Basty bet
Өлкетану бойынша патриоттық құнды кітап
Бүгінде баспадан шыққанды ақырғы ақиқат деп санайтын байырғы дәстүрлі психология бірте-бірте өзгеріп, оны ойға қозғау салатын сөз дәрежесінде қабылдауға көшті. Сөз бостандығы, плюрализм ұстанымдарын ұстанатын қоғамға тән бұл психология өмір салтына айналған құбылыс болып отыр. Осы орайда 2018 жылы Таразда басылып, жарық көрген «Жуалы жер- су атауларының этимологиясы» (Д.Ж.Байдалиев, Д.Д.Байдалиев, Жуалы жер-су атауларының этимологиясы, Тараз: «Сайдуллаев Қ. и К» баспасы, 2018, – 323 бет) атты кітаптың айтар деректерін оқырманды жаңа ойларға тартатын ойқозғағыш деп тану тарихи-өлкетану және лингвистикалық (тіл ғылымы) тұрғыдан әділ болмақ. Бұл кітап – публицистикалық-әлеуметтік сипатта қызғылықты мәліметтер, ой топшылаулар ұсынылған танымдық дүние.
Алайда бұл жанрлық ерекшелік оның құндылығына нұқсан келтіріп тұрған жоқ. Керісінше, қалың жұртшылықтың патриоттық рухын көтеру үшін энциклопедиялық-публицистикалық стильдің дұрыс таңдалынғанын білдіреді.
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті-Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында: «Патриотизм кіндік қаның тамған жеріңе, өскен ауылыңа, қалаң мен өңіріңе, яғни туған жеріңе деген сүйіспеншіліктен басталады.
…Туған жердің әрбір сайы мен қырқасы, тауы мен өзені тарихтан сыр шертеді. Әрбір жер атауының төркіні туралы талай-талай аңыздар мен әңгімелер бар. Әрбір өлкенің халқына суықта пана, ыстықта сая болған, есімдері ел есінде сақталған біртуар перзенттері бар», – деп көрсетілгендей, аталған кітап осы ізгілікті нұсқаудың ыстық ықыласпен жүзеге асуының айқын бір көрінісі. Елбасының рухани жаңғыру идеялары осы еңбектің дүниеге келуіне мұрындық болғандай.
Кітапты әкелі-балалы авторлар жазған: әкесі – Дәулетжан Байдалиев, ұлы – Дархан Байдалиев.
Дәулетжан Жамалбекұлы – өмір бойында педагогтық қызметте болған. Жуалы ауданының, көрші Түлкібас ауданының бірнеше буын тракторшыларын, автомобиль жүргізушілерін дайындап шығарған техникалық ұстаз, мектепте – технология маманы. Ол педагогикалық жұмыспен бірге шығармашылықпен де айналысып келеді: майлы бояумен сурет салатын үлкен дарын иесі, өлең жазатын ақын, қара сөздің майталман шешені, юмор мен сатираның сарқылмас қазынасы, бірнеше әдеби-танымдық кітаптардың авторы. Республиканың үздік өлкетанушысы атағы мен медалінің иегері, Әлем халықтары жазушылар одағының мүшесі, Жуалы ауданының Құрметті азаматы.
Дархан Дәулетжанұлы Байдалиев – жас ғалым, педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент, бірнеше оқу-әдістемелік құралдар мен көптеген ғылыми мақалалардың авторы, тарихшы, өлкетанушы, Әлем халықтары жазушылар одағының мүшесі.
«Жуалы жер-су атауларының этимологиясы» – рухани жаңғыру аясындағы «Құтты жер» бағдарламасының бастамашыл бір жобалық үлгісі. Жер-су атаулары – ғасырлар жәдігері, тіліміз бен тарихымыздың құнды қазына байлығы, мәдени мұрамыздың бір бұлағы. Кітапта Жуалы өңірі бойынша көптеген топонимдік материалдар жинақталып, олардың этимологиялық сыр-сипаты, шығу төркіні өлкенің тарихымен, географиялық құрылымымен, тұрмыс – дәстүрлерімен, өсімдіктер-жануарлар әлемімен, туған жердің қазіргі бейнесімен, әдебиеті-мәдениетімен біртұтастықта зерттеліп, зерделеніп, философиялық пайымдармен тұжырымдалған.
