El іshі

Ауыл тазалығы – басты назарда

«Тазалық – денсаулық кепілі». Өзіміз өмір сүріп, күнделікті ауасын жұтып отырған қоршаған ортамыздың тазалығын сақтаудың маңызы зор. Осы орайда ауданымызда көктем айларында ұдайы сенбілік ұйымдастыру жақсы бір дәстүрге айналып келеді. Биылғы жылы көктемгі көріктендіру, көгеріштендіру екі айлығы жарияланып, елді мекендерді қоқыстан арылту, қалдықтарын жинастыру, көшелерді абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Осындай тазалық жұмыстары Көкбастау ауылдық округінің аумағында да атқарылды. Елді мекендегі атқарылған жұмыстар туралы ауылдық округтің әкімі Ержан Серкебаев айтып берді.

– Ауылдың тазалығы – баршамызға ортақ іс. Ауылдың тазалығына барша тұрғындар жауапкершілікпен қарауда. Осы ретте, ауылдық округте көктемгі абаттандыру, көгалдандыру және санитарлық тазарту жұмыстарына биылғы 1200,00 мың теңге қаржы бөлінді. Оның ішінде абаттандыруға және көгалдандыруға 800,0 мың теңге бөлінсе, санитарлық тазалыққа 400,0 мың теңге қаржы қарастырылды. Бүгінгі күнге жеті шақырым арық-атыздар күл-қоқыстан, лайдан тазартылды. Сонымен қатар, 11 шақырым ауылішілік жолдар мен көшелер қоқыстан тазаланып, үш кездейсоқ күл-қоқыс төгілген орын жойылды. Елді мекенде 200-ден астам ағаштар бұталды.
Ауыл жастары ауылымыздың жасыл белдеуге айналуына өз үлестерін қосып, белсенділік танытты. Олардың атсалысуымен 400 түп жеміс ағашы, 70 түп қараағаш, 70 түп терек отырғызылды. Сонымен қатар, Көктөбе ауылында бір көрнекі ақпараттық кермелер ауыстырылып, жаңартылды.
Өткен жылы ауылдық округтегі Қосбөлтек ауылының О.Жапарқұл көшесі мен көше қиылысына асфальт төселген болатын. Оған аудандық бюджеттен 30 240 000 теңге бөлініп, 2019 жылы 19 166 535 теңге төленді, ал, биылғы жылы қалған 11 073 464 теңгесі төленіп берілетін болады. Сондай-ақ, «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы бойынша Көктөбе ауылы Бейсен ата көшесін жарықтандыру, Теріс ауылында орналасқан «Гамбург» ЖШС теңгеріміндегі ғимаратты өнер мектебін, аула клубын ашу мақсатында сатып алу, «Жасыл Желек» бағдарламасы бойынша мешіт жанынан берілген жер учаскесін қоршау жұмыстарын басты жоспарға қойып отырмыз.
«Ауылына қарап азаматын таны» демекші, сырттан қараған сыншыл көз ауылымызға қызыға қараса, біз үшін мақтаныш болар еді. Осы ретте, өскелең ұрпағымыздың дені сау болсын десек, айналамыздың таза тұруына барша тұрғындарды атсалысуға шақырамын. Айналамызды таза ұстасақ, ауылдың көркі ажарлана түседі деп ойлаймын, – деп округ әкімі Ержан Байұзақұлы тұрғындарды ауыл тазалығына бей-жай қарамауға шақырды.

Таңдаулы материалдар

Close