El іshі

«Баланы жастайынан жақсылыққа, еңбекке баулу керек»

 

Өмір болған соң түрлі адамдар болады. Жақсы да, жаман да бар. Өмір жақсы адамдармен, адамдардың бір-біріне деген жақсы ойымен, тілегімен мәнді. Өмірге деген көзқарасы кең, еңбекқор, өз жұмысын жақсы білетін, жаны таза тамаша жандар айналамызда көп болған сайын өмірге деген құлшынысымыз артады. Бұл жолғы мақаламыздың кейіпкері де осындай жақсы-жайсаң жандардың қатарынан.

Билікөл ауылдық округіне арнаған іссапарымызда Дарбаза ауылының тұрғындары Мейірхан мен Толқын Ақышевтардың отбасында болдық. Еңбекқор, ауылына сыйлы жандар бізді жылы қабыл алды. Отағасы мал бағып кетіпті. Сондықтан отбасы жайлы алдымен жары Толқын әңгімеледі.

-Бұл отбасына келін болып түскеніме 25 жыл болды. Ата-енем тоғыз ұл-қыз сүйген жандар екен. Менің жолдасым кенжесі.

Үйде екі енем, атам болды. Яғни, енем және атамның анасы. Ата-енем көбінде жұмыста болды. Әжем жанымда болып, маған көп нәрсе үйретті. Тәрбиелеп, ақылын айтып, бағыт-бағдар беріп отырды.

Атам мінезді, ақылды кісі болды.

Өзім әкесіз өскендіктен әкелік жылулықты, мейірімді сол кісіден алдым. Мені ешқашан келін деген емес, балам дейтін. Кейде түсініспеушіліктер болып қалса, жаймен отырып, кешірім сұрайтын кішілігі де мол еді.

Енем де өте жақсы кісі, төрт қызымды сол кісі тәрбиеледі. Осындай жақсы жандардың отбасына келгеніме шүкіршілік етемін.

Әкем менің бір жасымда қайтыс болды. Анам Рысбала бізді бір өзі жеткізді. Әлі де еңбек етіп келеді,- дейді Толқын.

Толқын атасы жайлы әңгімелеп отырып, көзіне жас алды. «Атам жайлы айтсам, еріксіз көзіме жас келеді» дейді. Келінінің атасының әкелік махаббатына деген сағынышынан, ризашылығынан көзіне келген жас жүрегімді тебірентті.

-Атам балаларына, бәрімізге «өтірік айтпа, біреудің ала жібін аттама, кек сақтама, кек сақтау – өте жаман қасиет» деп үнемі ақылын айтып отыратын.

Ал, жолдасыма келсем, ақкөңіл жан. «Жақсы адамның ашуы шәйі орамал кепкенше» демекші, ашуы тез қайтады. Ешқашан дөрекі сөйлеген емес.

Мейірхан жүргізуші, Асада өрт сөндіру бөлімінде қарауыл болып жұмыс істеді. Қазір атамыздың құрған шаруа қожалығының жұмысын жалғастырып отыр.

Әжеміз де, атамыз да өмірден озды. Ал, енем Аллаға шүкір ортамызда. Дәл қазіргі таңда Нұр-Сұлтанда екінші ұлының қолында,- деді Толқын Байжанқызы.

Көп кешікпей Мейірхан аға да келіп қалды.

Ол кісінің ашық-жарқындығы, көпшілдігі кісімен амандасуынан-ақ байқалып тұрды. Мейірхан аға әңгімеге тез араласып кетті.

-Ата-анам еңбекқор жандар болды.

Мына үй менімен түйдей құрдас. 1973 жылы салынған. Осы ауылда салынған алғашқы үлкен үй. Үйді саларда анам өзі мың кірпіш құйыпты. Не деген мықтылық десеңізші! Кірпіш құю әйел-ана үшін ауыр жұмыс қой. Тіпті кейбір ер азаматтар құя алмайды. Анамның бұл еңбегін өзіміздің үлкен үйіміз болсын деген жақсы тілегінен туындаған өте үлкен іс, қосқан үлесі деп білемін.

Әкем 11 жыл қой бақты. Алты жыл зоотехник болды, он жыл бензин құюшы болып жұмыс істеді. Кейін «Жұмабай» шаруа қожалығын құрып, мал шаруашылығымен айналысты.

