Basty bet

Мәселе заңда емес – санада

Табиғатқа деген сыйды жоғалту адамзаттың адамгершілік құндылықтарын жоғалтуға әкеліп соқтырады. Қазіргі кездегі әлемдегі экологиялық жағдай адам көзқарасының өзгеруін талап етеді.
Адам баласы табиғаттың ең ұлы перзенті ғана емес, ең ұлы қамқоршысы екенін соңғы жылдары ұмытып бара жатырмыз. Табиғат – барлық игіліктің бастауы. Сондықтан табиғатты қорғап, үйлесімділікпен өмір сүру – парызымыз.
Адам мен табиғат – егіз ұғым. Оның бірінсіз бірінің күні жоқ. Бірақ, кейбір адамдардың табиғатқа деген немқұрайды көзқарасы табиғатқа да, адам баласына да үлкен залалын тигізуде.
Басқа-басқа аудан орталығында тұрғындар тұрмыстық қалдықтарды қайда тастаймын деп бас қатырмайды. Себебі, жеке қалдық шығарушы азаматтармен келісімшартқа тұрсаңыз, аптасына бір рет көше-көшемен жүк көлігімен арнайы жүріп өтіп, қалдықтарыңызды алып кетеді. Алайда, қалдықтарын жинап, көше соңы мен бос жатқан жерлерге алып келіп тастап кететіндер әлі де түзелер емес. Жылдың қай мезгілі болсын, оларға бәрібір.
Қыс келгелі жер бетін аппақ қар жауып, адам баласының қолдан жасаған былық-шылығын жауып тастады. Айнала аппақ, ауа тап-таза. Осыны көрген адам біраз ойланып, бұл ісін қайта жасамауы керек еді ғой. Бірақ олай емес.
Қардан кейін таңертең Зиябек Толымбаев көшесімен жұмысқа бара жатып қарасам, көше соңындағы көпірден сәл ғана бері аппақ қардың үстіне адамдар қоқыстарын қайта тастап үлгеріпті. Кешкісін қарасам, ол қоқыстар мүлдем көбейіп кеткен. Сорақысы, өлген ит, мысықтарының өлекселерін де тастаған. Ол жерден көп жүретін әсіресе, оқушылар. Балалар қоқысты басып өтіп жүр. Енді қайтпек? Қоқыс шашылып жолдың екі шетін жауып қалған. Оны тастайтындар сол төңіректегі адамдар. Басқа ешкім емес. Өкініштісі, осы бейберекет әрекеттеріне ойланбайтындықтары. Көктем, жаз, күз айларында бұл жерді ауылдық округ әкімдігі тарапынан ұйымдастырылып тазалап тұрады. Бүгін тазалап кетсе, ертесіне қайта тастайды. Мұндай жағдай бұл жерде ғана емес, әр көшеде, әр ауылда да кездеседі.
“Отан отбасынан басталады” деген. Туған үйің, көшең, ауылың – туған Отаныңның бір бөлшегі. Отбасында осындай немқұрайды іс-әрекетті көріп өскен, көшеден осыны көріп, көзі үйренген жас ұрпақ ертең не істейді? Жастарды экологиялық мәдениетке тәрбиелеу үшін бірінші үлкендер өзімізді тәрбиелеуіміз керек.
Ұлтымыз жаңа сапаға көшуі үшін біздің күнделікті өмірлік ұстанымдарымыз да өзгеруі керек. Президентіміз айтқандай, мәселе экологияда емес – отаншылдықта, заңда емес – санада. Сондықтан үлкендерден табиғатқа деген мейірімді көрмеген, табиғатты аялауға дағдыланбаған бала өскенде туған жеріне жаны ашымайды. Ал, туған жерге жаны ашымаудың салдары да қиын болары анық. Сондықтан, осындай жағдайларға бей-жай қарамай, қоғам болып түзейікші!..

Перизат Шымыртайқызы,
“Жаңа өмір”

Таңдаулы материалдар

Close