El іshі
БАҚЫТ БАЛАЛЫ ҮЙГЕ ҚОНАДЫ
Ана – перзент сүюмен бақытты. Дүниеге сәби әкеліп бақытын баласынан тапқан аналар айналасын мейірім шуағы мен сүйіспеншілікке бөлейді. Ана үшін перзентінің амандығы мен денсаулығының жақсы болуынан асқан қымбат дүние жоқ.
Ана әрдайым жүрегінде баласына деген ыстық махаббатты сақтайды. Баласы қанша есейсе де, оны бала көреді. Ол – өмір заңдылығы. Ал, көпбалалы аналардың жүрегінің кеңдігі мен сүйіспеншілігі бар баласына жетеді. Ана баласын ешқашан бір-бірінен бөліп жармайды. Ол барлығын бірдей көріп, бірдей жақсы көреді. Осындай ерекше бақытты сезінген Тәттібай Дүйсебайұлының тұрғыны, алтын құрсақты ана Гүлмира Дербісалиева да балаларын байлығына балайды.
Батыр ана Гүлмира Бекежанқызы Сарыағаш ауданы Жібек жолы ауылында қарапайым отбасында дүниеге келген. Осы ауылдағы Амангелді атындағы орта мектепті тамамдаған. Анасы жастайынан жолдасынан айырылып, үш баламен жалғыз қалған. Өмірдің сынағына мойымаған ол еңбек етіп, балаларын қатарынан қалдырмай өсірген.
Көпбалалы ана өмірлік серігі Жәнібек Дербісалиевті 20 жасында кезіктіреді. Сөйтіп өсіп-өнген отбасына келін болып түседі.
Жолдасы да көпбалалы отбасында дүниеге келген. Жас келін ата-ененің қолында жеті жыл бірге тұрып, үлкен мектептен өтеді. Ақ босағаны аттаған сәттен бастап, жас келінді жатсынбай, ата-енесі де жақсы қабылдайды. Алғашқы перзенттерін де осы шаңырақта өмірге әкеледі. Балаларының да есімі үйдің үлкендерінің қалауымен қойылады. «Ата-апаларымыздай көзі ашық, көпті көрген адамдар болса, балаларымыз жаман болмайды» деген пайымға келеді.
-Отағасы Жәнібекпен Ташкент қаласында сауда-саттықпен айналысып жүрген кезде таныстық. Өзара түсінісуіміз, өмірге деген көзқарасымыз бір жерден шығып, үлкен өмірге бірге қадам бастық. Әр отбасы – өзінше бір мемлекет қой. Осы мемлекетіміздің берекесі мен ынтымағы, өсіп-өркендеуі екеумізге байланысты. Сонымен қатар, ата-аналарымыздың, бауырларымыздың қолдауы аяқтан нық тұруымызға үлкен көмегін тигізді.
Қазір шүкір, көпбалалы отбасымыз. Алғаш отау құрған кезімізде «балаларымыз көп болса» деген арманымыз орындалып, өмірге тоғыз баланы әкелдім. Балаларымыздың алды студент. Тұңғышымыз Нұрқадыр 20 жаста. Тараз қаласындағы Тараз техникалық және бизнес колледжінің 3 курс студенті. Ұлымыз өткен жылы Отан алдындағы борышын өтеп келді. Ал, Аида 2002 жылғы, Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық колледжінін ІІІ курсында оқыса, Нұрқанат Жамбыл политехникалық колледжінде білім алады. Бұл екеуі де грант негізінде оқуда. Нұрмахамбет, Айдын, Абдусалам, Айша мектепте оқиды. Кенжелеріміз Фариза 5 жаста болса, Аянат 1,5 жаста.
Балаларды еңбекке, бірлікке, ауызбіршілікке, адалдыққа баулимыз. Ауылда балалар қатысатын өнер мектебі жоқ, әрі десе интернеттің мәселесі мәз емес. Сондықтан балалар бос уақытында доп теуіп, даладағы тірлікпен айналысады. Үлкендеріміз ауылда интернет нашар болғандықтан қалада пәтер жалдап тұрып жатыр.
Отағасы қаталдау. Балаларының түзу жолмен жүріп, адам болғанын қалайды. Оның тұрақты жұмысы жоқ. Сол себепті әркезде әртүрлі жұмыстарды істеп, отбасымыздың қамымен еңбек етеді. Мен де үйдемін, осылардың тәрбиесімен, күнделікті тіршілігімізбен айналысамын. Үй іргесіндегі бау-бақшамызға көкөністерді егіп, қыстық азығымызды жинап аламыз. Қорамыз малға толмаса да бір-екі бас сиыр ұстаймыз, – дейді көпбалалы ана.
Елімізде мемлекет тарапынан мұндай көпбалалы аналарға қандай көмек көрсетілсе де артық емес. Өйткені, ұрпақ жалғастығы қай ұлт үшін де өте маңызды болып қала бермек. Осындай ұрпақ жалғастығын бірінші орынға қойып, көпбалалы атанып отырған Гүлмира Бекежанқызына атаулы әлеуметтік көмек тағайындалады және әлеуметтік кепілдендірілген пакет те қоса беріледі. Сонымен қатар, ол күміс және алтын алқаларының иегері ретінде және бала санына байланысты жәрдемақы алады.
-«Бақыт балалы үйге қонады» демекші, бақытымыз осы балалар болғандықтан мемлекет тарапынан берілген көмекті солардың ас-ауқатына, киім-кешегіне жұмсаймыз. Шүкір, барымызға қанағат етеміз. Перзентіміздің алды өсіп қалды. Оларды да аяқтандыруымыз керек. Ең бастысы, балалар жақсы білім алып, мамандық иесі атанса деген ниетіміз әрі арманымыз бар. Өйткені, бізде ондай мүмкіндік болмады, сондықтан ұрпағымыз білімсіз қалмасын дейміз.
Бірінен соң бірі қатар дүниеге келген олардың қалай өсіп кеткенін білмей қалдық. Әйтеуір бірін-бірі сүйреп, үйелмелі-сүйелмелі болып, ержетіп, бойжетіп келе жатыр. Балаларымыздың тәртібі де жақсы. Ұлдар әкесінің көмекшісі болса, қыздарым маған қолғабыс етеді. Біз – тату-тәтті отбасымыз. Балалар – барымыз әрі байлығымыз. Тоғыз перзентіміздің әрқайсысының өзіндік орны бар, мінезі, қызығушылығы әртүрлі, – дейді ана ағынан жарылып.
«Балалы үй – базар» демекші, бақыт та бақ та балалы үйге қонады. Себебі, біз баланы өміріміздің сәні мен мәніне балаймыз. Ал, көпбалалы отбасы атану – ол отбасындағы өзара түсіністік пен кең пейілдің, молшылық пен мейірімділіктің айқын көрінісі.
Айгүл ҚАЛЫМХАНҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»