El іshі

Мәртебесін анықтамағандарға үш ай мұрсат берілді

Тышқан жылындағы басты жаңалықтың бірі – денсаулық сақтау саласына міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінің енгізілуі. Аталған жүйе медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын жақсартуға бағытталғаны белгілі.
Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі аясында медициналық қызметтер екі пакетке бөлінеді. Біріншісі, тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі. Мұны барлық азаматтар пайдалана алады. Екіншісі, міндетті әлеуметтік сақтандыру пакеті. Мұнда бұрын ақылы, қымбат болған компьютерлік томография, МРТ, оңалту шаралары, қымбат медициналық қызметтер мен дәрі-дәрмектер жүйеге қатысушыларға ғана тегін болады. Қызмет ақысы сақтандыру қоры арқылы жабылады.
ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің бұйрығына сай мәртебесін анықтамаған азаматтарға тағы үш ай мерзімге мұрсат беріліп отыр. 1 сәуірге дейін елдің барлық тұрғындары шартты түрде сақтандырылған болып есептеледі және олар жоғарыда аталған екі пакет түріне кіретін қызметтерді тегін ала алады.
– Осы кезеңде азаматтар өздерінің сақтандыру мәртебесін нақты түрде анықтап, МӘМС жүйесінің қатысушысы болуы шарт. Ниет білдірген әркім өз мәртебесін Тelegram-бот арқылы тексере алады. Бірінші кезекте азамат өзінің сақтандыру мәртебесін өзектендіруі қажет. Осы жылдың наурыз айының аяғына дейін барлық азамат медициналық көмектің кепілдендірілген көлемінде сақтандырылған болып саналады, бірақ соған қарамастан әркім өзінің сақтандыру мәртебесін тексеріп алуы тиіс. Егер азамат сақтандырылмаған болып шықса, банк жасап шығарған терминал арқылы жүйеге жылдам кіруге болатын тетіктер бар, – дейді Жуалы аудандық орталық ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Нұрбай Ергебеков.
ҚР ДСМ мәліметінше, жалпы МӘМС жүйесі енгізілгенде, денсаулық сақтау жүйесінің бюджеті медициналық көмектің көлемін 1,5 есеге ұлғайта отырып, 2020 жылдың өзінде 1,6 трлн. теңгені құрайтын болады.

Абылайхан СӘРСЕН,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close