Basty betEl іshі

«Қосбөлтек» мешіті бой көтерді

Тәуелсіз Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті-Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Тілімізді, ділімізді, дінімізді сақтау – ұлттығымызды сақтау. Ұлттық идея сөз болғанда, ең алдымен көш басында дін тұруы керек» деген аталы сөзі бар.

Қазақты ұлт ретінде сақтап келген батырлары мен билері ғана емес, әдет-ғұрпы мен салт-санасы һәм діні. Қазақтың саналы өмірінде басынан төрт түрлі заман өткерген: нар заман, зор заман, тар заман, кең заман.
Тар заман деген – күні кешегі кеңестік 70 жылдық ғұмыр. Коммунистік идеология «Дін – апиын» деп үгіт жасап, ғасырлар бойы Аллаға, Ұлы Құдіретті Жаратушыға деген имандылық сезімнен айырды. Молда-қожаларды қойша қуып, жер аударып, 25 жылға қамап, асып-атып, ожданын аяқ асты етті. Бар мешіттерді бұзды, намаз оқытпады. Кейбірін мал қамайтын қора етті, кейбірін дән сақтайтын қоймаға айналдырды.
Құдайсыз қоғам коммунистік идеология адамдарды діннен бездірді. Алланың барлығына шек келтірді. Адамдарды діннен бездіру арқылы оларды имандылықтан, қайырымдылықтан, мейірімділіктен айырды. Мұның ақыры рухани азып-тозуға, тағылыққа әкеліп соқтырды.
Біздің Көкбастау ауылдық округіне қарасты Қосбөлтек пен Көктөбе ауылдарында арнайы соғылған құлшылық үйі жоқ еді. Көкірек-көзі ояу ел тұрғындары бұрынғы мектеп мұғалімдеріне арналған үйді өңдеп, уақытша мінәжат үйіне айналдырып, сол үйге Айт намаз, жұма намаз оқып жүрді. Көп жылдардан бері жоғары білімі бар маман иесі һәм қосымша медресе тамамдаған Алғабек Сүгірбеков имамдық қызмет атқарып келді.
Заманға қарай кең де, ыңғайлы, жұрт көңілінен шығатын «Алланың жердегі үйі – мешіт» соғылса екен, кім осы көген көз жұртқа қайырым жасар екен?! деген арман күннен-күнге жұрт көңілін мазалай беруші еді…
«Адамгершілік!.. Заңның да, заманның да, адамның да құдіреттілігін танытатын ең ұлы күш!» – деп Сағат Әшімбаев айтқандай, «Ел іші – алтын бесік», Қосбөлтек ауылының қызы Өкімбаева Раушан ұлы Абдуллаев Еркебұлан, ері Абдуллаев Кәдірханмен мәмілеге кеп, Алланың рақыметі мен шапағатына, 300-ге тарта түтіні бар екі ауылға мешіт үйін салып беріп, ел құрметіне бөленуді мұрат етті. Бұл ізгі ниет 2015жылы жұртқа құлақтандырылған еді. Ел-жұрттың қуанышында шек жоқ еді. Бір-бірін сүйіншілеп жатты.
Нағыз құрылыс құжаты, жер бөлімін әзірлеуге аз уақыт кетпеді. Құрылыс екі ауыл ортасынан 2019 жылы басталып та кетті. 0,5 га жер бөлініп, 150 кісілік ғибадат үйі шұғыл басталып кетті.
Айтуға оңай, «іс шеберге түк емес» болғанмен, мешіт ғимараты ойдағыдай әрі тоқтаусыз бой көтеруі үшін оған жұртшылықтың топжарған абзал азаматтарының үздіксіз толассыз көмегі керек боп, Қалдан Ниязов есімді азамат «К-700» тракторымен жүк көліктеріне топырақ пен құм тиеп, көп қолғабыс етіп, ерлік үлгісін көрсетті. Жеке жүк көліктерімен Көксайдан кенереге тас, ауыл маңындағы құм-топырақ кен орнынан құрылысқа қажетті материал тасуға Қалдыбай Оразбаев, Жарас Молдақұлов, Еркінбек Қартабаев, Ерлан Тәжібаев, Нұржан Нұрпейісов секілді азаматтар ееңбектің ерен үлгісін көрсетті.
Мешітті жарықтандыру ісінде Ғалым Қасаболатов уақытпен санаспай, беріле еңбек етіп, мешіт үйінде самаладай шам жарық дүние сыйлап тұрғаны не тұрады?!
Марғұлан Алғашбекұлы мешіт хатымханасына деп ыдыс-аяқ әперді. Тағы басқа мешітке қажет деген құрал – жабдық алуға миллион теңгені жомарт қолмен ұсынғаны көп көңілінен шыға білгендігі еді.
Байсейіт Қамбаров есімді атпал азамат мешіт ауласынан құдық қаздырып, мөлдір де тұнық су шығарып, оны мешіт үйі мен хатымханаға кіргізіп беріп «көзің ашылғырдың» ісін атқарып, ел-жұрттың шексіз алғысына бөленгені-ай, шіркіннің!
Екі ауылдан 1983 және 1989 жылы туған сыныптас ұл-қыздардың мешітке волонтерлік көмек (қазақша асар жасап) көрсетуі үлкендер ризашылығына бөленіп, алғыс пен бата алуы – өмір жолдарының жарқын болуына сілтемедей болып әсер қалдырды…
