Basty bet

Онлайн байқау өтті

Тұңғыш Президент-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі ұйымдастырған Ұлы Жеңістің 75 жылдығына орай «Ерлікпен келген Ұлы Жеңіске – 75 жыл!» атты аудандық онлайн байқауы өз мәресіне жетті.

Байқаудың мақсаты – оқырмандардың бойындағы дарынын, шығармашылық қабілетін арттыру, ата-бабаларымыздың ерлік және жауынгерлік дәстүрлеріне негізделген аса маңызды рухани адамгершілік және әлеуметтік құндылықтар ретінде оқырмандар бойындағы азаматтықты, елжандылықты дамыта түсу. Оқырмандардың Ұлы Отан соғысының тарихымен, қазақстандықтардың ерлік істерімен таныстырып, өшпес шежіресі ретінде тарихымызда қалған осынау соғыс туралы бүгінгі жас ұрпақтың оқып-білуіне ықпал ету. Өткенімізді ұмытпау арқылы жастардың сана-сезімдеріне патриоттық құндылықтарды, көзқарастар мен сезімдерді, еліміздің мәдени және тарихи тұрғыдағы өткендеріне, дәстүрлеріне құрмет көрсетуді қалыптастыру.
Байқауға 43 оқырманы қатысты.
Байқау екі кезеңнен тұрды. Онлайн байқаудың І кезеңі «Мен Жеңісті жырлаймын» деп аталып, онда қатысушылар қазақ ақын-жазушыларының шығармаларын жатқа оқып, әлеуметтік желідегі парақшаларына жүктеді. Ал, «Мен Ұлы Жеңістің ұланымын» атты байқаудың ІІ кезеңінде оқырмандар эссе жазды. Оқырмандар эссені жазып, суретке түсіріп, жазылған эссені оқи отырып өзін видеоға түсіріп, әлеуметтік желідегі парақшаларына салды.
Жіберілген ақпараттар аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің Facebook әлеуметтік желідегі «Жуалы аудандық орталық кітапхана» деп аталатын парақшасына, «jualy_okj» деп аталатын Instagram желісіндегі парақшасына, және http://lib.zhualy.zhambyl.kz ресми сайтына жүктелді. Ұсынылған жұмыстарды бағалау үшін арнайы сарапшылар алқасы құрылды.
Байқауда әрбір қатысушы оқырманның жас ерекшеліктері ескеріле отырып, еңбектері бағаланды. Сонымен қатар, Faceboоk, Instagram әлеуметтік желідегі парақшаларына жолдаған жазба бойынша лүпілдер саны саналды.
Аталған шара мәресіне жетіп, екі кезеңнің нәтижелері шығарылды. Байқау қорытындысында Қызыларық ауылдық округі Сұрым ауылдық кітапханасының оқырманы Айгерім Қыдырбек және Көкбастау ауылдық округі Теріс ауылдық кітапханасының қатысушысы Ақбота Иланбай Бас жүлдеге ие болды. Ал, Қызыларық ауылдық округі Сұрым ауылдық кітапханасының оқырманы Айым Бейсен және Ақтөбе ауылдық кітапханасының қатысушысы Алтынай Аяпберген І орынды иеленсе, Қызыларық ауылдық округі Сұрым ауылдық кітапханасының қатысушысы Назерке Талғатқызы, аудандық орталық кітапхананың оқырманы Мунира Қаржаубаева байқаудың ІІ орнынан көрінді. Байқаудың жүлделі ІІІ орны Көкбастау ауылдық округі Теріс ауылдық кітапханасынан Сабина Бердіқұлға, Көлбастау ауылдық кітапханасынан Айсұлу Тағыбергенге және Қызыларық ауылдық округі Ақтөбе ауылдық кітапханасынан Бекболат Аяпбергенге бұйырды.
Жүлделі орындарға ие болған қатысушылар аудан әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің арнайы Дипломымен марапатталды.

Айжан Жұманова,
аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі директорының орынбасары

Таңдаулы материалдар

Close