Basty bet
Ауылдың берекесін арттырған жоба
“Еңбек түбі – береке” демекші, тірліктің көзін тауып, ерінбей еңбек етіп, берекелі тұрмыс кешіп жатқан жандар ортамызда аз емес. Оның үстіне өткен жылдың соңында облысымызда бастау алған тұрғындардың тұрмысын жақсарту мақсатындағы “Қарапайым заттар экономикасы” жобасы халықтың әл-ауқатының едәуір көтерілуіне үлкен септігін тигізді. Жоба аясында біздің ауданнан пилоттық өңір болып Ақтөбе ауылдық округі таңдап алынған болатын.
Жобаның бірінші “Үй іргесіндегі жерді тиімді пайдалану” бағыты бойынша 444 аула 68 гектар жерге түрлі бау-бақша өнімдерін екті.
Екінші “Ауылдағы мал шаруашылығын тиімді пайдалану” бағытына 195 ауыл тұрғыны қатысты.
Жыл басында 2,5 процентпен қомақты несие алған ауылдықтар көктем-жаз мезгілдері бойы еңбек етіп, жақсы нәтижеге қол жеткізуде. Үкімет қолдауына ие болып, тірліктің көзін тапқан ауыл еңбеккерлерінің көңілдері тоқ. Бау-бақша өнімдерін еккен жандар өнімдерін шашпай-төкпей жинап алды. Ал, малмен айналысып жатқандар алғашқы төлдерін өсіріп, бордақылаған малдарын сатып, қайта мал алуда.
Бәйтерек ауылындағы мал бордақылау бағытында несие алған азаматтың бірі – Нұрлис Дайырбекұлы. Кәсіпкер жыл басында 4 млн теңге несие алып, оған 14 бас бұқа, бір бас жылқы малын алған. Бүгінгі таңда жас шаруа жаз бойы бордақылаған малдарын сатып, орнына қайта 25 бас бұқа сатып алып, қайта байлауда.
Нұрлистің әкесі Дайырбек зейнет демалысында. Ал анасы Майра Таштанқұлова мектепте ағылшын тілінің мұғалімі болып еңбек етеді. Нұрлис отбасындағы үш перзенттің кенжесі.
Нұрлис Т.Тастандиев атындағы орта мектепті тамамдаған соң, Тараз гуманитарлық-инновациялық университетінің бастапқы әскери дайындық факультетінде оқиды. Оқу орнын 2019 жылы тамамдады. Ауылда мамандығы бойынша жұмыстың реті болмағандықтан, мал шаруашылығымен айналысуға біржолата бет бұрып отыр.
-Бұрын қорамызда азын-аулақ малымыз болды. Несиені алып, жұмыс істеп жатқыныма әрине ризамын. Бұл несие ауылдықтар үшін өте ыңғайлы.
Несиені бес жылға алғанбыз. Бір жыл каникулы бар. Жыл соңында алғашқы төлемім, яғни 400-500 мыңдай теңге төлеймін. Әрі қарай да әр алты ай сайын төлеп отырамын. Несиені тиімді пайдаланып, ерінбей еңбек етсе, пайдасы да жақсы.
Жалпы осы несиенің арқасында ауылда қаншама отбасы малды болды, жұмысты болды. Үкіметке, облыс, аудан басшыларына ауыл тұрғындарын қолдағаны үшін алғысымыз шексіз.
Егер, осындай несие тағы да берілетін болса, тағы да алып, шаруамды әрі қарай дамытар едім,- дейді Нұрлис Дайырбекұлы.
Келесі кезекте сауынды сиыр асырау мақсатында несие алған отбасына атбасын бұрдық. Бұл отбасында отағасы Өміржан Рахманқұлов 91678 әскери бөлімінде оператор болып еңбек етеді. Ал отанасы Бағила Рахманқұлова жұмыссыз. Несие отанасының атынан алынған. Бүгінде отбасындағы шаруаны Бағила апай ұлы Марс екеуі жүргізіп отыр.
Марс отбасында жұбайы Гүлназ екеуі бес-ұл-қыз тәрбиелеуде. Жұмыссыз отырған отбасы мүшелері несие алып, жұмысты болды. Үкіметтен алған 3 миллион 50 мың теңге несиеге бес бас сауынды сиыр, 20 бас қой алған. Сауынды сиырларынан әсіресе мамыр-маусым айларында мол сүт алып, жеке кәсіпкерлерге өткізіп отырды. Өткізген сүттің қаржысына малға қысқа жем-шөп алды.