Ауыл қария, ақсақал-қарасақалдары өз аттарына сай ізгі амал иегерлері болып, өз қаражаттарына Меркі ауданынан алма ағашы, өрік т.б. жеміс-жидек көшеттерін сатып алдырып, мешіт айналасына асарлатып орналастырып, мешіт аумағының жасыл желекпен көмкерілуінің себепкерлері бола білгені қуантады. «Бұл игі бастаманы келесі жылы әрі қарай жалғастыру жадымызда» деп қуантты әдемі қартайған қазыналы қариялер. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын!» – деп, о Ата – Ағалар атын атап өтсек: Базарбек Сұлтанбеков, Ақыл Бейсенбаев, Жапар Қасаболатов, Нышанхан Сапиров, Қазанғап Мұқияшов, Әділхан Дүйсенбиев, Қалдыбай Оразбаев, Ербол Помашев, Тілеп ақсақал т.б. «Әдемі қартая білу де – өнер» деген осы болады!
Егілген ағаштардың арасынан су жүретін атыз қазып, уақытымен ылғалдандыру ісін Алдабек Нұрлыбаевтың өз еркімен міндетіне алғаны баршамызды қуантты.
Мешіт айналасына сән-салтанат беріп, көңіл өсіретін сән үшін егілген шырша, арнайы жасалған гүлзар күтімін өз мойнына алған Айшахан Нұрқыдырқызына жұрт алғысы ерекше.
Ал енді мешітке қамқор қолын созып, мешіт үйі, тал-дарақ көкторғынын мал түспейтін етіп, талап деңгейінде қоршап беруді өз мойнына алған Көкбастау ауылдық округінің әкімі Ержан Серкебаевқа екі ауылдағы көгенкөз қазағымыз бек риза!
Үстіміздегі жылы өмірге келгеніне 1150 жыл толып, ұлы қазақ халқы үлкен мереке ретінде атап өтіп жатқан Екінші ұстаз Әбу Насыр әл-Фараби бабамыз: «Адам алдымен ойлы, парасатты болуға (парасат – ақыл мен білімнің тоғысуы), ақыл-ойдың жан-жақты дамуына көңіл бөлуі қажет. Шын мағынасындағы білімділік – тамаша адамгершілік сипат» – дегеніне мешіт имамы Алғабек Сүгірбеков пен оның кәлпесі Сәбит Өкімбаев (арнайы діни сауаты бар) өз аттарына лайық өнеге көрсете алғаны қуантады.
Нағыз молда жан шырақ, Ғылым жарық шам шырақ. Сөзіңе ісің сай болсын, Ғылымнан ақыл ал құрап, – деп алдыңғы ғасырда сөз айтқан қытай қазағы Ахыт қажы Үлімжіұлы «Сөзіне ісі – сай» Алғабекке айтылған баға іспетті. Шәкірті білімді де білікті оң үлгінің нышаны бола білген Сәбитке көп алғысы шексіз. Бұлар уақытпен санаспай, қай кезде де бітер істің ұйытқысы болып, ел алғысына бөленген, Алла жолындағы үлгі тұтарлық Алланың шынайы құлдары еді. Алғабектің бір өнеге алатын қасиеті екі ауыл әйел балалары орамалсыз жүрмеуі.
Бұл бітер істің ұйытқысы болған имам мен кәлпеге сүйеніш бола білген Мұхит Рахмешов, Оразалы Көпбаев, Ахмет Шажалиев т.б. «Жүзден жүйріктер», Алланың берілген құлдары екендіктерін дәлелдей білді.
Намаз – пендені жаратушы Алла тағаламен байланыстыратын жол. Аллаға бетбұрған жан – иманын оятқан пенде. Иман – илану десек, ол – Алланың бірлігіне мойынсұну. Құлшылық алды – намаз болатын болса, ал намаздағы Аллаға деген нағыз құрмет – сәжде.
Биыл өмірге келгеніне 175 жыл толатын ұлы ойшыл Абай «Бірінші сәжде топырақтан жаралғанымызды қабылдау болса, екінші сәжде сонда баратынымызды мойындау» деген қағида әр пендені селт еткізер ғибрат сөз емес пе?!
Қазақ ұғымында дастарқан қалай құрметті болса, жайнамаз да сондай үлкен құрметке ие боған. Әр мұсылманның үйінде екі теледидар болғанша, екі жайнамаз болғаны абзал. Адамның досы иман, құран, намаз, жайнамаз болып, намаз оқығанда патшаның патшасына есік қаққандай күйде баршамыздың «Қосбөлтек-Көктөбе» мешітіне төселген жайнамазда тілектеріміз тоғыссын, ағайындар! Екі ауыл көркіне айналған зәулім ғимарат үйінің ғибадат етуші Алланың құлдарына есігін айқара ашатын күн таяу. Бұл ғибадат үйі аудандағы 30-шы боп қатарланып отыр.
Мешітке сәждеге бас қойып, 18 мың ғаламның патшасы, ұлы Аршының иесі, жаратушы, құдыретті де күшті, қайырымды да мейірімді Алламен тікелей байланысқа шығатын күндеріңіз жақын болсын!
Болатбек қажы ҚАЙЫПБЕКҰЛЫ,
Көкбастау ауылдық округіндегі ардагерлер кеңесінің төрағасы.
Ауданның Құрметті азаматы

Таңдаулы материалдар

Close