Анам Пістекүл ауылда Күләйша, Зияткүл, Шырынкүл деген төрт келіншек бес-алты жыл ауыл іргесіндегі 120 гектар жерге жүгері егіп, күтіп-баптап, одан мол өнім алып, облыс бойынша І орын алып, осы еңбегінің арқасында анам аудандық кеңестің депутаты болған.

Әкем Жұмабай өте сауатты жан еді. Үнемі соңғы шыққан кітаптарды алып оқитын. Бізге «ұрлық жасама, өтірік айтпа, біреудің ақысын жеме» деп айтып отыратын. Әділ, ұйымдастырғыш кісі еді. Ауылдағы жиын-той әкемсіз өтпейтін.

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары жекешелендіру басталғанда ауылдағы ағайын-туысты бөлінбеңдер деп бірлікке шақырып жүрді. Бірнеше жыл қатарынан ауылдағы ағайынды біріктіріп арпа еккізіп, оны суғарып, қарап, күзде орып, барлығына бөліп беріп отырды.

Өзім Қарабастау ауылындағы Қарымбай Қошмамбетов атындағы орта мектепте оқыдым. Сабақ үлгерімім де жақсы болды. Бір-екі оқуға түстім. Бірақ тастап кеттім. Кейін әкеме ілесіп, мал шаруашылығымен айналыстым. Мал ұстайтын сарай соқтық.

Қазір негізінен қой шаруашылығымен айналысамыз. 500 бас қой, 15 бас жылқы, екі бас сиырымыз бар. Осы шаруашылығымызбен айналысып, ел қатарлы тұрмыс кешіп жатырмыз- дейді Мейірхан аға.

Мейірхан аға бос уақытта ескі техникаларды жөндеумен айналысады екен. Ауылдың балалары ол кісіні «Май ата» деп атап кетіпті.

Отанасы Толқын Қарағанды облысы Нұра ауданының қызы. Мамандығы – бастауыш сынып мұғалімі. Бүгінгі таңда ол «Билікөл» балабақшасында әдіскер болып еңбек етеді.

-Алланың берген төрт қызы бар. Үлкендеріміз Аякөз бен Әзиза тұрмыста. Олардан екі немереміз бар. Ал, Азат сегізінші сыныпта оқиды. Ал кенжеміз Динара бесінші сынып оқушысы.

Азат домбыра үйірмесіне қатысады. Ұстазының үмітін ақтап, Нұр-Сұлтанға мектебін ауыстырып жатыр. Сегізінші-тоғызыншы сыныпты сонда оқып, әрі қарай астанада «Шабыт» колледжіне оқуға түсуді жоспарлап отыр,- деп Мейірхан Жұмабайұлы мен Толқын Байжанқызы қуаныштарымен де бөлісті.

Еңбекқор отбасының отағасы мен отанасы жас ұрпақ тәрбиесі жайлы пікірлерімен де бөлісті.

-Баланы еркелету керек. Бірақ орнымен. Еркелету мен есіртудің айырмасы жер мен көктей.

Бір жылдары ауылдан Тараз қаласына жолаушылар тасымалдадым. Сол кезде көп ата-аналар балаларын ертіп жүреді ғой. Базарға барғанда балалары қажет болсын, болмасын ананы алып бер, мынаны алып бер деп ата-анасының есін шығарады. Ата-анасы кейбіреуі амалсыздан, кейбірі айналасынан ұялғанынан алып береді. Шын қажеттілігі жайлы әңгіме бөлек.

Бір қарағанға бұл жәй болмашы нәрсе сияқты. Бірақ, тәрбие ұсақ-түйектен басталады. Баланың өсе келе бұл әдеті өзінің де, ата-анасының да басына таяқ болып тиеді. Тәрбиеде ұсақ-түйек деген болмайды. Әр нәрсеге терең мән беру керек. Баланы жастайынан жақсы мен жаманды айыра білуге үйретіп, жақсылыққа, еңбекке баулу қажет,- дейді Мейірхан Жұмабайұлы.

Әр отбасы кішкентай мемлекет. Осындай кең, биік көзқараста тәрбиеленген отбасынан шыққан ұрпақтың отбасына да, қоғамға да берер пайдасы көп. Лайым, елімізде еңбекқор, үлгілі де өнегелі, мерейі тасыған отбасылар көп болсын!

Мейірхан мен Толқын Ақышевтардың отбасына амандық, құт-береке мен мол қуаныш тілейміз!

Перизат ШЫМЫРТАЙҚЫЗЫ,

 «Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close