Жаңаталап ауылында жылқы малын бордақылау мақсатында несие алып, еңбек етіп жатқан шаруа қожалықтардың бірі – “Бекжан” шаруа қожалығы. Шаруа қожалық 1997 жылы құрылған. Жетекшісі – Абсамат Асанов.
Абсамат Асанов шаруа қожалықты құрмас бұрын совхозда жүргізуші болып еңбек еткен. Алғаш бес бас жылқы, 10 бас сиыр, 20 қоймен шаруасын бастайды. Ал қазір 100-ден аса жылқы, 70-тен аса сиыр, 60 бас бұзау, 500-ден аса қойы бар. Ауласындағы қора-жайынан басқа сырттан сарай соғуда. Шаруа қожалықтың иелігінде үш трактор, бір «ГАЗель» көлігі бар.
Шаруа осы тіршілігі арқылы ауылда оннан аса жанды жұмыспен қамтып отыр.
Шаруа қожалықтың 147 гектар суармалы жеріне малдарына қажетті жем-шөбін егіп, орып алады. Яғни арпа, бидай, жоңышқа егіледі. Одан бөлек бес гектар жерге картоп егіледі.
Қазір шаруа қожалықтың тірлігін негізінен әке жолын қуған ұлы Нұржан жүргізіп отыр. Нұржан “Қарапайым заттар экономикасы” жобасы аясында 7 млн 800 мың теңге несие алып, оған 18 бас жылқы алған. Бордақыға байлаған жылқыларын өзі ашқан “Жуалы ет” жеке кәсіпкерлігі арқылы сатуда.
Нұржанның мамандығы – мал дәрігері. “Дипломмен – ауылға!” бағдарламасы арқылы ауылға мал дәрігері болып жұмысқа кірген ол жеті жыл еңбек етеді. Кейін жұмысын кеңейтуге байланысты жұмыстан шығады. Алайда мамандығының пайдасы өз шаруасына да тиіп отыр. Яғни, қора-жайындағы малдарын өзі емдейді.
Ал, жұбайы Гүлзира болса, ауласынан ашқан дүкенде сатушы.
Қара шаңырақта ұлы мен келіні Бекжан мен Аяжан да тұрып жатыр. Барлығы еңбектің арқасында тату-тәтті, берекелі ғұмыр кешуде. Отбасының ұйытқысы, аналары Гүлшат Асанова мектепте мұғалім.
Үй іргесіндегі жерді тиімді пайдалану мақсатында несие алғандардың бірі – Жаңаталап ауылының тұрғыны Бақытжан Әлиасқаров. Бақытжан орта білімді. Бүгінде “Жаңаталап” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде қойма меңгерушісі әрі “Жаңаталап” балабақшасында қарауыл болып жұмыс істейді.
Ауылдықтарға жеңілдетілген пайызбен несие беріледі дегенді естіген ол да отбасымен ақылдасып, жоспар құрып, несие алуға әрекет етеді. Нәтижесінде үй іргесіндегі жерін тиімді пайдалану мақсатында 2,5 млн теңгеге қол жеткізіп, ауласындағы жеті соттық жерге картоп және сырттағы үш гектар жеріне бидай егеді.
-Картоп тұқымы да, оған себілетін тыңайтқыш та Өндірістік кооператив есебінен берілді. Сонымен бірге, жерімізді техникасымен жыртып, егіп берді. Бұл біз үшін үлкен көмек болды. Жеті соттық жерге 20 тор қап картоп тұқымын ектік. Жаз бойы күтіп-баптадық. Нәтижесі жаман емес, 20 тор қап картоптан үш тонна өнім алдық. Картобымыз қазір қоймада тұр. Енді картобымызды өткізуге де көмектесеміз деп отыр. Жалпы несие ауыл шаруашылығын дамытуда, ауылдағы ағайынға өте тиімді екен. Халық дән риза деп ойлаймын,- дейді Бақытжан Әлиасқаров.
Шындығында “Қарапайым заттар экономикасы” жобасы ауылдың берекесін арттырды. Ауылдағы мал басы көбейіп, халық жұмысты болып, нәсібесі артты.
Халықтың азық-түлігін, киімін, басқа да күнделікті пайдаланатын заттарын өз елімізде өндірмейінше, халықты жұмыспен қамтып, жағдайын көтеру мүмкін емес. Ақтөбеліктердің қолына “қармақ” берген жоба әрі қарай да жалғасын тапса, нұр үстіне нұр болар еді.
Суреттерді түсірген
Сәбит КҮЗЕМБАЕВ
Перизат ШЫМЫРТАЙҚЫЗЫ,
«Jańa ómir»