Basty bet
Жастар — жарқын болашақтың бастауы
Өткен аптада Ақсай ауылдық округіндегі Қайрат ауылдық мәдениет үйінде Халықаралық жастар күніне орай «Жастар – жарқын болашақтың бастауы» тақырыбында мерекелік шара өтті. Шараға аудан әкімі Жалғас Мұртаза, аудандық мәслихаттың төрағасы Зиядхан Бүрлібаев, құқық қорғау органдарының және төтенше жағдайлар бөлімінің басшылары, сондай-ақ, аудан жастары қатысты.
Мерекелік жиын Мемлекеттік Әнұранның орындалуымен басталып, Жастар ресурстық орталығының жастармен атқарып жатқан жұмыстары туралы бейнеролик көрсетілді.
Биыл аудандық Жастар ресурстық орталығының құрылғанына 20 жыл толып отыр. Осы уақыт аралығында орталық жастарды ортақ мақсатқа біріктіріп, олардың қоғамдық өмірге белсенді араласуына және түрлі бастамалары мен жобаларын жүзеге асыруына қолдау көрсетіп келеді. Бұл туралы Жастар ресурстық орталығының директоры Сәбит Қадыров мекеменің 20 жылдық тарихына тоқталып, қазіргі таңда атқарылып жатқан жұмыстар мен жастарды қолдауға бағытталған жобалар туралы баяндады.
Орталық директорының сөзінше, ауданда жастарды қолдау бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде. Ауданда 18 мыңнан астам жас бар, бұл аудан халқының 34,5 пайызын құрайды. Жастарды жұмыспен қамту бағытында да нақты нәтижелер бар. 2026 жылдың есепті кезеңіне дейін аудандық Мансап орталығына 484 жас жұмыссыз ретінде тіркеліп, олардың басым бөлігі тұрақты және уақытша жұмыспен қамтылған. Сонымен қатар, жастар «Жастар тәжірибесі», қоғамдық жұмыстар және кәсіпкерлік негіздерін оқыту бағдарламаларына тартылған. Нәтижесінде, жұмыссыз жастар саны 24 адамға дейін төмендеген.
Жастардың қоғамдық белсенділігін арттыру мақсатында 2026 жылдың қаңтар-шілде айларында аудан бойынша мемлекеттік жастар саясатының 11 бағыты аясында 1 295 іс-шара ұйымдастырылып, 46 850 жас қамтылған. Сонымен бірге волонтерлік қозғалыстың 22 бағыты бойынша 259 іс-шара өткізілген.
Жастарды қолдау мәселесіне аудан басшылығы тарапынан да ерекше көңіл бөлінуде. 2025 жылдың мамыр айынан бастап жастарға көрсетілетін қолдауды арттыру мақсатында 30 пайыздық қосымша үстемақы енгізілген. Ал, биыл Жастар ресурстық орталығының мамандарына қызмет сапасын арттыру үшін 15 заманауи ноутбук табысталған. Бұл шаралар аудан жастарының жұмыспен қамтылуына, қоғамдық белсенділігінің артуына және жаңа бастамаларын жүзеге асыруына қолайлы жағдай қалыптастыруға бағытталған.
Жиында аудан әкімі Жалғас Мұртаза жастарды Халықаралық жастар күнімен құттықтады.
– Баршаңызды Халықаралық жастар күнімен шын жүректен құттықтаймын! Жастар елдің ертеңі, бүгіні және болашағы. Мемлекеттік саясаттың негізгі басымдықтарының бірі – жастарды қолдау. Бүгінде елімізде жастардың жан-жақты дамуына мүмкіндік беретін ауқымды мемлекеттік бастамалар жүзеге асырылуда. Жастардың қолжетімді және сапалы білім алуы, саламатты өмір салтын қалыптастыруы, бос уақытын тиімді жұмсауы үшін елді мекендерде жыл сайын жаңа мектептер мен денсаулық сақтау нысандары, спорт кешендері салынуда. Өткен жылы жалпы екі спорт нысаны іске қосылса, биыл бір спорт нысаны пайдалануға берілді. Жыл соңына дейін Боралдай ауылдық округінің Көлтоған ауылынан соғылып жатқан спорт кешенінн пайдалануға беретін боламыз. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, алдағы екі жылда аудандағы елді мекендерді 100 пайыз заманауи спорт алаңшаларымен қамту жоспарда бар.
Елімізде барлық салада іске асырылып жатқан реформалардың игілігін көретін де Сіздер. Ағымдағы жылдың 1 шілдесінен бастап күшіне енген жаңа Конституция – еліміздің даму жолындағы маңызды қадам болды. Осы тарихи өзгерістерді дұрыс түсініп, оның мәні мен маңызын терең сезіну – әрбір жастың азаматтық жауапкершілігі.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Жастарымыз отаншыл, білімпаз, еңбекқор, үнемшіл, әділ әрі жанашыр болуы қажет» деп атап көрсеткендей, бүгінде жастарымыз ауданның қоғамдық өміріне белсенді түрде араласып, «Таза Қазақстан», «Жасыл ел», «Заң мен тәртіп» секілді маңызды бастамаларға өз үлестерін қосып келеді. Биылғы жылдың Цифрландыру және жасанды интеллект жылы, халықаралық Волонтерлар жылы деп жариялануы – Сіздер үшін үлкен мүмкіндік! Жасанды интеллект, цифрлық технологиялар, инновация және IT салаларын меңгеріп, жаңа идеяларды жүзеге асыру арқылы елдің цифрлық дамуына өз үлестеріңізді қосады деп сенеміз.
Волонтерлік – өзгеге көмектесу ғана емес, азаматтық жауапкершілікті сезіну, жаңа тәжірибе жинақтау және қоғамның дамуына өз үлесіңді қосу. Әрбір игі іс – қоғамға қосылған үлес. Еңбекқор, патриот адам құқықбұзушылыққа, қылмысқа, басқа да зиянды әрекеттерге бармайды. Ауданның барлық жастарын Президент ұсынған«Адал aзамат» болуға, ұлы ақын Абай айтқан бес нәрседен қашық, бес нәрсеге асық болуға шақырамын. Біз Сіздермен мақтанамыз, өздеріңіз сияқты жастарға үлгі етеміз. Сіздерді, бойларыңыздағы күш-қуат пен білімдеріңізді ауданның дамуына жұмсап, елге адал қызмет етудің жарқын үлгісін көрсетеді деп сенеміз,- деген аудан әкімі Жастар ресурстық орталығының қалыптасуы мен дамуына үлес қосқан, әр жылдары орталыққа басшылық жасаған азаматтарды арнайы марапаттап, жастармен жұмыс жолындағы еңбектеріне алғыс білдірді. Сонымен қатар, белсенді жастарға аудан әкімінің Алғысхатын табыстады.
Сондай-ақ, жиында аудандық мәслихаттың төрағасы Зиядхан Бүрлібаев, аудан прокурорының орынбасары Асылхан Тілешов, аудандық полиция бөлімінің бастығы Сәбит Мамытбеков және аудандық төтенше жағдайлар бөлімі басшысының міндетін атқарушы Мейірхан Әлімбеков жастарды мерекелерімен құттықтап, қоғамдық жұмыстарға белсенді араласатын, түрлі бастамаларымен көзге түскен бірқатар жасты арнайы марапаттады.
Шара “Қызғалдақ” ән-би ансамблі әншілерінің орындауындағы патриоттық әндерге ұласты.