас келеді. Біз қазақ халқының ұлттық салт-дәстүріне құрметпен қараймыз. Себебі, біздің салт-дәстүріміз бен мерекелеріміз ортақ. Біз бір елміз. Бірлігі мен татулығы жарасқан көпұлтты тәуелсіз мемлекетпіз.
Көктемнің жылы лебімен бірге елімізде айтулы мерекелер қоса келеді. Соның алғашқысы Алғыс айту күні мен Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылғанына 25 жыл толуы. Бұл Елбасының бастамасымен құрылған теңдесіз ұйым. ҚХА бір шаңырақ астына бүгінде 130-дан астам этнос өкілдерін біріктірді. Бұл екі мерекенің қатар келуі бірлігіміз бен ынтымағымызды одан әрі арттыра түседі деп ойлаймын. Осы ретте, қиын-қыстау кезде құлағанға тіреу, сүрінгенге сүйеу болған қазақ халқына алғыс айтамын. Бұл бір-бірімізге деген құрмет. Сондықтан да Алғыс айту күні қарсаңында қазақ халқына, Елбасына, барлық этностарға біздің келісіміміз бен бірлігіміз үшін «Рақмет!» деп айтқым келеді,- дейді әзірбайжан ұлтының өкілі Афиз Исмайлов.
Сексеннің сеңгірінен асқан Афиз ата бірнеше медальдармен марапатталған. Оның бірі – «Тыл еңбеккері», «Еңбек ардагері» медалдары. Бұл – қарияның ерен еңбегінің бағаланғаны.
Қазіргі таңда көпті көрген қария Мыңбұлақ ауылдық округінің орталығы Көлбастау ауылында тұрып жатыр.
Айгүл ҚАЛЫМХАНҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»