El іshі

Басты міндет – бюджетті тиімді жоспарлау

Адамзат кез келген жұмыстың, әр мамандықтың абыройлы екенін және адамның өз жұмысына қаншалықты жауапкершілікпен қарап, қаншалықты ынта-жігермен жұмыс істейтініне байланысты болатынын әрқашан мойындап отырған. Барлық кәсіп өздігінше ерекше және маңызды.

15 қараша – Тәуелсіз Қазақстанның азаттығының бір айғағы саналатын Ұлттық валютамыз – теңге күні және қаржы саласы қызметкерлерінің кәсіби мерекесі.
Осы ретте, аудан әкімдігінің экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің бюджеттік жоспарлау, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі бағыттарын әзірлеу мен іске асыруда ведмоствоаралық және салааралық үйлестіру бойынша атқарып отырған жұмыстарын елеулі деуге болады.
Бөлім мамандары ауданның мемлекеттік басқару жүйесінің құжаттарын әзірлеу бойынша жергілікті атқарушы органдардың қызметін үйлестіріп, мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құжаттарына мониторинг жүргізу және жоғары тұрған уәкілетті атқарушы органға ұсынуда жұмыстарын жүйелі жүргізіп, міндеттерін адал атқаруда. Одан бөлек, ауданның әлеуметтік-экономикалық даму болжамын ескере отырып, аудандық бюджетті үш жылдық жоспарлы кезеңге әзірлейді және аудандық бюджет жобасын аудандық бюджет комиссиясының қарауына енгізеді. Сонымен қатар, ауылдық елді мекендерге жұмыс істеу және тұру үшін келген денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қамсыздандыру, мәдениет, спорт және агроөнеркәсіптік кешен саласындағы мамандарға әлеуметтік қолдау шараларын ұсынумен айналысады. Бюджет Кодексіне, бірыңғай бюджеттік классификациясына келген өзгерістерді бөлім мамандарына жеткізілуін және орындалуын қадағалайды.
Аудан әкімдігінің экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімі коммуналдық мемлекеттік мекемесі 2005 жылдың қаңтар айында құрылған.
Бүгінде аталған бөлімді қаржы саласында 35 жылдай еңбек өтілі бар Қалима Мықтыбекова басқарып, бөлімнің жұмысын үйлестіріп отыр. Бөлімге бес штаттық бірлік бекітілген. Барлығы дерлік өз істерінің білікті мамандары. Қазіргі таңда бес мемлекеттік қызметші, сонымен қатар, үш азаматтық қызметкерлер жұмыс істейді. Әр қызметкердің өзіндік функционалдық міндеттері бар.
Атап өтсек, бөлімінің бюджетті жоспарлау және бухгалтерлік есептеу секторының меңгерушісі Тазагүл Нажимиддинова Бюджет Кодексіне, бірыңғай бюджеттік классификациясына келген өзгерістерді бөлім мамандарына жеткізілуін және орындалуын қадағалайды. Сонымен қатар, бөлімде бухгалтерлік есептеу секторының бас маманы Райхан Тұрлыбаева, бас маман Рафхат Абибуллаұлы, экономикалық саясат секторының меңгерушісі Нұрсұлтан Сырлан, статист және мұрағатшы Гөзәл Бегімше, бөлімнің статисті Мақұлбек Сүйінбаев өздеріне жүктелген міндетті тиянақты атқаруда. Ал, бөлімінің іс-қағаздарын жүргізу (тапсырмалардың орындалуын бақылау) жөніндегі инспекторы Анна Меркібаева өз құзыреті шеңберінде басқа да жұмыстарды атқарады.
Бөлім басшысы Қалима Мықтыбекованың мәліметінше, «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы бойынша Б.Момышұлы ауылындағы мәдениет үйінің ғимаратын күрделі жөндеуге республикалық бюджеттен 104 473,0 мың теңге және облыстық бюджеттен 11 609,0 мың теңге, жалпы 116 081,0 мың теңге қаржы қарастырылған. Одан бөлек, ағымдағы жылы жалпы 378 886,2 мың теңгеге 13 көшеге 15 шақырым автомобиль жолдарына орта жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Сонымен қатар, бағдарлама аясында 234 816,2 мың теңге қаржыға 13,153 шақырым автомобиль жолдарына орта жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарлануда.
«Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы аясында «Ауылдық елді мекендерге жұмыс істеу және тұру үшін келген денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қамсыздандыру, мәдениет, спорт және агроөнеркәсіптік кешен саласындағы мамандарға, ауылдар, кенттер, ауылдық округтер әкімдері аппараттарының мемлекеттік қызметшілеріне әлеуметтік қолдау шараларын ұсыну мөлшерлерін айқындау туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 18 ақпандағы №183 қаулысымен 100 еселік айлық есептік көрсеткішке тең сомада көтерме жәрдемақы және тұрғын үй сатып алуға 1 500 еселік айлық есептік көрсеткіштен аспайтын сомада бюджеттік кредит беру әлеуметтік қолдау шаралары көрсетіледі.
-Ағымдағы жылдың қорытындысы бойынша,100 еселік айлық есептік көрсеткішке тең сомада көтерме жәрдемақы әлеуметтік қолдау шарасы 60 маманға берілді. Оның ішінде денсаулық сақтау саласы бойынша – 8 маман, білім – 32, мәдениет – 3, спорт – 6, агроөнеркәсіптік кешен – 4 және ауылдар, кенттер, ауылдық округ әкімдері аппаратының мемлекет қызметшілері – 7 маман.
1 500 еселік айлық есептік көрсеткіштен аспайтын сомада бюджеттік кредит беру әлеуметтік қолдау шарасы 40 маманға ұсынылған. Оның ішінде денсаулық сақтау саласы бойынша – 2 маман, білім – 26, мәдениет – 2, спорт – 4, агроөнеркәсіптік кешен – 4 маман және ауыл, ауылдық округ әкімдері аппаратының мемлекет қызметшілері – 2 маманға берілді. Жоспарланған 175 020,0 мың теңгеден 174 640,4 мың теңге ұсынылып, 379,6 мың теңге үнемделді. Себебі, екі маманның алған тұрғын үй бағасы берілетін 4 375 500 теңгеден кем болды, – дейді мекеме басшысы Қалима Тұрмағамбетқызы.
Басты мақсат – бюджетті тиімді жоспарлау міндеті екені белгілі. Ендеше, еңбектеріңіз жемісті болып, қаржылық қызметте тұрақтылық пен жаңа белестерге жете беріңіздер, мерекелеріңіз құтты болсын!

Мақпал САМАТҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close