Basty bet

Су тоғандары мен арналарының жайы зерделенді

Облыс әкімінің өкімімен бекітілген аудан, ауылдық округтер әкімдерінің жұмыс алгоритміне сай аудан әкімі Нарбай Ергебеков кеше Қызыларық ауылдық округіне сапарлады.

Нарбай Әбілқасымұлы Теріс-Ащыбұлақ ауылына атбасын бұрып, ауылдағы бастауыш мектептің, Айнабұлақ көшесінің жағдайымен танысты. Білім ордасы 1998 жылы ыңғайластырылған үш қосалқы ғимаратта ашылған. Жаңа оқу жылында 17 оқушы білім алатын болады. Мектеп меңгерушісі Күміскүл Мүсірепбекова негізгі ғимараттың шатырын ауыстыру, ескірген ағаш терезелерді пластикке айырбастау қажет екенін жеткізді. Мектептің жаңа оқу жылына дайындығын пысықтаған Н.Ергебеков жөндеу жұмыстарына қаражат мектептегі бала саны көбйеген жағдайда бөлінетінін айта келе, қосалқы ғимаратта орналасқан әжетхананың құрылысын жылдамдатып бітіруді тапсырды.
Ауылдағы бірден-бір қатынас жолы – Айнабұлақ көшесіндегі жолдың 90 пайызға жуығының тозығы жеткен. Ауылдық округ әкімі Марат Қасымбеков жол жөндеу жұмыстарына ЖҚС әзірленіп, сараптамаға ұсынылғанын алға тартты.
Аудан әкімі Нарбай Әбілқасымұлы ауылда былтыр пайдалануға берілген фельдшерлік пунктке де бас сұғып, мекеменің жұмыс жағдайымен танысты. Медициналық мекеме індет жағдайында Сұрым аймағындағы ауылдардағы тұрғындарға консультативтік кеңес беретін тірек пункті ретінде таңдалып отыр. Фельдшерлік пункт меңгерушісі Ләззат Көшенова бір ауыл тұрғынынан коронавирус инфекциясы анықталып, облыс орталығында емделіп келгенін айтты. Аудан әкіміне күнделікті жұмыс барысында пайдаланатын құрал-жабдықтар мен дәрі-дәрмек қорын көрсетті.
Қызыларық өңірі бағзы заманнан суғармалы аймаққа жатады. Көксай арнасы мен жергілікті тоғандардың, бастау-бұлақтардың суын пайдаланған шаруалар бау-бақша, көкөніс өнімдерін молынан өсіріп жатқан жайы бар.
Су шаруашылығының маманы болған Нарбай Әбілқасымұлына өңірдегі су арналары мен тоғандарының жайы жете таныс. Ол сапар барысында Көксай арнасынан тарайтын бірнеше ішкі шаруашылық каналдары мен тоғандардың жай-күйін көзбен көрді.
Қызыларықтың көршілес Ақтөбе ауылдық округімен шектесетін тұсындағы алқаптар күні кешеге дейін Қырғыз Республикасынан бастау алатын Қаратақы каналына байланған. Алайда, көрші елден су келмеуіне байланысты бұл канал Көксай арнасының бір тармағына бекітілді. Канал бойында шаруалардың алма бауы, күнбағыс плантациясы орналасқан. Тоғызыншы алқап деп аталатын тұста осы каналдың бетон науалары жөндеуді қажет етеді.
Аудан әкімі одан кейін Қызыларық, Сұрым ауылдарының іргесіндегі су тоғандарының жай-күйімен танысып, Сұрым ауылының жоғарғы бөлігіне жүргізілетін ауызсу құбырының құрылысына таңдалатын жердің ыңғайын зерделеді.
Нарбай Әбілқасымұлының сапары әрі қарай Алатау ауылының үстіңгі жағында орналасқан Қазақстан Республикасы Шекара қызметінің Бауыржан Момышұлы атындағы шекара бөлімшесінде жалғасты. Мұнда Н.Ергебеков бөлімше басшыларымен кездесу өткізіп, бірқатар проблемаларды бірлесіп талқылады. Мәселен, шекара бөлімшесіне шекара арқылы контрабандалық жолмен өткен малдарды уақытша ұстайтын орын қажет. Сондай-ақ бөлімшенің жылыту жүйесін қатты отыннан табиғи газға көшіру, шекара бөлімшесіне дейінгі бір шақырымнан астам қара жолға асфальт төсеу мәселелерін шешу аудан басшылығының көмек-қолдауын талап етеді.
Шекарашылардың ұсыныс-тілектерін мұқият тыңдаған Нарбай Әбілқасымұлы аудан аумағында орналасқан екі шекара бөлімшесіне контрабандалық жолмен ұсталған малдарды ұстайтын ортақ бір орын ашуға қаражат бөлдіруге ықпал ететінін, дұрысы бір шаруа қожалығымен шарт жасасу қажет екенін айта келе, кездесуге арнайы шақырылған Ақтөбе ауылдық округінің әкімі Арабхан Заппаровтан округтен осындай орын ашуға ұсыныс беруін сұранды. Арабхан Заппаров округте бұрын ондай орын болғанын, қажет болса, шаруа қожалығымен келіссөз жүргізуге дайын екенін жеткізді.

Абылайхан СӘРСЕН,
«Jańa ómir»

Таңдаулы материалдар

Close