Еліміздің ертеңі, мемлекетіміздің жарқын болашағы білімді де, талапшыл жастардың қолында. Қай заманда болсын қоғамның қозғаушы күші – жастар. Бүгінде жастар қоғамның қозғаушы күші ретінде біліммен, тың идеяларымен қаруланып, еліміздің дамып, өркендеуіне барынша үлес қосуда.
Қазіргі таңда кәсіп ашып, игілікті істер атқарып жүрген жастардың қатары көбейіп келеді. Сондай жастардың ісіне қарап ерекше сүйсінесің. Біздің бүгінгі кейіпкеріміз жастық жалынын пайдалы істерге жұмсап жүрген аудандағы белсенді жастардың бірі – Еділ Әбдіқадыр.
Еділ Әбдіқадыр Қарасаз ауылының тумасы. Жасы 21-де. Осы ауылдағы №6 А.Пушкин атындағы орта мектепті тамамдаған. Одан кейін Алматы қаласындағы Алматы технологиялық университетіне мейрамхана ісі-мейманхана бизнесі мамандығы бойынша оқуға түседі. Оқу оқи жүріп қосымша Тараз қаласындағы «Гүлнәр» кәсіптік оқыту орталығында үш айлық «II разрядті аспазшы» оқуын оқып, 2020 жылы Қазақстан Республикасының мейрамхана ісі-мейманхана бизнесі мамандығы бойынша «үздік студент» атанған.
Еділ жоғарғы оқу орнын үздік тамамдаған соң туған жеріне келіп кәсіп ашуды көздейді. Осылайша өткен жылы аудан орталығынан ескі ғимаратты жалға алып, өз қаражатына жөндеп, әрлеу-сәндеу жұмыстарын жүргізеді. Сөйтіп «Edisson’s cooking», яғни қазақшаға аударғанда «Еділдің тағамдары» аталатын 28 орындық дәмхананы ашады. Бұл дәмхананың халыққа сапалы қызмет көрсетіп жатқанына үш айдай уақыт болды. Бүгінде келушілердің де қатары күн санап артуда. Дәмхана аз уақыт ішінде тұрғындардың сұранысына ие болып үлгерген. Жеткізіп беру қызметі де дұрыс жолға қойылған.
Аптаның бес күнінде, таңғы сағат 10:00-ден кешкі сағат 20:00-ге дейін жұмыс істейді. Дәмхананың іші заманауи үлгіде сәнделген. Бір бет қабырғасында «Өзіміз шәй ішейік» деп жазылса, енді бір бұрышында қазақ зиялыларының әдеби кітаптары қойылғаны көңіл қуантады.
Бұл дәмханада жас кәсіпкер үш адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Еңбекақылары күндігіне төленеді. Одан бөлек, Еділ өзінің 7 адамнан құралған командасымен бірге тапсырыспен той-жиындардың, мерекелік отырыстардың, туған күндердің дастарқанына қойылатын тағамдардың түр-түрін әзірлеп, дайындаумен де айналысады. Тапсырыс берушінің үйіне барып, асханасын пайдаланып, қонақ бөлмеге әдемілеп дастарқан жаяды.
Кәсіпкердің сөзінше, бұл команда 2017 жылдан бері белсенді жұмыс жасап келеді. Сондай-ақ, бұл жұмыстан да мол табысқа қол жеткізген.
Жас кәсіпкер Еділ аудандық «Аяла» қайырымдылық жобасының мүшесі екенін айтпай кетуге болмас. Мұнда көмекке мұқтаж жандарға материалдық, қаржылай көмек көрсетіледі.
«Жеті жұрттың тілін біл, жеті түрлі ілім біл» дегендей, басты кейіпкеріміз ағылшын және орыс тілдерін де жетік меңгерген. Тағы бір айта кететіні жас кәсіпкер ай сайын Шымкент, Тараз т.б. қалалардағы бас аспаздармен тәжірибе алмасып отырады. Мұның өзі Еділдің өз ісіне деген қызығушылығының жоғары екенін көрсетеді.
– Адам өзіне ұнайтын іспен айналысқанда ғана, еңбегінің жемісін көреді. Сол секілді мен де бала кезімнен анам Айгүлден тамақ әзірлеудің қыр-сырын үйренген едім. Себебі, тәтті тағамдардың қалай жасалатыны ерекше қызығушылығымды тудыратын. Менің ата-анамның Қарасаз ауылында шағын наубайханалары бар. «Ас атасы – нан» демекші, мұнда нанның түр-түрін пісіріп, аудан орталығына және басқа да ауылдарға тасымалдайды. Яғни, кәсіпкерлікке бет бұруға ата-анам себепші болды деуге болады.
Жастар жас шыбық секілді, қалай майыстырсаң сонда майысады. Дегенмен, адамның өзінің алдына қойған айқын мақсаты, өзіндік пікірі болуы керек. Сол мақсатқа жету үшін аянбай еңбек еткен дұрыс деп ойлаймын. Сонда ғана жақсы жетістіктерге жетесің, – дейді Еділ Жанәділұлы.
Еділдің алдағы уақытта дәмхана ісін жандандырып, аудан орталығынан үлкен мейрамхана ашу жоспарында бар.
Ендеше, жалынды жастың тілегінің орындалуына біз де тілекшіміз!
Мақпал САМАТҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»