Basty bet
Жақсы сөз, жақсы ой – жан азығы
Қазіргі жағдайда COVID-2019 коронавирустық инфекциясы әр адамға әртүрлі әсер етуде. Бір адам үреймен, бір адам қорқынышпен, енді бірі бұл ауруға құлақ аспай жайбарақат жүр.
Психологтардың айтуынша, бұл ауруды ми қалай қабылдайды солай ол адамға әсерін береді. Кез келген ауру адам баласына айтпай келетіні белгілі. Бірақ адам баласы ол ауруды әртүрлі қабылдайды. Ол өздерінің психосоматикасына байланысты болатын процесс. Мысалы, коронавирус инфекциясын жұқтырған адам байбаламға салынып, жұққан ауруды түпсанасы қабылдамай қарсылық танытатын болса, ол адамның жазылуы да қиынға түседі.
Жалпы, қазіргі таңда жас талғамай келіп жатқан ауруларды адамдар экологиядан, тамақтан, стрестен және т.б нәрселерден көріп жатады. Сонымен бірге, неге адамзат баласы жазыла алмайтын ауруларды өздерінде болып қала ма деген қорқынышпен өмір сүреді? Өйткені, кез келген ауруды саналы түрде қабылдамайды. Оның себебі, біз көптеген қоршаған ортаны сезіне алмайтындығымызда. Біз өзге адамдар тұрмақ өзімізге ризашылықты білдірмейміз. Адамдардың қатыгездіктері сонша миға қызғаншақтық, көреалмаушылық, мейірімсіздік, жақын адамдармен қарым-қатынастың тұрақсыздығы, тіпті көкек әкелер мен аналардың көбею салдарынан да, табиғатпен бір үйлесімділікте екендігімізді ұмытып кеткен жайымыз бар. Сондықтан да, жаратылыстың, тылсым табиғаттың бізге беріп жатқан үндестігін қабылдай алмай жатырмыз.
Міне, сондықтан да, төтенше жағдайда барлық әлемде дүрбелеңге айналған ауруды дұрыс қабылдап, үкімет басындағы ел ағаларына сенімділік танытып, тәртіпке келсек бұл аурудан құтылатын боламыз.
Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Төтенше жағдай жөніндегі мемлекеттік комиссияның отырысында «Әрбір дағдарыстың екі жағы бар. Біріншіден, бұл, әлбетте – қауіп, екіншіден, бұл – мүмкіншілік. Індет, дағдарыс дегеніміз – уақытша, өтпелі құбылыс. Біздің алдымызда тұрған мақсат – мүмкіндікті барынша пайдалану, осы дағдарыстан аман-есен шығып, одан да мықты болу. Біз әрқайсымыз өз міндетімізді жауапкершілікпен орындасақ, бұл қиындықтан тезірек шығамыз деп сенемін», – деген қанатты сөзі мені қатты тебірентті. Президентіміз біздің қазақ халқын бірігуге, жаңа бастамаға, жаңа мүмкіндіктерге жол ашылғалы тұрғанын көрсеткісі келді. Міне, осы мүмкіншілікті пайдаланып қазіргі сәтке алғысымызды айтайық. Себебі, әрбір адамға үйінде өз отбасыларымен бірге болғанын, отбасына мейірімдерін, сүйіспеншіліктерін, махаббаттарын еселеп беретін күнді туғызып отыр. Осы аталған пандемияны дұрыс қабылдап, бекітілген күнге дейін үйден шықпай, саламатты өмір салтын қабылдау керек.
Саламатты өмір салтын сақтану үшін де медицина қызметкерлеріне өзіміз де көмегімізді көрсетейік. Сақтық шараны, тазалықты миымыздан жағымсыз ақпараттық қоқыстардан тазартатын күндер келді.
Коронавирус инфекциялық пандемия саламатты өмір салтын қалыптастыруға, қайтадан тәубеге адамдарды шақырды. Саналы түрде адамдарды оята білді. Сонымен қатар, рухани энергиясы өте жоғары адамдарда барлығы жақсы болады. Біздің ата-тегімізден келе жатқан рухымыз өте жоғары және биік. Адам баласы өзіне сенгенде ғана энергиясы көтеріле түседі. Сенімсіз адамдардың энергиясы төмендей береді. Олардың иммундық жүйелері де ауруды тез қабылдағыш келеді.
Қазіргі ХХІ ғасыр заманы – физикалық тұрғыдан энергия заманы. Оны бұрын біздің дана қазақ халқы да дәлелдеп қойған. Жақсы ойлар, жақсы сөздер адамның жандүниесіне үлкен азық болады. Сол үшін әрбір ойларыңыз, іс-әрекеттеріңіз, адамға қарым-қатынастарыңыз дұрыс бағытта болсын. Рухани-адамгершілік құндылығымыз сүйіспеншілікке, мейірімділікке, ішкі тыныштықта (үйлесімділік), дұрыс іс-әрекет пен ақиқатымыз әрдайым түзу болғанда ғана табиғатпен бір үндестікте мәңгі молшылықта өмір сүретін боламыз. Өмір – бізге берілген құндылық. Ендеше, осы құндылықты жаратылыс иесіне қарсы тұрмай, ізгілікпен, қазір және осындағы сәтпен байланысты ризашылықпен өмір сүре білейік.
Әр адам өзіне берілген жасты, нәсіпті, кәсіпті ризашылықпен алып жүргенде ғана молшылықта ғұмыр кешетін болады.
Зейнеп Дәуренова,
Мейрамгүл Өскенбаева,
«Тұлға» балалар мен жастарға, отбасыларға
психологиялық қызмет көрсету орталығының
коуч мастер-тренерлері,
тұлғалық даму кеңесшілері