El іshі

Талап пен тәртіп індетті жеңген ананың айтары көп

Шақпақаталық Айман Айтбекова індетпен күресіп, бүгінде отбасының ортасына аман-есен оралған жайы бар. Осы ретте, ол бізге аты жаман індетті қалай жеңіп шыққандығы жайында әңгімелеп берген еді.
-Індетті қалай, қай жерден жұқтырып алғанымды өзім де білмедім, – деп бастады әңгімесін Айман Әбілханқызы. – Өйткені, мен ауылдық кітапханада кітапханашы болып жұмыс істеймін. Кітапханаға тұрғындар көптеп келетіндіктен барынша санитариялық талаптарды сақтауға тырысамыз. Дегенмен де сол сәттері аудан орталығына жұмыс барысымен барып жүрдім, сонымен қатар, үйге қонақ шақырып, өзіміз де жиі-жиі қонаққа бардық. Міне, осылайша еш алаңсыз жүрген кезімізде індетпен бетпе-бет келіп, оны қалай жұқтырғанымызды білмей қалдық. Тіпті, үнемі үйде болатын енеміз де ауырып қалды.
Анамыз ауырған соң екі-үш күннен кейін менің бойымда індеттің белгілері біліне бастады. Менен коронавирустық инфекциясы ПТР тесті арқылы анықталды. Екі өкпем 20 процент зақымданып, ол мутацияға ұшырады.
Алғашқы күні аудандық аурухана дәрігерлерінің қарауында болып, екі өкпемнің қабынғандығы анықталған соң облыстық периниталдық жан сақтау бөліміне жатқызылдым. Осы бөлімнің меңгерушісі Абдуал Садықұлы науқастарға жиі келіп, жақсы, жылы сөз айтып, емделіп шығуыма рухани демеу болды. «Өзіңіз емделуге талпыныңыз, берілмеңіз, рухыңызды түсірмеңіз, балаңызды ойлаңыз» деп алға жетеледі.
Қазір бесінші перзентіме аяғым ауыр. Індетті жұқтырғанда құрсағымдағы балам жеті айлық еді. Ауруханада бір ай емделіп, сегіз айлық болып шықтық.
Ауруханада үш күн өз аяғыммен жүрдім де, жағдайым нашарлап, төрт-бес күн орнымнан тұра алмай жатып қалдым. Одан кейін қайта аяғыма тұрып, жағдайымның жақсаруына байланысты екі аптадан соң ғана палатаға ауыстырылдым. Палатаға шыққан соң да әлі де тынысым тарылып, ауа жетпей, тыныс алу аппаратын киіп жүрдім. Бірте-бірте халім жақсарып, аппаратты шешіп, індетті толық жеңген соң ғана, дәрігерлер үйге жіберді.
Жан сақтау бөлімінде жас мамандардың уақтылы медициналық қызмет көрсетуі көңіл көншітерлік. Олар түн ұйқыларын төрт бөліп, бізді бір сәтке де қараусыз қалдырмады. Әрдайым ас-суымызды, дәрі- дәрмегімізді беріп, қан талдамаларын алып отырды. Кейіннен гинекологиялық бөлімге ауыстырылған соң да ондағы Қымбат Оразғалиқызы бастаған медицина қызметкерлері де көңіл бөлмеген кездері болмады.
Ел арасында ауруханаға түсіп қалсаң, дұрыс қарамайды деген қауесеттер көп қой. Оның шындыққа жанаспайтынына өз басым куә болдым. Адам өмірі үшін арпалысқан дәрігерлердің еңбегі мен қайраттылығы мені таңғалдырды. Әрбір науқас үшін шарқ ұрып жүгірген ақ халаттылардың індетпен күресте еңбегі зор деп білемін.
Отбасымның қасына аман-есен оралғаныма қуаныштымын. Қазір денсаулығымыз жақсы. Декреттік демалысқа шықтым. Алла қаласа, ай-күнім жетіп, босану уақытысын күтіп отырмын. Менің және баламның денсаулығына жақындарым мен дәрігерлер әлі де алаңдаулы.
Қазіргі таңда бойымда әлі де әлсіздік бар. Кішкене жұмыс істеп, үй шаруасына араласам, шаршап қаламын. Бұл індетті толық жеңу үшін жақсы күтім қажет. Індеттің бір жылға болмаса, екі жылға дейін зардабы болады екен. Мамандардың айтуынша, індетпен екінші рет ауруға жол бермеуім керек.
Отбасымда жолдасым, үлкен ұлым мен қызым аудандық аурухананың инфекциялық аурулар бөліміне қызулары көтеріліп түсіп, толық емделіп шықты. Үйіміз карантинге жабылды. Үйде кішкентай екі перзентіміз жалғыз қалды. Оларға қайным екі апта бойы қарап, бас-көз болды.
Адам басына түспеген соң, ештеңені түсінбейді екен. Ауруханада менімен бірге аяғы ауыр келіншектер, егде жастағы адамдар көп жатты. Мұндай адамдардың ағзасы әлсіз болады екен ғой. Мен өзімнің басымнан өткен жағдайдан кейін осындай қауіпті вирустың барына, көп қыдырмауымыз керек екендігіне, карантин талаптарын сақтап, үйде отыру керектігіне, иммунитетімізді көтеріп, өз денсаулығымызды күтуіміз қажет екендігіне әбден көзім жетті. Қандай ауа райы болса да үйде болсын, жұмыс бөлмесін болсын жиі желдетіп, ауаны тазартып тұру қажет екен. Көп адамдар шоғырланатын жерге бармай, адамдармен әзірше араласпауға тырысу керек. Лажы болса, құнарлы тамақтанып, пайдалы дәрумендер ішуіміз тиіс.
Біз немқұрайдылық танытып, той-томалақ өткізіп, үйімізден қонақ үзілмей жүргенде, жақынымызға қандай зиян келтіргенімізді білмейді екенбіз.
Қазір мектепте екі балам оқиды. Балаларыма медициналық бетпердені тастамай, уақтылы ауыстырып, қолдарын антисептикпен жуып тұруын айтып отырамын. Мектептен келген соң, бірден беті-қолдарын тазалап жуғызамыз.
Барша тұрғындарға айтарым, мамандардың айтқан ақыл-кеңесіне бей-жай қарамай, карантин талаптарын қатаң сақтауларыңызды сұраймын. «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» деген жақсы сөз бар емес пе? Ендеше, сақтық шараларын ұстанып, ең дұрысы вакцинациялаудан өту керек. Себебі, мұндай ауыр халде өмір мен өлімнің ортасында арпалысқанша, алаңсыз күнімізде денсаулығымызды күтуді ойлаған абзалырақ, – дейді ол өз сөзінде.
Иә, бүгінгі мақаламыздың кейіпкері айтқан әңгімеден талап пен тәртіпке бағынудың қаншалықты маңызды екеніне куә болып отырмыз. Ол індетті мықты рух пен өмірге деген құлшыныстың, дәрігерлердің біліктілігінің, отбасы мен жақындарының ақ тілеуінің арқасында жеңіп шықты. Міне, бір адам емес, бір отбасының бүкіл мүшесі індетпен күрескен сәт қандай қиын! Сондықтан барынша өзіңіз бен жақыныңыз үшін жауапкершілік танытып, сақ болайық, ағайын!

Таңдаулы материалдар

Close