Basty bet

Облыстық байқауда өнер көрсетеді

Би өнері – ерте заманнан қалыптасқан, халқымыздың аса бай ауыз әдебиетімен, ән-күйлерімен, дәстүрлі тұрмыс салтымен біте қайнасып келе жатқан ел мұрасы болып табылады. Осы ретте, ежелгі би өнерінің дәстүрі мен өрнегін сақтап, өзінің рухани қазынасымен ұштастыра отырып, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан төл өнеріміздің қадір-қасиетін, тәлім-тәрбиелік мәнін тиісті деңгейде жалғастыру мақсатында 27 сәуірде “Би әлемі” атты би ұжымдарының облыстық байқауы өткізілмек. Байқаудың өтуіне Жамбыл облысы әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы облыстық Халық шығармашылығы орталығы ұйытқы болуда.

Аталған байқаудың аудандық кезеңі өткен аптада “Достық” мәдениет үйінде өтіп, онда бес би ұжымы бақ сынап, өнер көрсетті.
Байқауды “Қызғалдақ” ән-би ансамблінің өнерпазы Мәлік Мықтыбеков әсем әнімен шашу шашып, ашып берді. Одан кейін №1 Балалар өнер мектебінің “Кербез” би ансамблінің бишілері және “Аула” клубының “Шолпы” би тобының бүлдіршіндері қазақтың ұлттық биін мыңбұрала биледі.
Кезек байқауға қатысушы би ұжымдарына беріліп, олар екі кезең бойынша сынға түсті. Яғни, бірінші кезеңде қазақтың ұлттық биін билесе, екінші кезеңде әлем халықтарының биін биледі.
Бірінші болып сахнаға №1 Балалар өнер мектебінен “Алау” би ұжымы шығып, байқаудың шымылдығын ашты. Ал, №4 Балалар өнер мектебінің “Шақпақ” би ұжымы “Қазақ” биін билесе, “Аула” клубының “Айкөркем” би тобы “Ата толғау” биін ұсынды. Байқауда “Қызғалдақ” ансамблінің бишілері “Мерекеге шашу” биін, №2 Балалар өнер мектебінің “Томирис” би тобы “Шаттық” биін мыңбұрала билеп, сахнаның көркін келтірді.
Ал, екінші кезеңде би ұжымдары классикалық “Хорезм” өзбек және орыс биін биледі. Би ұжымдарының ішінде “Қызғалдақ” ансамблі бишілерінің ұсынған орыс биінде әннің желісінде сюжет қойылып, көрерменнің ықыласына бөленді. Әндегі ойды сахна төріндегі мыңбұралған бишілер бидің әсем қимылымен жеткізе алды.
Би ұжымдарының өнерін аудандық халық шығармашылығы және мәдени демалыс орталығының жасөспірімдер және жастармен жұмыс бөлімінің меңгерушісі Назипа Тұранқызы, халық шығармашылығы және мәдени демалыс орталығының әдістемелік бөлім меңгерушісі Гүлжан Жексенбекқызы, №1 мектеп-гимназияның би жетекшісі Жанна Досыбаева және аудандық “Жаңа өмір-Новая жизнь” газетінің тілшісі Айгүл Аманқұл бағалады.
Байқаудың нәтижесінде Бас жүлдені “Қызғалдақ” ән-би ансамблінің бишілері қанжығасына байласа, І орынды “Айкөркем” би ұжымы жеңіп алды. Аталған екі би ұжымына облыстық “Би әлемі” атты би ұжымдарының байқауына жолдама берілді. Алдағы уақытта олар ауданымыздың өнерін облыс төңірегінде паш етіп, бақ сынайтын болады. Сонымен қатар, сайыстың ІІ орны “Шақпақ” би ұжымына бұйырса, ІІІ орынды “Томирис” би тобы иеленді. Ал, байқауға белсенділік танытып, өнер көрсеткені үшін “Алау” тобы Алғысхатпен марапатталды.
Сондай-ақ, байқауда өнер көрсеткен “Кербез” және “Шолпы” би ұжымына да алғыс білдіріп, Алғысхат тапсырылды. Би сайысына өнерлі қыздарды дайындап, қатыстырғаны үшін би ұжымының жетекшілеріне де Алғысхат берілді.

Айгүл ҚАЛЫМХАНҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close