Кітапта Шоқан Уәлихановтың: «Қазақтарда тарихи оқиғалармен байланысты адам аттары, жер-су атаулары, тағы басқалары есте сақталып, атадан балаға жалғасып жатады» – дегеніндей, жер-су атауларының түп-төркінін анықтауда тарихи сабақтастық ескерілген.
Сондай-ақ белгілі өлкетанушы, табиғатты таныту бойынша әлемдік биіктегі кітаптар жазған К.Г.Паустовскийдің: «Жер атаулары дегеніміз – халықтың өз елін ақындық тілмен бедерлеуі. Бұлар – халықтың мінез-құлқы, тарихы, ой аңсары мен тұрмыс-салт ерекшеліктері туралы сыр шертеді» – дегенін де осы аталған кітаптан табамыз. Ол – туған өлкедегі өлкетану үрдісінде негізге алуға толық болатын ақпараттары мол эсселер жинағы.
Жер-су атауларының ұлттық сана мен патриоттық сезімді қалыптастыратын, оны көтеретін рухы кітаптың әр параграфынан сезіліп тұрады. Мұндағы ұлттық құндылықтардың басым көрініс табуы егемендігіміз бен қайта жаңғыруларымыздың айғағындай әсерлі.
Кітап «Жуалы ауданы туралы жалпы мәліметтен» басталып, жер-су атаулары алфавит ретімен берілген 158 параграфтан тұрады. Оларда әкімшілік жағынан Жуалы ауданына қарасты аумақтағы жер-су, елді мекен атаулары толықтай қамтылған. Олармен таныса отырып, топонимдердің (жер атауының) жасаушы иесі де, пайдаланушысы да халық болғандықтан, ол тек географиялық себептерден пайда болған құбылыстар емес, қайткен күнде де, тарихи себептерден де туған тілдік құбылыстар болып табылатынына (Попов А.М.) көз жеткіземіз.
Авторлар пайдаланған көптеген әдебиеттер қатарында киелі Жуалы турасында я болмаса ол жайындағы мәліметтер қатыстырылған Б.Момышұлының «Ұшқан ұя», Ш.Мұртазаның шығармаларының үшінші томы, А.Ормантайдың «Керімбай болыс», М.Әуезовтың таңдамалы шығармаларының сегізінші томы, Есенберлиннің «Көшпенділері», Ә.Кекілбаевтың «Үркері», Б.Әбділдаұлының «Сиқым Рысбек батыр», М.Ахметтің «Жері, суы дуалы – Жуалы», Е.Тұрысовтың «Бәйдібек», Б.Үсеновтың «Табиғат терезесі», М.Рысдәулеттің «Жуалы», «Бақатерек», С.Медетбековтың «Билікөл» сияқты кітаптар көрсетілген. Бұның өзі Жуалы өлкесін тануда көп материалдардың бар екенін білдіреді.
«Жуалы жер-су атаулары» атты Д.Ж.Байдалиев және Д.Д.Байдалиевтің кітабының мазмұны – ұлтжандылық бағытта жуалытану саласын байытқан құнды деректер жиыны. Әрине, олар үзілді-кесілді ақырғы ақпараттар емес, одан әрідегі зерттеушілер үшін негіз, қалың оқырмандарға ой салатын таным мен тәлім. Еліміздің әрбір әкімшілік аумақтарында осындай кітап жазылып шығып жатса, Ш.Мұртазаның армандаған рухы биік ел екеніміз көрінер еді. Бұл кітап – республика бойынша өлкетанудағы ой әлеміне қосылған үлкен үлес болуымен бірге, Жуалы ауданы үшін аса қомақты, аса өзектілікті, аса пайдалы еңбек. Әрбір жуалылықтың туған жерінің анықтамалығы, мақтанышы болар дүние. Мектеп оқушылары үшін зәру оқу құралы, мұғалімдер үшін дерекқор және әдістемелік көмек. Тиражын көбейтіп, қайта басылуын ел керек етеді.
Сәбит Дүйсебаев,
Жуалы ауданының Құрметті азаматы, Қазақстан педагогика ғылымдарының академигі, мектеп үшін қазақ әдебиеті мен тілі оқулықтарының авторы, аудармашы.
Әлем халықтары жазушылар одағының мүшесі, Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі, «Қазақстан патриоты», «Ұлт қайраткері» медальдарының иегері