El іshі

“Жуалы” колледжіне су жаңа техникалар әкелінуде

“Жас маман” жобасы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 2019 жылдың 23 қаңтарында Жастар жылы салтанатты шарасының ашылуында берген тапсырмасы негізінде әзірленген. “Жас маман” жобасы  Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған “Еңбек” мемлекеттік бағдарламасына сәйкес жүргізілуде.

Жобаның мақсаты – 180 колледжді және 20 жоғары оқу орнын 100 аса талап етілетін мамандықтар бойынша жаңғырту және білікті мамандарды даярлаудың халықаралық тәжірибесін енгізу.

Жалпы елімізде 480 мемлекеттік колледж бар болса, жоба аясында соның 180-і таңдалынып алынып отыр. Таңдалып алынған 180 колледждің ішінде облысымыздағы 46 колледжді 11-і енген. Жеңімпаз колледждердің қатарында ауданымыздағы  №16 “Жуалы” колледжді де бар. Бұл үлкен жетістік. Себебі, жобаға қатысуға ниет білдірген оқу орындары талапқа сай түрлі критерийлер мен шарттарды орындап, республикалық комиссияның шешімімен таңдалды.

“Жуалы” колледжді аталған жобаға фермер шаруашылығы бейіні бойынша “Ауылшаруашылық өндірісінің тракторист-машинисті” мамандығымен қатысып, ұтып алып отыр.

Бүгінгі таңда жоба жеңімпазы болған оқу орындарының материалдық-техникалық базасы  заманауи талапқа сай жабдықталуда.

№16 “Жуалы” колледжіне жоба аясында 364 млн. теңгеге қажетті техникалар жеткізілуде.

-Бұл Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ауылға, жастарға деген үлкен қамқорлығы деп білемін. Мұндай мүмкіндік бұрын-соңды болмаған. Жобаның мақсаты – сұранысқа ие мамандықтар бойынша әлемдік бәсекеге қабілетті жас мамандарды дайындау. Осы мақсат аясында оқу орынының білімгерлеріне барлық мүмкіндіктер жасалады,- дейді колледж директоры Медет Иманбаев. -Жоба бойынша облыстық қазынашылық басқармасы арқылы жеті лот ойнатылып,  төртеуі бойынша тиісті техникалар жеткізілді. Екі лот қаралуда. Бір лот бойынша жеңімпаз техникамызды алып келе жатыр. Жақын арада колледжімізге келіп қалады.

Жалпы бүгінгі таңда John Deere 6195 M маркалы трактор, Deutz-Fahtz Agroton L7 маркалы трактор, жүк тиегіш (экскаватор-погрузчик), жүргізу тренажеры (тренажер-симулятор вождения), механикалық шеберхана (слесарно-механическая мастерская), Астра СЗТ – 3,6 А маркалы дән сепкіш, Sipma Z 224 маркалы пресс подборщик, PRONAR N672 маркалы тіркеме, қайтымды қондырғылы соқа (оборотный навесной плуг 5 кс), арнайы технологиялар кеңсесіне арналған LED экран әкелінді. Бұл техникалар бірі Германиядан, бірі Түркиядан, Украинадан,Ұлыбританиядан, Польша, Чехиядан мемлекеттерінен әкелініп отыр.

Техниканы алып келген мамандар, жоба аясында бір жылға жасалған келісімшарт бойынша біздің шеберлерімізді оқытып, үйретіп сертификат беріп, сүйемелдеп отырады. Егер техникалар бұзылған жағдайда керекті бөлшектерді де алып келіп береді. Техникаларымыздың ұзақ қызмет етуі үшін біз олармен әрі қарай да келісімшартқа тұрып, бірлесіп жұмыс істейтін боламыз.

Бұл әрине, біз үшін үлкен қуаныш әрі үлкен жауапкершілік. Ендігі жерде біз білімгерлерімізге теория мен тәжірибені ұштастыра отырып білім беріп қана қоймай, техникаларымызды пайдаланып, қосымша табыс табатын боламыз. Биылғы жылы шабындық жеріміздегі көпжылдық шөбімізді орып, төмен бағамен колледж мұғалімдерін қамтамасыз еттік. Қыркүйек айының соңында 10 гектарға еккен мақсарымызды орамыз.

Ал, келесі жылы колледжге ауданнан берілген 46 гектар жерімізді өңдеп, игеретін боламыз.

Жаңа оқу жылында білімгерлер жаңартылған білім мазмұны бойынша жаңа оқулықтармен оқитын болады.

Жаңа оқу жылына біз алты мамандық бойынша 125 грантқа ұсыныс жасаған болатынбыз. Алайда төрт мамандық бойынша 75 грант ұтып алдық. Ол мамандықтар: фермер шаруашылығы бейіні бойынша “Ауылшаруашылық өндірісінің тракторист-машинисті”; автокөлікті жөндеу, пайдалану және қызмет көрсету; тігін өндірісі және киімдерді модельдеу; тамақтандыруды ұйымдастыру.

Оқуға үміткерлерден құжат қабылдау жұмыстары онлайн түрде e.gov порталы арқылы жүргізілуде. Алғашқы үш мамандық бойынша бөлінген орындар бүгінгі таңда толықты. Соңғысы бойынша 20 орын болса, қазіргі таңда 16 үміткер тіркеліп отыр. Алайда әлі де тіркелуге уақыт бар.

Колледжіміздің 2021-2025 жылдарға арналған стратегиялық жоспары бар.

Жоспардың бағыттары: құзіреттілік орталық; халықаралық өнеркәсіпті аккредиттеу; WORLDSKILIS жаттығу лагері; әлеуметтік серіктестік; старттық жобаларды дамыту; жарқын білім беру жүйесі.

Бүгінгі таңда “Құзіреттілік орталығымызды” жабдықтаудамыз. Яғни, орталық қажетті заманауи құралдармен жабдықталуда. Бұл тамаша орталықта облыстық, республикалық семинарларды ұйымдастыруға әбден болады.

Сонымен бірге дуальді оқытуды кеңейту – басты назарда.

Құс шаруашылығымен айналысу, яғни аудан тұрғындарын құс еті және жұмыртқамен қамтамасыз ету де басты жоспарларымыздың бірі. Ол әрине, көп қаржыны талап етеді. Дегенмен берері мол жоспар деп білемін,- дейді Медет Жексенбекұлы.

Колледж ұжымының тұрғызған шағын гаражын барып өз көзімізбен көріп қайттық. Су жаңа, заманауи, әр мемлекеттен әкелінген техникалар қаз-қатар тізіліп тұр. Қуанарлық, мақтанарлық жаңалық.

Бұл – Тәуелсіздігіміздің жемісі, Елбасының жастарға деген тартуы, қамқорлығы, колледж ұжымының еңбегі. Колледж білімгерлері, ауданымыздың жастары игілігін көріп, туған жерге қызмет етсін! Жақсылықты бағалап, бардың қадірін білейік!

 

Перизат ШЫМЫРТАЙҚЫЗЫ,

 «Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close